Сұлу мүсінді әйел заты хақында. ~ Қоспақ өркеш сары атан Қом жасамас майдан соң. Төс аршынды сұлуың Сілкіп төсек сала алмас жардан соң. Байдың ұлы көрпелдес Шұбалаңқы тартады Айдап жүрген малдан соң. Бұхар ж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨРТ ҚАБЫРҒАДАН БАСҚА ТҮГІ ЖОҚ
Тұрмысы нашар, кедей. ~ Бірақ үй деген аты болмаса, төрт қабырғадан басқа түгі жоқ, сары топырақпен жабылған жадағай төбесінде тек шошайған шолақ мұржа мен әр жерінде бір қылтиып өскен алабота ғана көрінеді. Д.Әш. ~ Төрт жағында мелмиген төрт қабырғадан басқа ештеңе жоқ екеніңе әбден көзі жеткен соң барып, қолындағы қағазға үңілді. Ә.Кек.
ТӨС ҚАҒЫСҚАН ДОС
Салт бойынша кеуде түйістіріп, ант беріскен достар. ~ Ата даңқы жаман ұлды он жыл асырар деген рас, ә. Саурық-екем-ай! Астындағы атын түсіп берген боз тарланым! Кешегі жыланда аузыма су тамызған боздағым! Төс қағысқан дос едік!.. Д.Дос. ~ Бекбол екеуі төс қағысқан дос екен… О.Сәрс. ~ Әуелде қажасу қайтадан ұшықты ма деп секем алған Елтай мына кеңкілден кейін Сүкең мен шофер жігіттің әкесі — Сәрсенбінің төс қағысқан дос екенін ұқты. М.Қаб. ~ Ақсақалдар бір мал тауып құрбандыққа шалды да: «Басымызға бас қосылды, алды-артында сүйеніші жоқ Әбиболла жалғыз-сырап жүр еді, енді екеуің төс қағысып дос болыңдар», — деп баталарын берді. Б.Тоғ.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ САЙ (ТЕҢ)
Жағдайы жақсы, уайым-қайғысыз, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ д.м. ~ Ақын мұң шаққандай осы жайларды сыр қылып айта келіп, сөз түйінін Күдеріге арнады: – Солай, жігітім. Кейде сырттай қараған кісіге мен бір төрт құбыласы сай, армансыз адамдай көрінуім мүмкін. Қ.Жұм. ~ Сен жылама, қорқытпа мені көзіңнің жасымен. Әкесіз жетім қалған жалғыз сен емессің. Мұнда ешкімнің де төрт құбыласы сай болып тұрған жоқ. К.Сег. ~ Мұнда кидің ұшымен ғана домалақ шарды түртіп жіберіп, дөңгелек жерде кәйіп өмір сүрген төрт құбыласы тең сылаңдар жиналады екен. Қ.Түм. ~ Ішкі үніміз де салдыр-күлдір, шаңқ-шұңқ. Ал Алла-тағаланың қазақ баласының еншісіне берген тек өзіне тән, төрт құбыласы тең, құдіретті киелі түсі қайда? Яғни — Қоңырымыз қайда? Ж.Аяз. ~ Иә, аспанның тірлігі басқаға, басқаларға керек. Олардың төрт құбыласы тең, сауысқаннан сақ, сақадай сайланып жүруі үшін керек. О.Бөк.
ТӨС ҚАҒЫСТЫРДЫ
Ерекше ықылас, достық, туыстық белгісі ретінде кеудеге кеуде тигізді.~ «Екі жастың көңілдері жарасқан екен. Ендігісі — біз құдаласып, құйрық-бауыр жегізіп, төс қағыстырып, сөз байласуымыз керек», — дедім. А.Жақс. ~ Ауыр қол, қайратты алақанымен солқ еткізіп, иығымнан қақты. — Аналитик ғалым болғаныңның бір пайдасын көрдің, — деді сүйкімсіз ыржиып. — Кел, төс қағысайық. Ендігі жерде жұбымыз ажырамай, ынтымақ, бірлікте болайық деген кім? М.Мағ.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ ТҮГЕЛ
Уайымы жоқ, не ішем, не кием демейтін, көңілі тоқ адам туралы. — Ал сенікі қай жатыс, жолдас Патшабаев? Неңе жетісіп жатсың? Әлде төрт құбылаң түгел ме? О.Сәрс. ~ Мына опасыз жалғанда төрт құбыласы түгел кім бар дейсің? С.Дос. ~ Сезімі жоқтар, төрт құбыласы түгелдер бүйтіп ән айта алмас…» Көңілсіз ойлар қаумалаған жігіт кең кеудесін өртке шалдырып, мейлінше мажығып күрсінген. Ж.Шағ.
ТӨС ТАБАНЫ ЖЕР СЫЗДЫ
Ұзақ жүріп, шаршап-шалдықты. ~ Рахметті Сырбай атына мінгізді де, өзі үзеңгісіне қатарласа жүріп отырды. «Төс табаны жер сызған, атан жүрер жол екен» деген қазақ мақалы түсті Рахметтің есіне. С.Мұқ. ~ Осындай сәттерде көңілдің күні өшіп, айнала төңірегімнің бәрі қарауытып кеткендей бола қалады. Әбден жүйкелеп, төс табаным жерге тиді. Көзім қарауытып, басым шыр көбелек айналып, ес- түсімнен айрылып қалғанша қасарысып, қарысып аударма жасай бердім. Н.Кел.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ ТҮГЕЛ, СЕГІЗ ҚИЫРЫ АНЫҚ (ТҰТАС)
Болып-толып, арман-мұратына қол жеткізген, бақуатты адам туралы. ~ Егерде олар бір– біріне сәйкес келмесе, бойға біткен баланың өзіндік “мені” табиғи түрде қалыптаспайды екен. Мұны, “уызынан жарыған”, “төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры анық”, “Айы – оңынан, Күні – соңынан туған төл” дейді алаштың сыншыл аян берушілері. Т.Жұрт. ~ Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Т.Жұрт.
ТӨС ТАБАНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕДІ
Зыр қағып, әбден болдырды, діңкесі құрыды. ~ Бір түйем бар қамыстың басын жейді, Шу-шулесең жануар бір жүрмейді. Қағып-соғып шандаққа шөгерсем де, Төс табаны сірә бір жер тимейді. Жұмбақ. ~ Осы күнгі зиялыларымыздың бірқатары батыс десе тітіркеніп, сол батысты мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па деп күйіне кететіні бар. Аты–жөні жоқ бас шұлғи беруді қою керек дейді. Ж.Аяз.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ ТҮГЕНДЕЛДІ (-Н ТҮГЕНДЕДІ)
Жағдайы жақсарды; тұрмысы түзелді, арман-тілегіне қолы жетті. ~ Иә, балам, пенденің қаншама қарны тойып, бар алаңы ұмыт, төрт құбыласы түгелденді десек те, ол бәрібір өзінің жаратылысына тартады, қайта айналып қазығын табады. О.Сәрс. ~ Ол кезде, естуің бар шығар, төрт құбылам "түгенделіп", мырқы болып жүретінмін. О.Сәрс. ~ Әлгінде үкілі домбырасын безілдетіп, кеуілдеген даусымен бүкіл аула, бүкіл қаланы жаңғырықтырған жыршы да Боранқұлды төрт тұрманы сай бір атқа мінгізіп, төрт құбыласы түгелденген хан сарайына кіргізіп, сегіз ұжмақтың төріне шығарып, патша тағына отырғызып жібергелі шақ қалды. Ғ.Біл. ~ Қыз тізесінде керіліп жатқанға дүниенің төрт құбыласын түгендеп болдым деді ме екен?! Қ.Ысқ. ~ Төре осы бір қайырлы сапардан соң төрт құбыласын түгендеп алғандай «Алла, бергеніңе шүкір! » дейтіндей тоқмейіл күй кешкен. К.Сег.
