Posted in

ТАС КЕНЕДЕЙ ҚАДАЛДЫ

Ұстаған жерінен айырылмай, жабысып қалды.~ Аршылған жерге тас кенедей қадалған жылқылар, құр бекерге тоңып, нейбетке тұрғанына өкінгендей болат тұяқтарымен өздері теуіп, үкідей үлпілдеген күреңсені күрт– күрт шайнай бастаған. О.Бөк. ~ Дүниеде мынау алдыңдағы қара май мен ескі қайықтан өзге тіршілік бар ма? — Әй, кемпір– ау, осыныңды кешке ас үстінде айтсаң қайтеді, ә? Қарбаласта тас кенедей қадала қалатының бар сенің,— деп көкем гүр– гүр етті. М.Сүн. ~ Өмірдің ұсақ– түйек теперішін елер ме?! Жоқ. Қиындықты жеңер, теперішке төзер. Өйтпесе, ер болғаны қайсы?! Тарас та ер еді. Күн ұзағына өзіне кенедей қадалып, көз айырмайтын қарау, дөкір командирдің қатаң бақылауында да болды. Ү.Жлк. ~ Ешқандай арпалыс болмайтыны анық еді: нақ тас кенеше қадалып, зәрлі бүйіше аямай шағу керектей сезіндім… Ф.Дос. * — Жә, жатысын, жетті. Тұр енді. — Қап, мынаны-ай. Тас кенедей қадалып көрдің бе. М.Сүнд.

Posted in

ТАС АЯҚТАЙ ҚАҒЫСТЫ

Керісті, дауласты, сөз таластырды. ~ Егер хан кездейсоқ үстінен түспегенде, топта торай бермейтін саңлақтың бұл бір білегінен күші, сүдінінен түсі, аузынан тісі кеткен шағында қазақтың қай үйінің қазанын шегелеп, қай үйінің жылы-жұмсағын жәукемдеп жүргенін білмей, хан төңірегіндегілер тас аяқтай қағысатын еді… Б.Қыд.

Posted in

ТАС КЕРЕҢ

Түк естімейтін саңырау. ~ Бірақ көбіне тас керең, әлдебір ой үстінде жүргендей көкесін езу тартып, өзімен-өзі күбірлесетіні бар, мұндайда үйде де, шықырда да безектеп, қомыт аяғы шитиіп теңселеді де жүреді. И.Бун. ~ "Еш аямаңдар, талапайын шығарып тексеріңдер!.. Мұндай жүрек соғысын естісем құлағым тас керең болсын!" — деді Оспан есімді жедел жәрдем дәрігері. Д.Дос.

Posted in

ТАС АЯҚТАЙ ҚАҒЫСТЫРДЫ

Араға жік салып, шағыстырып, бір-бірін таластырып қойды. ~ Осы ұсыныстың барлығы да қағазға жазылып қаулы болып жатыр. Сыртта тұрғандар өзара күңкіл етеді: —Тым ауыр болып кетті. — Елді тас аяқтай қағыстырады ғой! І.Жанс.

Posted in

ТАС БАУЫР

Мейрімсіз; ешкімді жақын тартпайтын жат көңіл. ~ О, жасаған, басы жұмыр пендеге пейілі түсіп көрмеген осы мына тас бауыр дүниеден қайта-қайта іздеп тауып ала беретін жер бетіндегі бір ыстық ұясы. Кәрі көңіл маңдайы аумай тауып әкеліп тұр. Ә.Нұрп. ~ Мен кім? Мен бір малай, қойшы. Айғаным кім?.. Ол ма? Ол — Сағындықтың қызы, байдың еркесі. Ол мені неге аяйды? Ол неге әке- шешесі сияқты тас бауыр емес? М.Дәул.

Posted in

ТАС КӨҢІЛ

Сезімсіз, мейірімсіз қатыгездік. ~ Жазылмайды сол себеп, Жазуымда — басқа жыр. Тас көңілге берер ме, Әсер атқан оғымыз. Шәк. ~ Қайтейін құр бейілді Қаңдырмаған мейірді. Арыстан Қайтсем жібір тас көңіл Үнемі маған зейілді. М.Әу.

Posted in

ТАС БЕКЕМ

Берік, мызғымас. ~ Аруана бауырын жаздырмайтын тайғақ тағдырының бір тас бекем тұсауы сол. Сол бұғауды үзе алмай, арманға қарай, ағысқа қарсы жүзе алмай, аңсары азапқа айналғалы міне, бүгін алты күн. С.Дос. ~ Адамның алғашындағы тас бекем ойынан тез қайтуы да оңай емес қой, соны түсінген дәрігер Айнаны «уәдеңді бер» деп асықтырмады. К.Әлп.

Posted in

ТАС ҚАБАҒЫ АШЫЛДЫ

Ашуы қайтты, көңілі көтерілді. * Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. І.Есенб. * Ол Байтабын шапқан малды Ағыбай айдап келе жатқанын, Ожар екеуінің көштен бөлініп жақсы хабарды айтқалы бұрын жүріп кеткенін естіп болды да, жадырай түсіп тас қабағын қайта ашып: — Біраз шаруа бітіріп қайтқан екенсің, көп-көп алғыс, — деді, — Ожар осында ма? І.Ес. * Тек жалғыз көзді емес, екі көзді және сонау тас қабақты қоңырқай сұсты түсінде бір жылы шырайдың сазы білінеді. І.Ес.

Posted in

ТАС БЕКІТТІ (БЕКІНДІ)

Жау алмастай қылып қорғады, мықтап жапты. ~ … сырлы еденді салмағымен сықырлата солқ-солқ басып есікке сенен бұрын жетті де, ішінен тас бекітіп, кілтті қалтасына салып алды. Ә.Нұрп. ~ … Шыңдубәннің бұйрығымен әскер орналастырып тастапты. Шың-Шыша шекарасы тас бекітілген еді. Т.Рыск. ~ Жел мініп Ақ сарайға жетсе, тас бекітілген қырық құрыш- берен есіктің алдында қырық күзетші. Т.Сәук. ~ Мұндай көзсіз дүлейлікті күтпеген жау мықтап абыржыса керек. Тас бекінген окоптың ернеуіне ажалдың тырнағы іліккенін көргенде, бойларын үрей билеп, бей-берекет қаша жөнелген. Т.Сәук.