Қоспасыз, мінсіз, тап-таза (алтын). ~ Аналық сонда толғайды: — Бір жылқыдан кем шаппас, Келінжан баққан бурыл ат. Денеге мылтық тигізбес, Үстіңе киген алаңқат, Қынаптары сары алтын, Ұстаған жері сап алтын, Балдағы алтын шар болат, Шырағымның шыбын жан — Бәріңе бірдей аманат! "Қобыланды б." `А.Байт.) ~ Не тілесең менде бар: Сансыз қызық көп нәсте. Хош иіске толтырар. Березе, гүлді маңайын: Бұлақтарым мерует, Сап алтыннан сарайым — — Жан- ата, орман патшасы Сөйлеседі менімен. Мерует, маржан, қуаныш, — Жаным, жаңылыс естисің — Береді алтын кенімен! — (Береген патша ол неткен?) А.Байт. * — Осы елдің өзі консерваторияда екенін білмейтін бе едің? Мұндай сап алтын елде жиі кездеседі. Ғ.Слан. ~ Мақал-мәтелдер сол себепті де сезімді селт еткізіп, ақыл-ойға сәуле шашады. Сап алтындай таза, қоспасыз асыл сөздер. Ө.Айт.
Автор: Админ
САП БАСЫЛДЫ (БОЛДЫ)
Көңілі оқыс бұзылды; тез тиылды; қайтып қалды. ~ … сұрағына жауап тосып қалған бейкүнә райын көргендене дерін білмеді; әлденеге шамданып, ызаланғандай болған, ілезде сап басылды. М.Сүн. ~ Айкүмістің үйіне келе жүре бал аның айналасына баруды қояды, өзінен туған бала екенін білдіретін әрекет атаулыдан сап болады. Ғ.Слан. Оқыс тоқтады, саябырсыды. ~ Көрініс ұзаққа созылған жоқ. Шытынай сынған әйнектер мен төрт-бесмәрте атылған мылтық дауысы сап басылған шамада қоқыс арқалаған сарбаздар енді автобустан адамдарды демеп шығара бастады. Т.Әлж. ~ Жүрегін шарпыған қызғаныш Болтан марқұмды есіне алуы мұң екен, сап басылды. Ө.Кәр.
САП ЕТТІ (ЕТЕ ҚАЛДЫ, ЕТЕ ТҮСТІ)
1. Оқыстан есіне түсті, ойына келе қалды; көңіліне оралды. * Дала. Дала деп атын айтсаң-ақ ойдағы ерік, ендік, құлпырып тұрған көкорай шалғын, төбесі мұнарланып, тұманданып көкке тірескен асқар тау, күмістей таза бұраңдап ағып жатқан өзен, тағы санап түгесілмес жасағанның жаратқан табиғатының әдемілігі көңілге сап ете түседі. М.Жұб. * Есіне анау жолғы түнде ханымның бөлмесіне барғаны сап ете қалды. Ә.Кек. * «Қап, аристократ болған не теңі еді, аузынан-ақ қылғыта салмай. Енді не істесе екен?» Бір әдіс сап ете қалды есіне. Т.Сәук. * Содан «ойпырмай, мынау Дәу қара» болмаса қайтсін еді, деген ой сап ете түскені. Өтіп кеттім де, бірақ шыдай алмай қайта оралдым. Т.Ахт. * Аққұмның суын мұқым сағыныппын; арада күн өтпей жатып сайтанша сап еткен бұл неткен сағыныш, білмеймін, әйтеуір, түбіне дейін тамшы қалдырмай, сарқып іштім. М.Қаб. 2. Жетіп келді. * Міне, бүгін де ол көп ұзамай тағы да атқа қонатын келесі жорығы туралы ойланғалы келіп еді, есіне қайдағы бір алма сап ете қалды. Ә.Кек. * Ойда жоқта сап ете қалған комиссарды да көрген жоқ. Ә.Нұрп. * Кешкілік апақсапақта, айтқанындай-ақ Жәмила Сапабектікіне сап ете қалған. Жымыңдап, оны сыртқа шақырды. Қолына қағаз ұстатты. Ш.Құм.
САП СОҚҚАНДАЙ ҚЫЛДЫ
Түгін қалдырмады, тып-типыл қылды. ~ Мен ет пісіруге кірістім. Тірі бесеуге «біреуі ақ, төртеуі қызыл» бауырды алып, тұздықтап бердім. Олар әп-сәтте-ақ бауырды сап соққандай қылды. Б.Қыд.
САНАҚҚА АЛДЫ
Есепке алды, қатарға қосты. * — Егер балалары жақсы болса, ол кәрілердің аса бір қуанышы емес пе? Оны неге санаққа алмасқа? І.Ес. * Мерген екен! — деді Абдолла жүзінен ешбір қобалжу белгісін көрсетпей. — Тұрымтай өзі ұшқан жоқ атып құлатты ғой, бұл санаққа алынбайды. Басқасын отырғызыңдар. І.Ес. * Сен ұмытпай тұрғанда жирен бие мен торы құнанды актілеп шығарып бер есептен. Санаққа түсіп кетіп жүрмесін. Орыс болсаң да достыққа берік, көңіл жықпас жолдас боп кеттік. Шыны солай-әй! — деп әкең өзеурейді. Д.Досж.
САНАҚТА БАР, САНАТТА ЖОҚ
Есепте бар болса да, ойда жоқ, яғни ешкім ескеріп, санасып жатқан жоқ д.м. ~ Санақта бар да, санатта жоқ ел, ұрпағыңның ұрпағына кетер айнымас та бұлжымас бақыт жолына бастар жалғыз жалау осы. Ғ.Мүс. ~ Кез келген ауылды алып қарасаңыз да, барлық тұлғалардың 10–15 пайызы заңды тұлғалар, 5–10 пайызы мектеп, аурухана, әкімшілік қызметкерлері де, қалғандары санақта бар да, санатта жоқтар. Н.Асу.
САНАМЕН САРҒАЙДЫ
Ауыр ойдан запы болды. * Сірә, көзі тіріде қасында қатар жүрген замандастар жанын ұқпағанда Тәңірі тумысынан артық жаратқан ұлы жандардың ақылдан азап шегіп, дүниеден санамен сарғайып пұшайман боп өтетіні содан ба? Ә.Нұрп. * … тіпті барша болашағын мөлшерлеуге шамасы жетпес бұлыңғыр санамен сарғайған кәрі-құртаң шал кемпірлердің жасты көздері артына қарай жалтақтап … Ғ.Біл.
САНАМЕН САРТША БАЙЫДЫ
Болар-болмасы белгісіз нәрседен дәметті, босқа үміттенді. ~ Санаммен сартша байып ішіндегі қалаға барған соң киетін асыл киімдерді олжаласам бір жыл киім іздемес едім деп қоямын. Б.Қыд.
САНАСЫ ОЯНДЫ
Ақылы жетілді, көкірек көзі ашылды. ~ Сендер халықтың санасын ояту үшін еңбек етіп жүрсіңдер. Сендер айтқан келелі әңгімеден кейін, санасы оянған ағаларыңның бірі мен деп білерсіңдер, қарақтарым. Сол еді айтайын дегенім. Т.Әбд. ~ Жаралы большевикті жасырып, оған тамақ тасиды. Оны санасы оянғандықтан істемейді, «өзімдей бір байғұс қой» деп үғады. Ғ.Қаб.
САНАСЫ ӨСТІ
Ақыл-ойы дамыды, дүниетанымы кеңейді. ~ Феодализм үстемдік құрған кездегі бұл сияқты діни фанатизм, қазіргі санасы өскен социалистік қоғам адамы үшін маңғысыз жағдай. Бірақ, мәселе, оның «әулиелігінде» емес, өз заманындағы белгілі ақын, әрі шешен, ақыл иесі адам болуында. С.Мұқ.
