Ұлы сәске, күн барынша қызған шақ. ~ Жүре-жүре күн сиыр түс болғанда қарамы мың жарымдай қойды қаптатып айдап келе жатқан жастау қойшы көлденең кезікті. І.Жанс. * — Онда бұлай етіп «кіш-кіш» деп бұзау қайырған жанша сиыр түсте ауылға келмейді. Х.Ес.
Автор: Админ
СИЫР ТҮС МЕЗГІЛІ (КЕЗІ)
Халықтық уақыт өлшемі. Үлкен сәске, күн қызған кез. ~ Құда–құдағилар төртінші күні сиыр түс мезгілінде аттанды. Бикен шешесінен жылап айрылды. Топаны ондай ірі қара мал айдап, бір түйе жүкпен аттанған құда–құдағилар ауылдан ұзай берді. Б.Жұм. * Е, иә, содан үшеуіміз тойлы жерге сиыр түстің мезетінде сау ете қалайық. К.Сег. * Құда-құдағилар төртінші күні сиыр түс мезгілінде аттанды. Б. Жұм. * Барлап қараса талай жерді артқа тастап, сиыр түс кезінде Өлгейден шықса да қас қарая Бурят сайының аузына жетіп қонды. Е.Мұх.
СИЫРҒА ЕР-ТОҚЫМ ЕРТТЕГЕНДЕЙ (САЛҒАНДАЙ)
Мүлде жараспайды д.м. * Бұл жерге келгенде өлеусіреген жүрекпен ақырын ғана иек қағудың орнына, Ғаббас хатты бір жолдасына лақтырын тастап, сақылдап күліп еді. Бұл сұлу жыр мына жерде сиырға ер-тоқым ерттегендей үйлеспейтін, жадағай күй болып сезіліп еді. М.Әу. ~ Батыстық іскерлік пен эмансипацияға негізделеген бұл үлгілер көбіне олардың бойына жараспай, сиырға ер-тоқым салғандай әбес көрініп жататыны да өтірік емес. О.Жәл.
СӘТІ ТҮСТІ (КЕЛДІ)
Орайы келді, жол болды. ~ Бұл ауылға келіп көруге сылтау таба алмай жүруші ем. Бүгін сәті түскен сияқты. Тек енді сен ағаңа қол ұшын бер. С.Жүн. ~ Енді біз дос болайық қияметтік, Өзіңді кездесер деп үміт еттік. Тап бүгін сәті түсіп жолықтық біз, Мақсатқа ойлап жүрген ақыр жеттік. Н.Әбут. ~ Атқарушы шалға. ілесіп бара жатып Санат біздерге қарап қалтасын ұстап, жымыңдап көзін қысып қойды. Онысы, сәті түссе бүгін де бауырсақты толтырып әкелем ғой дегені еді. Ө.Кәр. ~ Сол күні суда атып келе жатқанда, "Біткен сағатым осы" деп ойлаған. Бірақ өлімнің құшағында болса да, сәті келіп қана аман қалды. М.Әу.
СӘТІМЕН КЕЛДІ
Уақытында, орайымен болған уақиға туралы. ~ Қой, ауыз ауыртпайық. Аман болсақ әуселесін әлі-ақ көресің. Сәтімен келген жем де дәтке қуат. Жүр, мал келмей тұрғанда қораға тасып, жайғап алайық. М.Қаб. ~ Сәтімен келген қонақ екен. Біраз ойын-сауық жасап, қона жатқызып жібергенің мақұл!— деп, шайдан соң тысқа шыққан Мұсабайға ақыл салған. М.Әу.
СӘТІН САЛҒАНДА
Орайы болғанда. ~ Сәтін салғанда жардың екінші беті түйетайлау, көтерілуге ыңғайлы екен. Етектен шыққан Сүйінғара тобы бірден лап қойды. М.Әбдіх. ~ Бекет танымайтын біреудің бет-аузын арендаға алмай-ақ қойдым деп телефонға жоламай рацияға отырған. Сәтін салғанда директор кабинетінде болып шықты. Қ.Ысқ.
СӘТІН САЛДЫ
Жолы болды, сәті түсті. ~ Тек жаратқан өзі кеңшілігін берсін де. Сәтін салса, тәуір боп кетермін. Т.Сәу. ~ Бірақ тағы ескертемін. Біздер көрінбей сендер де қылп етпеңдер, тек осы шартқа берік болыңдар. Сәтін салғанда жардың екінші беті түйетайлау, көтерілуге ыңғайлы екен. Етектен шыққан Сүйінғара тобы бірден лап қойды. М.Әбдіх.
СӘУЛЕ (СӘУЛЕСІ) СӨНДІ
Қараңғылық орнады. ~ Күнәнің куәсі боп қалмау үшін, Күн батып, сам жамырап, сәуле сөнді. І.Жан. ~ Күміс білезігіне терезеден созылып түскен сәуле сөніп жанады, сөніп жанады; қолы қалтырай ма, қалай? М.Қаб. ~ «О, опасыз… Қадір– қасиетсіз. Сүйем… Сүйем дегенің сүмдығың ба еді? Көңілімдегі бір сәуле сөнгендей болды». Жанқалтамнан шылым алып, тартпақ боп сырт айналдым. Сіріңкем лып ете сөніп қала береді… М.Сүн. ~ Кішкене таң боп атамын Сәулесі сөнген баулардан. Сені іздеп келе жатамын Аңырып тұрған таулардан. Ө.Нұрғ.
СӘУЛЕ СЕПТІ
Айналасына жарық түсірді, сәуле шашты. ~ Күн жазира шөлістан тынысын кеңейткендей, көкірегіне сәуле сепкендей. С.Ел. ~ Ай сәулесі оның жатын орнына әлі де аппақ сәулесін сеуіп тұр. Баяғы көркем сурет мүлдемге ғайып болған. Ж.Шәк. ~ Жан түкпіріне сәуле сеуіп көкірек қуысында рауандап таң атқандай. С.Ел. ~ Кеудеңдегі шамыңмен өзгелердің жанына жарық түсір, нұр сыйла, сәуле сеп! Ең үлкен парыз-қарызың осы!” И.Сап.
СӘУЛЕЛІ БОЛАШАҚ
Жарқын келешек. ~ Білімге құлаш ұрып ұмтылган сайын сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады. М.Әбдіх.
