Қалай қинаса да, нендей қиянат жасаса да. Оның аты құлақ кесті кұл деген сөз. Байға өмір бахи қарыздар, жылқы соңында күні өтеді Таяқ соғар ағайыны да жоқ… Достан төбесінен қырғыш сүйек алса да көнуі керек… З.Шүк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨРЕЛІК АЙТТЫ (ЖАСАДЫ, ЕТТІ)
Дауға төрелік етті, шешім айтты. ~ Болары болып, бояуы сіңіп қалған істей көріп, төрелік айтқысы келеді. Т.Әл. ~ Мен бұл жерде тыпыршимын, Тыпырлаймын, көнемін, Еш төрелік айта алмаймын. Әкесімін мен оның. К.Мырз. ~ Жошымен де, Батумен де тізе қосып, тіл табыса ел биледі. Екеуінің де ақыл қосар кеңесшісі, билік айтар, төрелік жасар төбе биі болды. Д.Рам. ~ Бөкеннің түсінігінше, бюрократтық – біреуге біреудің үстемдігін жүргізуі, төрелік етуі. Д.Әш.
ТӨБЕСІНЕН СУЫҚ СУ ҚҰЙЫП ЖІБЕРГЕНДЕЙ (СУ СОРҒАЛАТҚАНДАЙ) БОЛДЫ
Оқыс хабардан жүрегі зірк етіп, қорқып қалды д.м. ~ Біреу тас төбесінен мұздай су құйып жібергендей, аз уақыт не болғанын түсінбей, сілейіп тұрып қалды. Әйтеуір бір зор кесапат үстіне құлаған сияқты. Т.Ахт. ~ Оны ел өзінше алып қашып, «солдат сұрапты» деген суық хабар ел ішіне дүңк ете түсті. Ел тасқаяқтай қағысты, Халықтың төбесінен суық су сорғалатқандай ел құлағы елең ете түсті. Шырт ұйқыдан оқ оятқандай жетіден жетпістегісіне шейін серги кетті. І.Жанс.
ТӨРІ ТӨСЕНІШТІ БОЛДЫ
Қонаққа құрмет көрсету д.м. * Махмұт қай ауылға түссе де жүздерің жарқын, төрің төсенішті болсын, қыз- бозбаланы қамап ұстамаңдар, ақынның әр күні ойын — сауықтан құр кетпесін деген Қ.Ысқ.
ТӨБЕСІНЕН ТІК ТҰРДЫ
Алдында құрдай жорғалап, қызмет көрсетті. * Тегі, оңаша тіл қатқанда, Шыңғыстың кім екенін Малтабар Варвараға ескертіп қойған болу керек, көрген сәттен алдында құрдай жорғалап, «төбесінен тік тұрып» құрмет көрсетті. С.Мұқ. * Толыбайдың Қотанкөлді бетке алып көшіп келе жатқанын әлде қалай есітті, Нұрыбай аулынан бала барса да, жақайымдар төбесінен тік тұрып күтеді… З.Шүк.
ТӨРІНЕ ШЫҒЫП, ТӨБЕСІНЕ ОЙНАДЫ
Әбден басынды. * Болыс. Келді ғой! (Қыдышқа.) Үстімізге кіргізіп отырамыз ба басынтып. Қыдыш. Кірмесін, түге. (Дауыстар.) Сый қонақ бар мұнда…. Жүзтайлақ. Төрімізге шығарып, төбемізге ойнатушы ма едік? Әкелмеңіздер Кәкеңнің үстіне. М.Әу.
ТӨБЕ ҚҰЙҚАСЫН ШЫМЫРЛАТТЫ
Төтенше әсер етті; қатты толқытты; үрейлендірд, есінен айырдыі. * Жыл он екі ай жүрегін сыздатқан қасірет те, төбе құйқасын шымырлатқан үрей де, көкірегінің басын көмірдің шоғындай тызылдатқан ыза да — бәрі де жым-жылас… жоғалған… Ә.Кек.* – Өз құлағыңмен естідің бе түге?! – «Көкеме айта бар» деп, әдейілеп тыңдатқан. Дәл Қоянкөктің шабысы, төбе құйқаны шымырлатады. Д.Досж. * Кенет тақымымның асты дір етті. Тұлпар үрікті. Көз жетер жер елсіз тұғын. Шыңғырған дауыс шықты. Төбе құйқаны шымырлатар шыңылтыр, жіңішке дауыс. Д.Досж. * Онан соң көзіне жас алған жері есінде жоқ. Мынау сұмдық көрініс төбе құйқасын шымырлатты. З.Шүк.
ТӨБЕСІМЕН КӨК ТІРЕП
Астамсу, кеуде керу туралы. ~ Көңілі шат құсбегі көп кешікпей тапты үйін, Судай тасып көңілі төбесімен көк тіреп, Орақ орып ауызбен қолыменен от күреп. Д.Әбілх. ~ — Ақылың өзіңе! — деді Кеудемсоқ алып үй төбесімен көк тіреп. — Біздің сүйеушіміз — адамдар. Солардың шебер қолымен, маңдай терімен бой көтергенбіз. Ө.Кәр.
ТӨБЕ ШАШЫ ТІК ТҰРДЫ
Зәресі ұшты; қатты сескенді. * Жүлік деген сөзді естігенде Әлімхан екеуміздің төбе шашымыз тік тұрды. Қ.Ысқ. * Әмеңгерім деп қайнағаң қатын үстіне алтысы келеді, мен де, әкең де төбе шашымыз тік тұрып сені айырып алуға жан салдық. Б.Майл. * Майданнан бір хабар естірткелі шақыртты ма деген ойдан төбе шашы тік тұрды Сүлкейдің. С.Елу. * Дәніккен қол сумаңшыл болады деп, ертеңіне де қас қарая жетіп келіп, еденді қақыратады, пешті бұзады… есегіне артып ап тайып тұрады. Күз түсіп, қойшылар еңіске жөңкіп, жылы, шуақты қыстауға келгенде мекен-жайды көріп төбе шаштары тік тұрады. Д.Досж. * Інім, ол сотталды ғой. Бірақ ол кезде ауданның бір бастығы болсам да мен оның сотты болғанын құптамадым. Бірақ жалғыз менің қолымнан не келеді. Шулап артында жеті баласы қалды дегенде төбе шашым тік тұрды. Б.Қыд.
ТӨБЕСІН КӨРСЕТІП ҚАЛДЫ
Біреудің көзіне түскісі келді. ~ Олардың түпкі ойы — осындайда көсемнің көзіне түсіп, төбелерін көрсетіп қалу. Сөйтіп, биліктің басқышына қол артып, қазанның бір тұтқасын ұстау. Д.Рам.
