Posted in

СЕРТІМ СЕРТ

Айтқан сөзімне, берген уәдемнен өлсем де қайтпаймын д.м. ~ Үш күннен кейін жеңгесі арқылы қыздан хабар алдым. Ол сертім серт, өлсем бірге өлемін, тек жаз шықсын, оған дейін екеумізге киім әзірлей берсін депті. Ә.Әб. ~ Мені алдап… жолға тастап кетпейсіз бе? — Уәдем — уәде, сертім — серт! — деді Тоқаш Айбаланың дір-дір еткен білегінен ұстап. — Маған сүйген жар бол. Б.Тоғ.

Posted in

СЕРТІНДЕ ТҰРДЫ

Берген сөзіне адал болды. ~ Мұжықтар да ақымақ емес қой, келісе кетеді. Ол сертінде тұрып, тегі, шіріген бай көпес болса керек… тұтас бір мыңдаған сом ақшаны — он мың ба, жиырма мың ба — әйтеуір бере салады. В.Расп. ~ Неге Бану сертінде тұра алмады, Қандай ғана әзәзіл ылаңдады! Алғашқы әнім эфирден шырқалғанда, Неге, неге құттықтап, қуанбады?! М.Мақ. ~ «Сізді ғана сүйем» деп, сертінде тұрып сеніскен, Құдай қосқан қосағым болмақшы болып келіскен. А.Тем.

Posted in

СЕРТКЕ БЕРІК

Айтқан сөзінен, берген уәдесінен таймайтын адам туралы. ~ Енді міне, адалдығыма, сертке беріктігіме көзі жеткен соң, мына бір шағын қонақүйді жекешелендіріп алдық. Б.Тоғ. ~ Соған бола серігі де осында қалып қойып отыр. Сол кемтар серігі үшін бәріне көніп, қақаған қар, көк мұзды жайлап қалған сертке берік құс осы. Адамнан да опалы. Ж.Сәм.

Posted in

СЕРТТЕН ТАЙДЫ

Уәдесінде тұрмады, берген сөзінен айнып кетті. ~ Мініп жігіт жүйрігін. Тұмарлап кекіл-құйрығын іңірден келіп күтіп тұр, Серттен таяр ерің бе? М.Жұм. ~ Сен барған жерге, мен жете алмайды деймісің? Мінсем мінемін атқа. — Ер жігіт серттен тая ма? — Сейіт қостап көтермелеп қойды Шәріпті. Т.Рыск. ~ Алшағыр от басқандай ыршып түсті. — Әй, байқап-байқап, басты шайқап сөйле. Алшағырдың серттен тайғанын қашан көріп ең? М.Қаб. ~ Ол ойланып: — Қиын екен, бірақ жігіт болып сөз берген соң, серттен тайғаның келіспес. Мен қасыңа ерейін, тіпті ел ішінен именсек, басқа бір жаққа алып кетерміз, — дегені. С.Бег.

Posted in

СЕС БЕРМЕДІ

Сыр бермеді, міз бақпады. ~ Келіншек күліп, әрі оқыс таңданып: — Иә, Бұл ненің ақысы? — Саттар сес бермеді. Орындықтың орнына өзі состиып тұра қалып, келіншекке мәз- майрам ыржия қарады. С.Ел. ~ Сейтен қыл шылбырды білегіне батыра бұлқынып-бұлқынып түсті. «Япырмау, мынау дауыс кімдікі? Ожар ғой! Сорлы жүрек, бекер сес бермеген екенсің? Қап! Қап!» Ол аздан кейін өзінің жалғыз қалғанын аңғарды. І.Ес. ~ Іңірде шешесі — Зейнеп кеп, ағыл-тегіл жылаған дыбыспен, оятқысы, құшағына алғысы келіп, бас жағынан қозғап керіп еді, ояу жатқан Шоқан, қасақана қатты ұйықтаған боп, ешбір сес бермеді. С.Мұқ.

Posted in

СЕС БІЛДІРДІ

Айбат қылды, суық қабақ танытты. ~ Ұрты салбыраған қызыл қабақ Әзімбай жуан ақтаяқты өткір қара пышақпен жонып отырып, үялмастан ернін шығарды да, мырс етіп күліп қоңды. «Сенгенім-ақ» дегендей, ішінен жауыққандай сес білдіреді. М.Әу. ~ Он жетідегі қыздай уылжуын… Ықсан да жігіттің төресі. Қой бұ жолы мынаған ол жайлы сес білдірмейін; ыңғайы жаман екен — байым келеді деп өліп-өшіп отыр, үркітіп алармын. Аңысын аңдамаса болмас»,— деп ойлады Сәлима. М.Сүн. ~ Үстіне кең халат киген әйел бұларға тақап келіп, саусағын безеп сес білдірді. Т.Әбд.

Posted in

СЕС КӨРСЕТТІ

Қорқытпақ болып, желкесін күдірейтті. ~ Механик, электрик боп істейтін, орыс, хохолы аралас, бес-алты еркек бар еді, желкелерін күдірейтіп ашықтан-ашық сес көрсетуге көшті. Т.Сәук. ~ … Ботпай екі серігінің ерегісін естіп, қолындағы қамшысын көтеріп, сес көрсетті… О.Сәрс.

Posted in

СЕСІ ҚАЙТТЫ (АЗАЙДЫ, ЖОҒАЛДЫ)

Ашуы басылып, зілі қайтты. ~ Люда екеуі Сәнияны жылатып тынғанымен, Ленаның қайсарлығына "тұмсықтары тиіп", сестері қайтып, айтарын айта алмаған соң Құралай іштей мүлде қатая түскен … Ә.Тар. ~ Күші қайтты ма, сесі азайып әруағы қашқаны ма? Қалаға келсе- ақ құты қашып, берекесі кететіні қалай? Алдымен анау күшік шәуілдеп балағына жармасты. С.См. ~ Жортуын жасаған талай түндерде тобықтан ұрғызып, томардай қулағанында да дәл қазіргідей тоқайраған жоқ екен. Сүлдесі ғана қалып, сесі жоғалған. С.См.

Posted in

СЕСПЕЙ ҚАТЫРДЫ (ҚАТТЫ)

Алып ұрды; естен тандырды. * — Обиып отырған жеріңде сеспей қатырайын ба осы, Қобыландыны білмесең, қай жерің қазақ, ей? М.Қаб. * Өзінің түрі адам шошырлық. Құдды ана жылғы Айбаршаның кейпі. Қоразбай қорқа бастады: мына тас маңдайына тисе ғой, сеспей қатады. Б.Тоғ.

Posted in

СЕТЕР ҚЫЛДЫ

Ежелгі сенім бойынша тәңірге арналған малды ешкім мінбейді, еркімен жібереді. * Ал, Қоңыржан, сен де разы бол! Менің атымды жылқыға сетер қып жіберіп, көзімдей көріп жүрсеңдер, разымын! Қош, көріскенше күн жақсы болсын!.. Қ.Тол. * – Бұл ел боп мінгізген атымыз, Әсаға. Ал өзіңіздің атыңызды бізге мұраға тастап кетіңіз, ырым болсын. Сетер қып жылқыға жіберейік. Қ.Тол.