Posted in

СЕРТ БҰЗДЫ

Сөзінде тұрмады, берген антын аяққа басты. ~ Сертті бұзудан артық сорақылық жоқ! Кез келгенге, жолыққан жанның бәріне серт беріле, уәде айтыла бермесе керек. И.Сап. ~ Айтылған сөз – атылған оқ. Сөзді аяқасты ету, сертті бұзу – жазмышыңды ойыншық ету. Д.Дос. ~ Бірақ, ей балам, ол күнді көрсем, серт бұзғаның үшін жылдар өтсін өкініп жыламақ тұрмақ, әкеңнің аруағын аяқ асты етті деп, күңірене түсем. Ж.Ахм.

Posted in

СЕРТ ҚЫЛДЫ

Ант ішті, уәделесті. ~ Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып, Серт қылып, бір- біріне уәде берген. Абай. ~ Үсен, мақтанасың ғой, – дейді Салахиддин. Мақтанасың ғой дегеніне намысы келіп, Үсен серт қылып: – Сол қияға шықпасам, өзім қия болайын, – дейді. Ә.Бөкей. ~ Егер сен осы вагонмен Семейге жететін болсаң, мен Кәрім болып жаралмай жерге кірейін!—деп серт қылады. І.Жанс. ~ Төстік жүрерде Кенжекей Құба інгенді бураға шөгереді. «Не Төстік өлді деген күні ботала, не Төстік келді деген күні ботала!» – деп серт қылады. "Ер Төстік".

Posted in

СЕРТІМ СЕРТ

Айтқан сөзімне, берген уәдемнен өлсем де қайтпаймын д.м. ~ Үш күннен кейін жеңгесі арқылы қыздан хабар алдым. Ол сертім серт, өлсем бірге өлемін, тек жаз шықсын, оған дейін екеумізге киім әзірлей берсін депті. Ә.Әб. ~ Мені алдап… жолға тастап кетпейсіз бе? — Уәдем — уәде, сертім — серт! — деді Тоқаш Айбаланың дір-дір еткен білегінен ұстап. — Маған сүйген жар бол. Б.Тоғ.

Posted in

СЕРТІНДЕ ТҰРДЫ

Берген сөзіне адал болды. ~ Мұжықтар да ақымақ емес қой, келісе кетеді. Ол сертінде тұрып, тегі, шіріген бай көпес болса керек… тұтас бір мыңдаған сом ақшаны — он мың ба, жиырма мың ба — әйтеуір бере салады. В.Расп. ~ Неге Бану сертінде тұра алмады, Қандай ғана әзәзіл ылаңдады! Алғашқы әнім эфирден шырқалғанда, Неге, неге құттықтап, қуанбады?! М.Мақ. ~ «Сізді ғана сүйем» деп, сертінде тұрып сеніскен, Құдай қосқан қосағым болмақшы болып келіскен. А.Тем.

Posted in

СЕРТКЕ БЕРІК

Айтқан сөзінен, берген уәдесінен таймайтын адам туралы. ~ Енді міне, адалдығыма, сертке беріктігіме көзі жеткен соң, мына бір шағын қонақүйді жекешелендіріп алдық. Б.Тоғ. ~ Соған бола серігі де осында қалып қойып отыр. Сол кемтар серігі үшін бәріне көніп, қақаған қар, көк мұзды жайлап қалған сертке берік құс осы. Адамнан да опалы. Ж.Сәм.

Posted in

СЕСПЕЙ ҚАТЫРДЫ (ҚАТТЫ)

Алып ұрды; естен тандырды. * — Обиып отырған жеріңде сеспей қатырайын ба осы, Қобыландыны білмесең, қай жерің қазақ, ей? М.Қаб. * Өзінің түрі адам шошырлық. Құдды ана жылғы Айбаршаның кейпі. Қоразбай қорқа бастады: мына тас маңдайына тисе ғой, сеспей қатады. Б.Тоғ.

Posted in

СЕТЕР ҚЫЛДЫ

Ежелгі сенім бойынша тәңірге арналған малды ешкім мінбейді, еркімен жібереді. * Ал, Қоңыржан, сен де разы бол! Менің атымды жылқыға сетер қып жіберіп, көзімдей көріп жүрсеңдер, разымын! Қош, көріскенше күн жақсы болсын!.. Қ.Тол. * – Бұл ел боп мінгізген атымыз, Әсаға. Ал өзіңіздің атыңызды бізге мұраға тастап кетіңіз, ырым болсын. Сетер қып жылқыға жіберейік. Қ.Тол.

Posted in

СӘБЕТ САЛДЫ

Қолқа салды. ~ Ендігі бір заматта Қалдарбекке сәбет салғаным бар. Біздің әйелдің алғашқы, тетелес сіңілісін ұзату ыңғайына байланысты. М.Мағ.

Posted in

СӘБИ СЕЗІМ

Балалық, соны көңіл, уыздай жас сезім. ~ Соларға құлағын да қызыға түріп, көзін де қызыға тіккен Жандостың әсерленгіш сәби сезімін қатар келе жатқан әкесінің: — Балам, қалай, шаршадың ба? — деген дауысы бөлді. С.Мұқ. ~ Жым-жырттық басқан сәби сезімнің тұп-тұнық тайыз айдынына сол жұлдыздар тас лақтырып, темір қанат қиял-ойымның қауырсынын жетілдірді. Т.Бер. ~ Кешір мені, өз жаныңа кеш келем, Көкірегімнен сәби сезім өшпеген. Қ.Бұғ. ~ Осынау сәби сезімнің қайғысына масаттанғандай мен орнымнан ұшып тұрдым да, әжеме тіл қаттым: — Ал мені қалай үйлендірмексің? Б.Мом. ~ Қиналу емес, қайта соншалық риза боп, күнәсіз, пәк сәби сезімнің нұрын ажарынан байқатып, о дүниеге өзгеше момақан мінезбен аттанып кеткен. Т.Рыск.

Posted in

СӘБИ СҮЙДІ

Перзентті болды. ~ Ол фәниден ерте кетті. Үйленіп те, сәби сүйіп те жалған дүниенің ләззатын көре алған жоқ, рахатын кейінгілердің сыбағасына қалдырып, уайымын өзімен бірге ала кетті… Қ.Ысқ. ~ Жанға ашпаған сырым бұл… Жалғыз ғана сәби сүйген әйелде не арман бар? Сен екеш сенің не білгенің бар еді? Ғ.Сл.