Бастаушы, жол салушы, балалардың үлкені. ~ Майқы би қазірге қазақ қауымындағы Ұлы жүз ішінде аты сақталынып қалған Үйсін тайпа бірлестігінен өрбіп шыққан. Содан да оны қазақ шешендігінің төл басы, көшбастаушысы деп танимыз. Қ Ерг. ~ Әкесі Мүбәрәк та: "балаларымның тұңғышы" ғой, төл басы той, осы үлкен бастың болса, басқалары осының ізімен адам болып кетер еді-ау!" — деп отыратын. Ә.Тар. ~ Екеуіңнің осы қарыздарың менін мойнымда, екеуің не қаласаңдар да берем деп еткен уағдам бар еді. Және мынау отырған балаларым мен немерелеріме өлгенше сендерді сыйлап өтіңдер деп көзбе- көз тапсырмақ едім. Құдайберді менің төл басым еді. Т.Жұрт. ~ — Біздің қазақтан шыққан саудагер жоқ еді. Бәлкім, осы кәсіптің төл басы сен болатын шығарсын, — деп Демежан да жас жігіттің сөзіне елеңдей қалды. Қ.Жұм. Бұрын туған төл. ~ Төл басы (қорадағы малдан төл алар уақытта бірінші туған қозы, лақ төл басының құтты, ақжолтай болуына, аман-сау қалуына малшы қауымы ерекше мән береді, оны ырым деп санайды)… Ә Қайд. ~ Қ а с ы м. Тоғыз ұл, тоғыз қыз тапқыр, періштем менің! Төл басыңмен құттықтаймын! Үйірімен үш тоғыз, иә сәт!.. (Банудың қолынан сүйеді). Ал енді әрі қарай ғой, періштем менің! Көзіңді жұма ғой… М.Мақ. Мал басы. ~ Әуелде төл басын ауыл-аймақ жинап берген. Балалары оқып жатқан байлар, ауру-сырқауын емдеткен ауқаттылар қара мал, ұсақ қой-ешкіні өздері-ақ әкеліп қораға кіргізіп кететін. Б.Тоғ. ~ Көген той. Алғашқы бие байлау, қозы көгендеу сәттерінде мал иелері желі басына барып, желіге, көгенге, төл басына ақ құйып, «Мал басы өссін!» — деп бата тілеп, ырым жасайды. Артынан ақ дастарқан жайып, шай ішеді. БАҚ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨРТ АМАЛ
Есеп-қисапта қолданылатын амалдар: қосу, алу, бөлу, көбейту. ~ Бала бір күні: — Тілмаш кітап табылса бұны кісі өз тұсынан үйренуге де болады екен, — деп еді. Содан кейін төрт амал есебін, орыс тілінің падеждерін қосты. Ғ.Мұст. ~ Асқа тәбетім соқпай жүдеп барамын. Қырмап жұмысына етенелік — суй бастады. Көз алдымда таразы цифрлары тайраңдап, арифметикалық төрт амалдың ережесі миымда тұрмайтын болды. Т.Берд.
ТӨЛ ТУМА
Туған перзенті д.м. * Бұл аудан бұрын Көкшетау облысының құрамында болғандықтан, біз оны кербез Көкшенің төл тумасы атаймыз. К.Салық. ~ Бір бүйірде бұғып жатқан «оппоненті» де осыны андып отыр екен, бірден қамшы тастады: — Бірақ мынаны да ескеру керек. Социализм қанша керемет болғанымен, ол қазақтың төл тумасы емес, шеттен енген, бұл елге күшпен танылған нәрсе! — деген өршеленіп. Қ.Жұм. ~ -А у нас нет стаканов, -деген ол, мұны естігенде бұл ортаға жаңа келген Пангурин түгілі осы елдің төл тумасы Есентайдың өзі таңқалғанын жасыра алмай. С.Баяз.
ТӨРТ АРЫС
Дүйім қазақ д.м. ~ — Арғын, Найман, Керей, Уақ төрт арыс бас қосыппыз. Текке қосып отырғамыз жоқ бұ жерде. Оспан мырза, бейіліңе де, сөзіңе де біз ырзамыз! — деп, соңғы сөзді Тойсары түйді. М.Әу. ~ Абайға солар жаңа қуаныш хабарлар жеткізген. Абай сөзі халыққа жағып, кең жайылып кетіпті. Қарқаралы-қоянды жәрмеңкесіне жиналған төрт арыстың бар кәрі-жасы Абай атына қанық бопты. М.Әу. ~ Көз жеткен мен сөз жеткенді болжасаңдар, "исі қазақ" деген осы. Бұл төрт арыстың баласы, Орта жүздің тізіліп келген тобы деңдер! — деп, өз жиындарының жөнін ұғындыр. М.Әу. ~ Осының артынан бір күннен соң Абайға "сәлем береміз" деп бір топ адам келді. Бұлар — Керейдің Бегеші, Уақтың Серкесі, Найман, Сыбанның Қамбары, Қаракесектің Ақпаны, қысқасы, әнеугі "төрт арыс, Орта жүздің тобы" деген қауымына әдейілеп келген кісілер. М.Әу.
ТӨМЕН ЕТЕК
Әйел баласы д.м. эвфемизм. . * О, не сонша… Әйелдің әулиесі ме? Жо… жоқ, төмен етек әйел біткен сен ойлағандай емес. Олар да көзбен арбасумен күнұзатқанды тәуір көре бермейді, дегенді сездірді-ау, ә? М.Сүн. * Әнеукүні атағы жер жарған Халық әртісін ұлқыздары әкеп осында тапсырғанда еміренген тілеуі далада қалып, сегізінші перзенті де төмен етек боп туылған әкесін ойлап қан жұтты. Қ.Түм.
ТӨРТ АУЫЗ
Төрт шумақ. ~ Абай жалғыз өзі төрт ауыз өлеңді сыры терең «Ақ-қайың» әнімен айтып барды да, баяу ғана тоқтады. М.Әу. ~ — Арғын, Найман, Керей, Уақ төрт арыс бас қосыппыз. Текке қосып отырғамыз жоқ бұ жерде. Оспан мырза, бейіліңе де, сөзіңе де біз ырзамыз! — деп, соңғы сөзді Тойсары түйді. М.Әу.
ТӨМЕН ЕТЕК ӘЙЕЛ (ҰРҒАШЫ)
Әйел баласы (кемсіту реңкі бар). * Әр бәндеге бітер ме Сұлтанымның тұлғасы?! Құдай кіші жаратты Төмен етек ұрғашы. "Қара Қыпшақ Қобыланды".* Әр бәндеге бітер ме Сұлтанымның тұлғасы?! Құдай кіші жаратты Төмен етек ұрғашы. А.Байт. * Ақылына көркі сай, көркіне серті сай, сөзге ұста, ерлігі төмен етек әйел затын қойғанда, азаматтардың өзіне өнеге болардай деген атақ-даңқы ерте тараған … К.Сегізб. * Ол еркінен тыс терең күрсінді. Иә, жалғызіліктілік те жаман. Әсіресе төмен етек әйел затына тіптен қиындығын кім білген?! М.Сүнд.
ТӨРТ АЯҒЫ ТЕҢ ЖОРҒА
Тұла бойында бір кемшілігі жоқ д.м. ~ Төрт аяғым тең жорға, Тізгінім тартпай, сал жолға. Үстімде сен есенде, Астыңда өзім аманда, Қажу бар ма мен сорға?! "Қобыланды б." ~ …енді Қомшеке болған кезде ақыннан от қайтты деп айта алмаймын, бірақ маймақтықтан құтыла алмайды екенсің, төрт аяғы тең жорға болмаса да жыл сайын келіп қайтатын Алматыны да сиретіп барады. Қ.Ысқ. ~ Қиын мұндай мұңлықты ұғып тұру, Ұғып тұру, үн-түнсіз бұғып тұру. Төрт аяғы тең жорға қарағым-ай, Керек саған қайғыны ұмыттыру. А.Өтег. ~ Асқардың барлық шығармалары мінсіз мөлдір, төрт аяғы тең жорға десек орынсыз асыра мақтағандық болар еді. Қ.Мұх.
ТӨМЕН ЕТЕКТІ
Қыз-қырқын, әйел баласы, әйел заты (кемсіте айту). ~ Үштен-төрттен, кей жерде қораланып отырған адам. Бәрі де қарайып көрінеді. Ақжаулықты, төмен етектілерден ешкім жоқ. Б.Қыд. ~ Тез үйірлескен-ді. Жөн сұрасуды құшақ тартылысы жеңіп кете берген. Тән тойымдығына кенеліп қатты ризаланған төмен етекті сыбырласа бастады. Қойындасы ашыла сөйледі. Ө.Кәр.~Үй маңында көбіне бірер шал-шауқан, бірер жас балалар мен төмен етектілер жүреді. Н.Дәут. ~ Аллеядағы скамейкада Света екеуміз отырмыз. Үндемейміз. Светаның барлық төмен етектіден артықшылығы да осы. Т.Ахт. ~ Тіпті, ауруханада жатып, он күнде байқағаны — осындағы төмен етектілердің бәрі оны көрсе басын иіп, бәйек боп қалады. Қ.Түм. ~ Төмен етектінің бірі мендей-ақ болсын деп танауын көкке көтеріп жүрген қызкеліншектердің бұған қадалған көздері – қып-қызыл шоқ. Т.Сәук.
ТӨМЕН ҚОЛ
Сапасы төмен; нашар. ~ Осылай істелген киіз етікті байпақ дейді. Байпақтан басқа жүннен қолғап, шұлық, сырттан киетін көйлек тоқиды. Бұлардан басқа жүннен төмен қол «орыс мауыты» деген мауыты тоқылады. А.Байт. ~ Төмен қол қарындаштарды істеу үшін тас күйені үгіп майдалап, қаттырақ болу үшін саз топырақ қосады. А.Байт.
