Posted in

СІЛКІП САЛАР СЫРМАҒЫ (КӨРПЕ-ЖАСТЫҒЫ) ЖОҚ

Сіңірі шыққан кедей. ~ Ал, «құттыхананың» сырты түгіл, іші тозуында да қисап жоқ, сырты жалба-жұлба, қара құрым бұл үйдің кереге-уықтарының да тозығы жетіп, алқам-салқам болған, үй содан жыл сайын кішірейе келіп, ақырында күркеге айналған. «Сілкіп салар сырмағы жоқ» дегендей, бұл күркеде жасау-жиһаз деген жоқ. С.Мұқ. ~ Мынау аз аталы Малдыкөлдің ішінде сілкіп салар сырмағы, шек деп қайырар лағы жоқ сіңірі шыққан кедей Дарханның әкесі еді. О. Бөк. ~ Үш қанат және киіздері соншама ескірген. Сондай-ақ, жалпы жұрттың тұрмыс күйі де тым төмен. Қай шаңырақта да сілкіп салар көрпе-жастық болмайды. Кешегі жаппай ашаршылықта қырылғаннан соңғы, түгел тозғындаған жұрт, бұдан кейінгі бесалты жылда ес жиып үлгермеген, жарлы-жалбағай, кембағал күйде қала берген. М.Мағ.

Posted in

СИҚЫ (СЫЙҚЫ) КЕТТІ

Сәнінен айрылды, өңі кетті. ~ Ыңқылдап, күрсілдеп тер пұшпағынан атып, әлденеше дем алып ақшам әлетінде Арбабай аулына әрең жетті. Ол ауылдың да сиқы кеткен. Әбігер. Олар да азықсыраған. Пішені біткен. Олардың да қорегі қатықсыз қара көже. Ж.Айм. ~ Жақсыбай сиқы кеткен Арманның үйіне келгенін ұнатқан жоқ. І.Ес. ~ Қыс бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы суреттердей жадырай қалған. І.Ес. ~ «Қазір сол, сыйқы кеткен құр қуыс кеуде болыпты да… өзім болсам, неге жүргенімді де, не боларымды да білмейтін жан болыппын…» Л.Толс.

Posted in

СИҚЫ ҚАЛМАДЫ

Түр-түсінен түк қалмады, өңі адам шошырлық. ~ Базардың да базар сиқы қалмапты. Тізіліп отыратын шемішкеші әйелдердің орнында зәңкиіп қос қабатты үй тұр. Қ.Жиен. ~ Әйелдің адам сиқы қалмаған бет алабы – маңдайы, мұрны, әсіресе, шыт-шыт жарылған ерні құдды ошаққа құлап отқа күйгендей қара қошқылданып, ажар-әлпеті мүлде бұзылып кеткен-ді. Ә.Нұрп.

Posted in

СИҚЫРЛЫ САЗ

Адамды баурап алатын, әсері күшті әуен, ән, ғажайып музыка. ~ Бірде күшейіп, біресе саябырлап, сиқырлы саз бойды ұйытып барады. К.Қаз. ~ Кеудем ылғи әлдеқандай әсем әуен, ғажайып үнге толып жүретін. Жүрегімді сиқырлы саз әлдилейтін. Енді түк те қалған жоқ. Дүние сүреңсіз, тіптен жиренішті. Ж.Шағ.

Posted in

СИПАТ ТАНЫТТЫ

Бағытын байқатты; сырын паш етті. ~ Бір байқағаны — мұнымен сөйлескен кезде Президент жарқ-жұрқ етіп жоталанып, ерекше сипат танытып нұсқаланып отырды. Д.Дос. * Дегенмен, аталмыш заң тек діни бірлестіктердің қызметіне қатысты кейбір мәселелерді реттеуге ғана бағытталғандай сипат танытты. БАҚ. * Одан әрі ақындық хақында сөз қозғап, сырласқандай сипат танытты. Ә.Рах.

Posted in

СИЫР СУДАН ЖЕРИДІ, СУ СИЫРДАН ЖЕРИДІ

Әркім үйренген нәрсесін артық санайды д.м. ~ Сиыр малының сондай пул болуына-қарамай, қазақ бұл түлікке менсінбеген, кемсінген көзбен қарап келді. Оған: қылығы оғаш адамды «сиырмысың!» деп сөгуі, «су сиырдан, сиыр судан жериді» деуі, қонаққа сиыр етін асып беруді қорлау деп түсінуі, тағы тағыларды жатқызуға болады. С.Мұқ. ~ Әріп насаттанды: – Е, ол жаужұмыр-ды! Бәзелбек үйіне келгенде Әріптің мінезін еске түсірді «Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді!» Т.Әлімқ.

Posted in

СИЫР ТАҢДАЙ

Ала-бажақ, кедір-бұдыр. ~ Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық дала мен сиыр таңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көлдің табандары мен қазан шұңқырлары алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құяр еді. Т.Әбд.

Posted in

СИЫР ТАҢДАЙЛАДЫ

Жолақ-жолақ, бұдыр-бұдыр із қалдырды. ~ Қар бағанағыдай емес, қиғаш ұшып сабалап жауады. Жел көбендеген жұмсақ қарды сыпыра ұшырып, сиыр таңдайлап, әдемі сурет салып жатыр. О.Бөк. ~ Дюраллюминмен шегенделген жеп-жеңіл қайық суға салып едік, астаудай ойнақтап тұр, ескекті жалата есіп, желсізде сиыр таңдайланып лып-лып толқып жатқан айдын бетімен сырғи жөнелдік. Т.Сәу.

Posted in

СИЫР ТҮС

Ұлы сәске, күн барынша қызған шақ. ~ Жүре-жүре күн сиыр түс болғанда қарамы мың жарымдай қойды қаптатып айдап келе жатқан жастау қойшы көлденең кезікті. І.Жанс. * — Онда бұлай етіп «кіш-кіш» деп бұзау қайырған жанша сиыр түсте ауылға келмейді. Х.Ес.

Posted in

СИЫР ТҮС МЕЗГІЛІ (КЕЗІ)

Халықтық уақыт өлшемі. Үлкен сәске, күн қызған кез. ~ Құда–құдағилар төртінші күні сиыр түс мезгілінде аттанды. Бикен шешесінен жылап айрылды. Топаны ондай ірі қара мал айдап, бір түйе жүкпен аттанған құда–құдағилар ауылдан ұзай берді. Б.Жұм. * Е, иә, содан үшеуіміз тойлы жерге сиыр түстің мезетінде сау ете қалайық. К.Сег. * Құда-құдағилар төртінші күні сиыр түс мезгілінде аттанды. Б. Жұм. * Барлап қараса талай жерді артқа тастап, сиыр түс кезінде Өлгейден шықса да қас қарая Бурят сайының аузына жетіп қонды. Е.Мұх.