Топас, айуан. * Қазақтың мінін көп қаздым, «Адам емес, аңсың», — деп. «Өнер-ғылым білмеген, Біріңді-бірің күндеген, Тура жолмен жүрмеген, Төрт аяқты малсың», — деп. Шәкәрім. ~ Махаббат жел қалай қарай соқса, солай қарай қисая жөнелетін әтештің құйрығы емес. Жоқ, шырағым, ондай махаббат болмайды. Шын сүйсең, мейлі ол әйел тіпті төрт аяқты хайуан болып кетсін — ақ, сен оны оп — оңай жек көріп, тастап кете алмайсың. І.Ес.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨРТ ТҮЛІГІ САЙ
Барынша толып-жетілген, байқуатты, көйлегі көк, тамағы тоқ. ~ Азды-көпті 4—5 жылқы бәрі соның балалары ғой, ұстамай-ақ қоя берсе, әлдеқашан айғыр үйір жылқы болмас па еді? Өйтуге Жұман үйінің қай бір төрт түлігі сай тұр, киім-кешекке де, соғымға да, берімсекке де айналдырған көк биенің тұқымын мінген, шыдатпайды. Сонсоң қайдан құрасын? Ж.Айм. ~ Ұлғайып, ел ағасы болған баласы бар. Азамат, бозбала ортасының мырзасы атанып жүрген немерелері бар, мал-басқа төрт түлігі сай, тіршілікке, тыныштыққа мас болғандай ырза болып жүрген көп байдың бірі еді. М.Әу. ~ Ұлғайып, ел ағасы болған баласы бар. Азамат, бозбала ортасының мырзасы атанып жүрген немерелері бар, мал-басқа төрт түлігі сай, тіршілікке, тыныштыққа мас болғандай ырза болып жүрген көп байдың бірі еді. М.Әу.
ТӨРТ КӨЗ БОЛДЫ
Елеңдеп, мазасы кетті. ~ Колхоз жұмысымен жүріп алдынан шығуға да мұрша келмеді. Күнде әне келеді, міне келеді деп ауданның жолына қарап төрт көз болып жүрміз. С.Жүн.
ТӨРТ ТҮЛІК МАЛ
Қазақ тұрмысындағы негізгі төрт мал түрі — қой, сиыр, жылқы, түйе. ~ Дәулет те елден болады, Еліменен ер жетіп, Емендей өсіп толады. «Елізде өскен» демесін, Елден таңдап сұлу ал, Ақ отау тігіп басыңа, Төрт түлік малдан еншіңді ал, Топтан таңдап тұлпар мін Күлтелі құйрық, сұйық жал. Дулт Баб. ~ Дәулет те елден болады, Еліменен ер жетіп, Емендей өсіп толады. «Елсізде өскен» демесін, Елден таңдап сұлу ал, Ақ отау тігіп басыңа, Төрт түлік малдан еншіңді ал, Топтан таңдап тұлпар мін Күлтелі құйрық, сұйық жал. Ұ.Дәур.
ТӨРТ КӨЗ ИТ
Екі көзінің үстінде көзге ұқсас ақшыл дақтары бар төбет. Әдетте жағымсыз реңкте қолданылады. ~ Аңшының ізімен шоқытқан ін күн еңкейе жүруге жарамай, сағалдырық түбінен бастап, қолтық шабы сабынданып, аяңға түскен. Қара қасқа, төрт көз иттің де күні сондай. С.Жүн. ~ Аңшының ізімен шоқытқан ін күн еңкейе жүруге жарамай, сағалдырық түбінен бастап, қолтық шабы сабынданып, аяңға түскен. Қара қасқа, төрт көз иттің де күні сондай. О.Бөк. ~ Ал, түске төрт көз ит кірсе немесе ақ төс қара ит көрінсе бұлар дұшпандарың, олардан сақтанудың қамын ойлану керек, дейді түс жорушылар. Р.Нүс. ~ Әмірсана құдайдың қарғысына ұшырап, төрт көз қара төбетке айналып кетіпті деседі. Сол төрт көз ит бүгінге дейін Құбының құмында жападан- жалғыз қорлықпен күн кешіп жүрген көрінеді. Жапан түзде шөлден қаталап, тілі салақтап, бір жұтым су іздейтін болса керек. Қ.Жұм.
ТӨРТ ТҰРМАНЫ (ТҮГЕЛ) САЙ (САЙЛЫ)
Қару-жарағы, құрал-сайманы, керек-жарағы түгел, сақадай сай, ештеңеге мұқтаж емес. ~ Бұрынғыдан қалған, «Сүлеймендей қуатымен қылдырықтай құмырсқаға тимеген» деген сөз бар. Ал бүгін сен қандайсың?.. Төрт тұрманың түгел сай, тырнақтай тарту аласың. Қос уыс алтын берсе, екіншісінен дәмеленетін пейіліміз бар. Ж.Ахм. ~ Біздің міндетіміз – төрт тұрманы сай патша әскерімен қан төгісіп қырылысу емес, оларды көшке жолатпай алдандырып, адастырып Тарбағатайдың күйгей бетіне, Үржар қапталына асырып әкету. Ғ.Біл. ~ Әлгінде үкілі домбырасын безілдетіп, кеуілдеген даусымен бүкіл аула, бүкіл қаланы жаңғырықтырған жыршы да Боранқұлды төрт тұрманы сай бір атқа мінгізіп, төрт құбыласы түгелденген хан сарайына кіргізіп, сегіз ұжмақтың төріне шығарып, патша тағына отырғызып жібергелі шақ қалды. Ғ.Біл. ~ Сағынам, ауызға алсам Исатайды! Ер тумас ел жағынан ондай жайлы. Қарадан халқы сүйіп «ханым» деген, Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы. Шернияз.
ТӨБЕСІНЕН СУЫҚ СУ ҚҰЙЫП ЖІБЕРГЕНДЕЙ (СУ СОРҒАЛАТҚАНДАЙ) БОЛДЫ
Оқыс хабардан жүрегі зірк етіп, қорқып қалды д.м. ~ Біреу тас төбесінен мұздай су құйып жібергендей, аз уақыт не болғанын түсінбей, сілейіп тұрып қалды. Әйтеуір бір зор кесапат үстіне құлаған сияқты. Т.Ахт. ~ Оны ел өзінше алып қашып, «солдат сұрапты» деген суық хабар ел ішіне дүңк ете түсті. Ел тасқаяқтай қағысты, Халықтың төбесінен суық су сорғалатқандай ел құлағы елең ете түсті. Шырт ұйқыдан оқ оятқандай жетіден жетпістегісіне шейін серги кетті. І.Жанс.
ТӨРІ ТӨСЕНІШТІ БОЛДЫ
Қонаққа құрмет көрсету д.м. * Махмұт қай ауылға түссе де жүздерің жарқын, төрің төсенішті болсын, қыз- бозбаланы қамап ұстамаңдар, ақынның әр күні ойын — сауықтан құр кетпесін деген Қ.Ысқ.
ТӨБЕСІНЕН ТІК ТҰРДЫ
Алдында құрдай жорғалап, қызмет көрсетті. * Тегі, оңаша тіл қатқанда, Шыңғыстың кім екенін Малтабар Варвараға ескертіп қойған болу керек, көрген сәттен алдында құрдай жорғалап, «төбесінен тік тұрып» құрмет көрсетті. С.Мұқ. * Толыбайдың Қотанкөлді бетке алып көшіп келе жатқанын әлде қалай есітті, Нұрыбай аулынан бала барса да, жақайымдар төбесінен тік тұрып күтеді… З.Шүк.
ТӨРІНЕ ШЫҒЫП, ТӨБЕСІНЕ ОЙНАДЫ
Әбден басынды. * Болыс. Келді ғой! (Қыдышқа.) Үстімізге кіргізіп отырамыз ба басынтып. Қыдыш. Кірмесін, түге. (Дауыстар.) Сый қонақ бар мұнда…. Жүзтайлақ. Төрімізге шығарып, төбемізге ойнатушы ма едік? Әкелмеңіздер Кәкеңнің үстіне. М.Әу.
