Біреуге жақсылық істеп, соның қайырын көрді. ~ Енді бір қойды Мақатайдан алды. Оның қырық-елу қойы бар ғой. Ана кезде Мақатай қатыны өліп, зарығып жүргенде Шекердің бір «сауабын алғаны» болушы еді. Өзімсіне, өжеттене сөйлеген тілін жыға алмады. Ж.Айм. ~ Әбіш пен Мағрипаны дидарластырайық. Сөйтіп, екеуміз сауабын алайық, неғыласың! Мағрипаны менің көргенім бар. Бұл өңірде оған тең қазақ қызы жоқ. М.Әу.
Автор: Админ
САУАБЫНА ҚАЛДЫ
Біреуге қайырымдылығының игілігін көрді. ~ Бірақ детдомда нәсілінен айырылып қалады ғой. Орыс боп кетеді ғой. Айша әпкеме осыны айт. Бәлкім, өзінің үш баласына екі жетімді қосып алса, сауабына қалар. Жаман айтпай, жақсы жоқ дегенім ғой. Ш.Мұр. ~ Азаматым, рахмет. Сен болмағанда, мына балдар қырылатын еді. Сауабына қалдың. Апыр-ай, сасқалақтап жүріп, аты-жөніңді де сұрай алмаппын-ау. З.Шүк.
САУАЛ САУДЫ
Жауап күтті. ~ Өткен өмірден өзек тарта отырып тарих тілін ұғына алмасақ, туған топырақ бізге сырын аша қояр ма? Келер ұрпақтың сауал сауған көзіне не деп қараймыз? И.Сап.
САУАЛ ТАСТАДЫ
Сұрақ қойды. ~ Оны-мұны сұрағыштап отыр. Ол есеп беріп, бұл сауал тастап, біраз отырған. С.Сағ. ~ «Құлыптаусыз неге есіктер?» – дедім қартқа сауал тастап «Алатыны жоқ болған соң – әдірамды ұрғаның ба?» К.Мырз. ~ Баяғыда бір ғұлама қасындағыларға: “Дүниеде не қатты, не тәтті?” деп сауал тастапты. И.Сап.
САУАП БОЛДЫ
Жақсы ісімен Алланы риза қылды. ~ Барған соң Мырзагелді жездең сенің басыңнан сипай қоймас. Сиырсызқайтқаның да оңды болды. Біз сойып жеп қоятын едік. Жездеңе сол сауап болар еді. Ш.Мұр. ~ Иә жоқшылық пен қасірет пенделерді қандай жолға шығармайды.. Шаршағанға ұқсайды, байғұс. Шақырып, бір ұрттам су ішкізіп жіберсе, сауап болар еді. М.Кәр. Өзіне де сол керек деп табалау. ~ Апыр-топыр айғай-шудан камерадағылар дүрліге оянды. Шошынып,үрпиісе қарады. Ешкім ара түсіп, көмекке жүгірген жоқ. Әбден теперіш көріп зәрезеп болған бейбақтар қайта «шоқ-шоқ, сауап болды» деп отырғандай. Т.Сәу. ~ Сол керек, залым Жантас. Кірмегенің қара жер, сауап болды. Біреуді атыстырып, зымияндық ойлағанша, сабақ оқысаң болмас па еді.Бір ойым осылайша Жантасты табалап жетісіп жатса, екінші ойым төбемнен тас құлауын күткендей үрейлі халде. Б.Соқ.
САУАТ АШТЫ
Білім алды, хат таныды. ~ Қағаз-қарындаштарың таусылып қалды ма? Жарайды, ала келермін. Онан соң сауат ашу жайларың қалай, — деді. С.Сей. ~ Ұлттық ауыз әдебиеті өз алдына қалды да бала бақшаның жаттанды тақпағымен сауат ашты. Қ.Ысқ.
САУАТЫ БАР
Көзі ашық, азын-аулақ білімі бар. ~ Шіркін, сауаты бар адамға не жетсін, олар кітап та, газет те оқи алады!– деп еді, бергі шеттегісі оны іліп әкетті. Д.Ис. ~ Ауылдағы жастың бәрі жұмыста болған соң, сауаты бар қарияны ауылсәбет қоярда қоймай пошта тасытып қойды. С.Досж.
САУҒА СҰРАДЫ (ТІЛЕДІ)
Жанын сақтап қалуды өтінді, жалынды; берілді. * Бораннан сауға сұрап қарағайлар, Жезөкше келіншектей бұраңдайды. М.Мақ. * Егер жаудан сауға сұрайтын сұмырай табылса, табанда атуға бұйырамын. Үрей салушыларға да әмір сол. Т.Ахт. * Сонда Нұрғаным орнынан ұшып тұрып Құнанбайдан сауға сұрап: – Жеті жаста қалған жетімің емес пе, кешсеңші. Аяушылық жасасаңшы, – деп ұмтылғанда оны: – Кет! – деп кеудесінен итеріп жіберді. Т.Жұрт. ~ … үшінші ойын — салым. Алғашқы екеуінен қызығы артық болмаса кем емес, жігіт пен жылқының белдісі шыдайтын, қиқудан көрі «сауға сұрары» көп, тартыстан көрі додасы мол ойын. Д.Досж. * Өткен күндер елесі қос тепкіге алып діңкелетіп, безгектен бетер дертке айналғанда осы Жайықтан сауға тілеп келмеді ме? Қ.Отарб.
САУДА КҮСЕТ БОЛҒАЙ (БОЛСЫН)
Саудаң жүріп кетсін, табысың мол болсын. Сауда жасаушыға айтылатын тілек. ~ Иә, орденді сатушы, сауда күсет болсын! – дейді таңертең сәлем орнына салған жерден. Темішбай оған мүлдем кереғар, денесі де, мінезі де: екі беті бұлтиған қараторы, дембелше. Т.Сәук. ~ Ер-тоқым біткен күннің ертеңінде аларман да жетіп келеді. Ол бір мырза жігіт екен. — Сауда күсет болғай, ақсақал! — деп кіреді ол үйге. — Айтқаның келсін, балам!— деп қарсы алады Дарқан ұста. ҚЕ. ~ Көбінесе Темішбайды қыжыртып жатқаны: – Иә, орденді сатушы, сауда күсет болсын! – дейді таңертең сәлем орнына салған жерден. Т.Сәу.
САУДА ҚАСАТ БОЛДЫ
Сауда сәтті болды. ~ Жан досым, қасапеке, – деді, – қайда?! Саудамыз қасат болды сарт, ноғайға. Бүгінгі сауда жөнін сөйлеселік, Кешегі не болды екен түскен пайда?! БС "Ғаяр қатын".
