Есепте бар болса да, ойда жоқ, яғни ешкім ескеріп, санасып жатқан жоқ д.м. ~ Санақта бар да, санатта жоқ ел, ұрпағыңның ұрпағына кетер айнымас та бұлжымас бақыт жолына бастар жалғыз жалау осы. Ғ.Мүс. ~ Кез келген ауылды алып қарасаңыз да, барлық тұлғалардың 10–15 пайызы заңды тұлғалар, 5–10 пайызы мектеп, аурухана, әкімшілік қызметкерлері де, қалғандары санақта бар да, санатта жоқтар. Н.Асу.
Автор: Админ
САНАСЫ ӨСТІ
Ақыл-ойы дамыды, дүниетанымы кеңейді. ~ Феодализм үстемдік құрған кездегі бұл сияқты діни фанатизм, қазіргі санасы өскен социалистік қоғам адамы үшін маңғысыз жағдай. Бірақ, мәселе, оның «әулиелігінде» емес, өз заманындағы белгілі ақын, әрі шешен, ақыл иесі адам болуында. С.Мұқ.
САНАСЫ САҚҚА ЖҮГІРІП, ОЙЫ ОНҒА БӨЛІНДІ
~ Санасы сан саққа жүгіріп, ойы онға бөлініп отырса да, сол баяғы сырбаз қалпын сақтап, сыртқа сыр алдырар емес. Д.Рам.
САНАСЫН ОЯТТЫ
Ақыл-ойының дамуына түрткі бодды, дүние танымын кеңейтті. ~ Ендеше, тарихын танытам, еңсесін көтеріп, елдік санасын оятам деп жүрген сенікі бос әурешілік қана емес, есалаң ақымақтық. М.Мағ. 6 — Сендер халықтың санасын ояту үшін еңбек етіп жүрсіңдер. Сендер айтқан келелі әңгімеден кейін, санасы оянған ағаларыңның бірі мен деп білерсіңдер, қарақтарым. Сол еді айтайын дегенім. Т.Әбд. ~ — Біздің Мешпет сауық- сайраннан ат-тонын ала қашушы еді. Әсетжан, әнің шын-ақ құдіретін танытты. Жүрегін жібітіп, санасын ояттың-ау бір… Қ.Тол.
САНАСЫН САРСАҢҒА САЛДЫ
Неше түрлі ойға беріліп, басы қатты. ~ Қайта санасын сарсаңға салып, қиялын сандалтқан ой ағыны тентек толқындай ереуілдеп өршелене түседі. Шіркіннің сабасына түсіп саябырситын кезі болсашы! Ө.Кәр.
САНАСЫН САРСЫЛТТЫ
Ойын сан-саққа жүгіртіп, әуре болды. ~ Сонда Жасынның үш жыл бойы санасын сарсылтып ойлаған ойлары, жасаған образдары, фантазиясы мен философиясы сөз етуге тұрмайтын болғаны ма? Д.Ис. ~ Мен оны бостандығынан айырдым ғой. Ішінде шырмауықтай шарпысып, санасын сарсылтқан, миын жеген сергелдең ой аз емес шығар. Д.Ис. ~ Үйді үйге кіріп сұраудың да ретін таппады. Не деп барады, ұят емес пе, әрі ол біреудің үйіне бара қоятын бала емес қой. Ойы сан-саққа жүгіріп, санасын әбден сарсылтты. Д.Рам.
САНАСЫНА СІҢІРДІ
Үйретті, оқытты, миына құйды. ~ 1922 жылы Орынборда Мағжанның «Педагогика» оқулығы басылып шықты. Қазақ зиялыларының басын қосқан, ерекше орта қалыптастырған осындай институтта оқудың өзі мақтаныш дегенді Мурзин оқушыларының санасына сіңіріп-ақ келеді. А.Жақс. ~ Қайткенмен, Науан хазірет халқымыздың тарихынан өзінің ұлағатты ұстаздық орнын алып, қабырғалы қайраткер, қажырлы күрескер ретінде ұрпақ санасына сіңірілуі шарт. С.Ақт.
САНАСЫНА ШЫР ЖҰҚПАДЫ
Миына ештеңе қонбады. ~ Сенде тамған кімдік қаны, Мына мұндар мұңды ұқпады. Сан айтсам да сарнап күнде, Санасына «шыр» жұқпады. А.Түс.
САНАСЫНДА САҢЫЛАУЫ БАР
Ақыл-ойы толысқан. ~ Қазақ-станның қағаз жүзінде КСРО-ның одақтас бір республикасы бол-ғаны-мен, іс жүзінде үш ғасыр бойы Ресейдің отары болғаны санасында саңылауы бар адамның баршасына белгілі. Ө.Айт.
САНАСЫНДА СӘУЛЕСІ БАР
Ақыл-ойдан кенде емес. ~ Батырдың жолындағы бала қарақшыдай бақыртып қанжығасына байлап әкете барар ма екен? Жоқ, бала да болса, санасында сәулесі бар ма екен деп аңыс аңдап керер ме екен? Ә.Кек. ~ Санасында сәулесі болса қанаты қатайғасын өз жөндерін өздері біледі емес пе? Санасыз болса сендердің ысылдарыңның өмірі болмайды. Р.Кар.
