Posted in

СӘУЛЕСІ ӨШТІ

Қараңғылық орнады. ~ Қыздың қиылған қасындай иілген имек Ай бұлт қойнына тағы да сүңги бастаған.Өлеусіреп сәулесі өшіп бара жатты. Т.Рыск. Ізі өшті, сөнді. ~ Үнінде немкеттілік, тіпті, жымысқы кекесін де бар сияқты көрінді. Қабағы томпақтаудөңгелекше жанары қысқа сәтке зілді ызғармен жалт етіп, ізінше сәулесі өшті. Ж.Шағ. ~ Жүректе сезімнің сәулесі өшпеді, Сен жүрсің елестей, Ұмыта алмасам кеш мені, Менімен егеспей. Қаңтарда жаурадым, қалтырап, Сезімді жүректе жылыттым.. М.Сүй.

Posted in

СӘУЛЕСІН ҚҰЙДЫ

Нұрын төкті, жарық сыйлады. ~ Әлемге сәулесін құйып тұрған сұлулық падишасы Хансұлудың ай дидары! Тоймай қарайды Едіге, аспандағы сол дидарға. С.Ел. ~ Аспандағы ай сәулесі жер бетіне сүт сәулесін құйып тұр. Үйден шыққан Шөке іш құсталығын жалын атқан күрсінумен ортайтпақ. Б.Жұм.

Posted in

СӘУЛЕСІН ТҮСІРДІ

Нұрын сеуіп, жарықтандырды, елес берді, сезім сыйлады. ~ Екі шалдың сол қаяусыз қарым-қатынасы жастары алшақ жатқан Сүкең мен Сәрәлдің арасына да сәулесін түсіргендей. М.Қаб. ~ Адам жүрегіндегі жылылық бейне бір атып келе жатқан таң шапағаты секілді. Бүкіл дүниені нұрға бөлейтіндей адамдық ықылас ішкі әлемге де сәулесін түсіреді. Ә.Ысқ.

Posted in

СӘУЛІМ БОЛДЫ

Бой жетті. ~ Қыздар сәулім болғанда жүріс түзер (Халық әні). ~ Ой жағалап ойнақтаған шұнақ қара қасқа лақша ыршып- ыршып түскісі келеді. Бірақ Күнікей ыршымайды: ол енді өзінің сәулім болғанына көзі жетті. Сәулім болса, бала қаздай байпаңдап, салмақпен жүру керек. Ж.Айм.

Posted in

СӘУРІК АЙҒЫР

Үйірге түсе бастаған жас айғыр. ~ Кең далаға кішкентай үйірін сыйғызбай, тырқыратып қуалап болатын сәурік айғыр бар да, қыдыр дарыған байдың кереге жал құтпан айғыры бар-ау. Мен де сені келешекте сол құтпан айғырдай үйіріне тыныш, ақылы алдында, ашуы соңында жүретін зәбірсіз жан бола ма деуші едім. Ә.Нұрп. ~ Құла жирен сәурік айғыр екі байталды алдына сала қуып ала жөнелді. С.Бег.

Posted in

СӘУРІК АЙҒЫРДАЙ

Өрекпіген, алып ұшпа, алып соқпа мінезді ер адамға қатысты айтылады. ~ Есер топ одан сайын мәз болады. − Әй, сәурік айғырдай қақшаңдаған мына немені де сүйтсек қайтеді! Ә.Кек. ~ Жайнақ құшағынан жерге түсіріп, айбат шеккен бейнемен одырая қарады. Анау бұрынғы дағдысымен, сәурік айғырдай кіжіңдеп, «әкеңнің…» деп, келдегін көтере ұмтылып еді… С.Мұқ. ~ – Қош, қазақтың бетке ұстаған ғалымдарын институттан қудың. Анайы тілмен айтқанда, сәурік айғырша сауырлап талап, әлі де қуып жатсың. Ә.Нұрп. ~ Үйірдегі жасамалы айғырдай өлі ешкімге билік бермеймін деп жүрген шешен биді, сәурік айғырдай төтеден қосылған Ақан алмастай азуымен тура шоқтықтан қыршып, шоңқитып кеткен. С.Жүн. ~ Есейіп, ер-азамат болғанша Орағымды да ұрушы ең — ау, сен шал. Үйірінің берекесін алатын жаман сәурік айғыр сықылды ол нең ол? Қ.Ысқ.

Posted in

СИ ДЕСЕ СИГІЗДІ

Айтқанын істетті, әмірін жүргізді. * Е, қойшы әрман, кәрі кісіше мақалдамай! Көксауда не келбет бар? Бір жұрын. Сонда да алпыс үй Жаманқұсты си десе, сигізіп… отыр. Көктұмсықта не түр бар? О да ауылнай боп пәлен етіп, түген етіп жүр… деп елдегі атқа мінер, пысықтарды, сұмдарды санай бастады. Ж.Айм.

Posted in

СИДАМ (СИДАҢ) БОЙЛЫ

Серейген ұзын бойлы, арық адам туралы. * Солаң етіп қай жақтан шыға келгені белгісіз, сидам бойлы бір жігіт көлеңкедей қалқайып қасыма тұра қалды. Шашы, қасы қап-қара, шүңіт көз, аққұба, әдемі жігіт. Т.Сәу. ~ Ызбары бетіне шауып, бас уәзірін шақыртқан. Көзінде ара-тұра жылт етерлік нұры бар, шоқша сақалды, сидаң бойлы ұйғыр шатыс Бақты-Қожа хан сарайына имене еніп: — Хан ием, келіп тұрмын, — деп тағзым етті. Ә.Ыб.

Posted in

СИДАҢ АЯҚ

Сидиған, ұзын сирақты адам. ~ Біреуге ағыл-тегіл жыр біткенмен, Ақыл мен мінез бітпес құр күткенмен. Жан көп қой сыңар бақыт, с и д а ң а я қ, Атаққа бір жамбастап жылжып келген (Ғ.Қайырбеков, Торғай.). Қазақтың тоқпақ жалды, мықты жылқысымен аралас қаз мойын, с и д а ң а я қ түрікмен жылқылары да көзге түседі (І.Есенберлин, Қаһар). Тәпелтек Санат с и д а ң б ұ т жігіттерге ілесе алмады (С.Сарғасқаев, Біз төртеу.).