Пәлеге ұрынды; өзіне-өзі кесел сұрағандай болды; өзін-өзі дау-шарға ілектірді. ~ Осындай пенде шіркінді түсіну қиын. Қарап жүрмей, машақат тауып алатын өздері. Қайтесің енді, әркімнің көздегені әртүрлі. Әйтпесе, өзі де сау басына сақина тілемей, қаннен-қаперсіз теңкиіп жатпас па еді?!.. Б.Ыб. * Үкіметтің қырына ұшырап жүрген адаммен жұғысып, сау басына “сақина” тілейтін Айданақтың жөні жоқ-ау. Ғ.Біл. * Бұрын, «баланың дерті» деп қиналатын болса, енді сау басына сақина тілеп алды. Ғ.Слан. * … ту сыртынан әлдебір жат көз сығалап тұрғандай жан — жағына секемдене, жақтырмаған көзқарас тастап қойды. "Ақымақ неме!" — деді іштей. — Сау басына сақина тілеген есуас! Қ.Ысқ.
Автор: Админ
САУ ЕТТІ
Оқыс жетіп келді. ~ Бір күні іңірде келіншегінің жанында домбыра дыңғылдатып жатыр еді, мылтығы бар 4-5 орыс сау етіп кіріп келді. Ұшып түре келді. Жүрегі тас төбесіне шықты. Ж.Айм. ~ Ертеңіне сау етіп он шақты солдат жетіп келді. Б.Майл. ~ Адырлы алқапты бтырай қоныстанған шоғырлы ауылға сау етіп жетіп үлгірген жасақтар, шулап, шұрқырап бтырады да кетті. Б.Жұм.
САУ ЖЕЛДІРДІ (ЖЕЛДІРТІП КЕЛЕДІ)
Бір қалыппен көсіле жортты. ~ Бір уақытта әлдеқайдан салт атты біреу сау желдіріп қыранға шыға келді. Т.Әл. ~ Міне, бұл жолы да Қасымбек екеуі — екі салт атты Семейден шығып, Шыңғысқа қарай сау желдіріп тартып келеді. З.Қаб. ~ Онда мен жаңылған екенмін,— деп, қатарымдағы аттарды сау желдіртіп келе жатқан көк айғырдың аяңына қарап едім, тежелген ой қайта шарықтап кетті де, көк тұлпарым алдыма келіп тұра қалды. Ә.Әб. ~ Жауға аттанған қарулы атты әскердей қатар түзеп, бірде жортып, бірде сау желдіртіп келеміз. С.Ом. ~ Түн жамылған үш атты сау желдіріп сай табаннан жазыққа шықты да, көкпекті қыратты бөктерлеп, Ақсуат қайдасың деп терістікке ат басын қоя берді. Т.Әбд.
САУ ЖЕЛІП, СОЗА ТАРТТЫ
~ … астында елпек аты бар Еріктің бір өзі ғана болса ба-я-ғы-да-аақ сау желіп, соза тартып ұзап кетер еді. О.Бөк.
САУ ЖЕЛІС (ЖЕЛДІ)
Бір қалыпты, шорқақсыз, екпіндете жорту. ~ Түн жамылып шыққан екеуі сау желіспен отырып, түс ауа Сауырды жондап келіп, өздері бұрын-соңды көрмеген Ақиректің асуына жақын жердегі үңгірдің жанына келіп, тізгіндерін бір-ақ тежеп еді. К.Сег. ~ Сау желген төрде жүз шақты ат Жүз жігіт сарбаз — жер шолар. Маңдайдан тері бұршақтап, Кеше аман келген ер солар! Ғ.Қай. ~ Қайырхан атамның сау желіп бара жатқан атынан қалысар емес. Әне- міне дегенше қалың шиге еніп, көзден таса болды. К.Сег. ~ Бұлар бие сауымындай сау желіп отырып, бір аласа тауға жетті. Жол сол биікке қайқандап шығып, қайтадан төмен түседі. С.Дос. ~ Қанша кекшисе де Алатау — Ақсай жақтан салқын самал соқты. Кәдімгі боз інгеннің тебіренгеніндей бір сау желген жібек самал. Тек теріскейде Қаратау бұйығы бүк түсіп, бүрісіп, шапанын бүркеніп, ірге жаққа жата кеткен кемпірлер сияқты. Қ.Ысқ.
САУ МА (ЕКЕН)
Әлдебір күмәнді іске барған жоқ па д.м. ~ Байдың үйін баспана қып қатарға қосыла алмай жүр. Сол немененің өзі ізге түсуден сау ма екен?.. М.Дәу. ~ Мына бір жатқандар құда түсе келгеннен сау ма, шіренулері жаман екен? – деп милицияның бірі жатқандарға төне түсіп, қолындағы винтовкасының дүмімен Жақсылықты аяққа түрткіледі. Б.Майл.
САУ СИЫРДЫҢ БОҒЫ (ЖАПАСЫ, ҚИЫ) ЕМЕС
Өзі де (ол да) жетісіп тұрған жоқ, оның да бір шикілігі бар д.м. ~ Пешенеге жазылғанды көрдік, заман солай болды, көппен көрген ұлы той. Өзіміз де сау сиырдың боғы емеспіз. Тек жүрсек, тоқ жүрер ме едік! Бірақ бәрі, көріңді өкіргір, Сталиннің лаңы ғой! Т.Сәук. ~ Біраздан соң жұрт "Әй, өзі де де сау сиырдың боғы емес екен ғой" деп күдіктене бастаған. Т.Сәу. ~ «Екеуі бұрыннан танитын адамдары емес, бірінші рет көріп отыр. Әу баста ондай жерге тоқтауға неге жол берді? Мына әйелдің өзі сау сиырдың боғы емес-ау». Ә.Ыб. ~ Сонда, мына, Қарқын бұрын үйленген жігіт пе? – Ол да сау сиырдың боғы емес. Бұрын әйел, баласы болған. Оларды қытай жаққа тастап соқа басы осында келген. Ж.Шәк. ~ — Мен де сау сиырдың боғы емеспін. Осы бар ғой, тілім жаман менің, түбінен кесіп тастаса да обалы жоқ…- Құшақтары жабысып, бір-біріне арзасын айтып, айрылысар емес. Т.Сәу. ~ Найманқұлдың жүрген жеріне шөп шықпайды! — Хайролла да сау сиырдың жапасы емес. С.См. ~ Келіншектің сенген күйеуі де сау сиырдың қиы емес. Мүлдем басқа өлшемдегі — «көппен бірге көрген ұлы той» деген қатқыл да қасаң ортаның, балалар үйінің бозбасы. М.Қаб.
САУ ТАМТЫҒЫ ЖОҚ
Бүтін жері қалмаған, өрім-өрім, тоз-тозы шыққан. ~ Жалаң аяғында сау тамтық жоқ, жара-жара, домбық, асудан тұралаған аттай аянкестеніп тастақ жолды баса алмайды. І.Жанс. ~ Әз ағамыз баяғыда осы Жармаға келгенде бетінде әжімнен сау тамтығы жоқ шүйкедей кемпірдің өзіне жығыла жабысқаны туралы бір хикаяны ұзақ жыр ғып айтады. Ж.Шәк. ~ Үсті-басында сау тамтығы жоқ өрім-өрім, жыртық киімді жолаушыны көрген келіні Уазипа бұл қай қайыршы дегендей тесіле қарап тұрды да, қайнағасы жүзін бұрғанда барып, өз кезіне өзі сенбей сілейіп, үнсіз қалды. С.Жүн. ~ Атаңа нәлет-ай, не деген сірібас еді, соның сау тамтығы жоқ кебісін жамаймын деп-ақ күнім өтті. Онысы таразыға тартса — бір бұттан кем шықпас, — деп кіжініп қоятын. Қ.Най. Әбден күйзеліп, шаршып-шалдыққан, қиналған. ~ Ел қатарына қосылды деген осы шығар. Балалары әкесіне, әкесі балаларына үйренісіп, енді бауыр басып, бір шаңырақтың астына ұйып, ұзақ жылдан соң бастары құралған, сау тамтығы жоқ көңілдің жыртығы бүтінделгендей шағы еді бұл. Ш.Бейс.
САУ ТАМТЫҒЫ ҚАЛМАДЫ
Өне бойында бүтін жері қалмай, дал-далы шықты, әбден тозды. ~ Орыс ерінің арқасында Ақылжанның құйрығы ойылмапты, әйтеуір. Ал Шатырбайдың баласының артының сау тамтығы қалмаған, орнынан тұра алмай жатыр деп естіді. К.Қаз. ~ Тозаққа киіп барған киімдерінің өрім-өрімі шығып, сау тамтығы қалмаған. Т.Рыск. ~ Мүлік деген шіркін иесімен ғой. Сол өзіңіз айтып отырған асыл жабдықтардың сау тамтығы қалмай бүлінген. С.Бег.
САУ ТАМТЫҒЫН ТАСТАМАДЫ
Өне бойында бүтін жер қалдырмады. ~ Үш қанат желкөз баспаның туырлығы жұлдыз-жұлдыз: бүктеумен, жазумен, артумен, тігумен сұрғылданып, өзі үлдіреп тозығы жеткен құрымға қой сүйкеніп, лақ секіріп, сиыр мүйіздеп, сау тамтығын тастамады. Ж.Айм.
