Қиын-қыстау уақыт, басқа ауыртпалық түскен сәттер. ~ Ел аралаған сыншы болады. Есіңнен шығарма, ел одан да сыншы. Дүние шіркіннің жолы қым-қуыт. Ақ жолдан шықпа, шықсаң адасасың. Аштан өлсең де адал өл. Осы айтқандарымды берік ұстасаң тар жол, тайғақ кешулерден, кездесе қалса мансап, дәулет мастығынан аман өтерсің. Ғ.Мұст.* Әжемнің осы сөзі талай тар жол, тайғақ кешу, ауыр кезеңде сан рет есіме түсті. І.Есенб. * Сол ағат басқан қадамды түзетуге қалған жылыңды сарп етесің. Алшағыр ауған көшін түзеген тәрізді. Ең қысталаң тар жол, тайғақ кешуін артқа тастапты. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАПҚАНЫ ТАМАҒЫНА, ЖҰТҚАНЫ ЖҰМЫРЫНА
Тапқан таянғаны күн көрісіне д.м. * Бірақ біреудің, жеке біреудің жұмысы емес, елдің, көптің жұмысы. Азабы көп, ауыр болғанмен қорлығы жоқ, өз ісің тәрізді еркін. Тапқанын тамағына, жұтқанын жұмырына сап күн кешкендердің өтіп жатқан сан сапасы жоқ біркелкі күндері. Бұ да болса оңды ақ. С.Бақ. * Алым-салық еңсесін көтертпеді. Ал бұл жақта тапқаны тамағына, жұтқаны жұмырына, — құдай бермесе амал қайсы, он қолынан басқа ортағы жоқ, оңаша тіршілігін қимайды екен. З.Шүк.
ТАР ЗАМАН
Қиындығы мол, азапты кезең. ~ Асан сөзінше, баяғы елдің «өзбек заманы», — «кең заман», «еркін заман». Өзбектен кейін тар заман туып, зар заман басталады. І.Жанс. ~ Соғыс енді ғана ес жиып келе жатқан елді есеңгірете бастаған. Майданға бірінен соң бірін әскер жөнелтіп, тылдағы жоқшылық, аштық, ашбүйірден ала түскен тар заман тағы иектеген еді елді. Т.Рыск.
ТАҢСЫҚ КӨРДІ
Таңырқай қарады, таң қалды. ~ Мұғалім де таңсық көрді, — Кел, қарағым, отыр,- деді.- Неге келдің, кім жіберді, Не керек?- деп сұрау берді. И.Байз. ~ Әбілда періуәтшікті көргеннен бері орысша киінген кісі оған таңсық көрінетін. Ж.Айм. ~ Ботпай айнала қаумалап, таңсық көріп тұрған рабфак студенттері алдында әрлі-берлі кердеңдеп жүрді. О.Сәрс.
ТАПҚАНЫ ТАМАҒЫНАН АСПАДЫ
Тапқан табысы ішіп-жемге ғана жетті.~ Азаматтық борышты өтеген билет бай депутаттың мейрамханасына қарауыл болуға әрең жарады. Бір күн істеп, екі күн демалады. Тапқаны қыдыру мен тамағынан аспайды. Е.Боқаш. ~ Адамның құлқыны жаман болса, азғыруға ылықпай қоя ма? Тапқаны тамағынан аспайтын қара орыс та құлқынның құлы екен. Ү.Жәл.
ТАР КЕЗЕҢ
Ауыртпалығы мол, қысылтаяң шақ. ~ Рас айтасыз, Жәке! Таты да тар кезеңге тап болдық. Тасыса — теңізге құяр, сарқылса — құрдымға сіңер тас бұлақтай халық кегін қайда, қалай бұрармыз? С.См.
ТАҢЫ АҒАРДЫ
Бөксесін созды д.м. ~ Жол үстіндегі буы бұрқыраған ат қиына екі-үш торғай таласа шиқылдасады. Көрші бақшадағы құдықтан қызыл шырайлы келіншек таңы ағарып, су тартып жатыр. М.Қаб. ~ Күндердің күні мәймиген жұмсақ алақанына жасырған алдаспан тырнақтары тарбайып жазылмас па, таңы ағарып, қарғып кетпес пе… М.Қаб. ~… ауада доға сызған мысық үстел бетіне төрт табанымен тең түсті. Таңы ағарып, тағы бір секірсе, табалдырықтағы кептердің нақ үстінен түсетіні даусыз. М.Қаб.
ТАПҚАНЫН ИТ, АРҚАСЫН БИТ ЖЕДІ
Өмірі қорлықта өтті д.м. * – Алғашында тапқанын ит, арқасын бит жеп жүрген қытымыр, жападан жалғыз қалған қиқар да қу шалсың-ау деп, тосырқағаным рас-ты … О.Бөк.
ТАР КЕЗЕҢ, .ТАЙҒАҚ АСУ
Басқа түскен қиын-қыстау заман. ~ Жер бетінен жойылып бара жатса қол ұшын берер пенде болар ма? Менің де жолым қым-қиғаш күрес, тар кезең, тайғақ асу. К.Жүн.
ТАҢЫ АЙРЫЛДЫ (ЖЫРТЫЛДЫ)
Діңкесі құрыды; болмайтын іске барып, ұятқа қалды. ~ Есі дұрыс болса, осынау ит арқасы қиянға аттыға еріп таңы айырылар ма еді? Маскүнем деген рудың елшісі. Қолбала ретінде ұстауға ертіп келемін. О.Бөк. ~ Қайын атаңның астына өйтіп көпшік қойма, пәтшағар! — деді төбеден түскендей.— Со да сөз бе? Аттыға ерген жаяудың таңы айрылады. М.Қаб. ~ Ойбай- ау, біздің мырзаға ілесем деп, байғұстың таңы айрылатын болды. С.См. ~ Бұл кісінің қорақопсысына дейін басқаға ұқсамайды. Оған ерем дегендердің таңы айырылады, сіздер ғана болмасаңыздар,— деп Ыбырай Жаңыл құдағиына күле қарады. С.Жүн. ~ Таудың тағысына бола таңың айрылып, тұлан тұттың, арамызға от жақтың, жыл аяғында алатын қосымша ақыдан айрылдың. О.Бөк. ~ Таусылмай ала жаздай күнде жиын, Жұмыс жоқ еш бітірген жалғыз тиын. Сабылтып жалғыз атын, тулақ қылып, Кедейге мүбәрәк жоқ, болды қиын. Жыртылды байға ерумен кедей таңы, Есінен адастырып байдың шаңы. Күпілдеп үйде отырып күжілдейді, Жігіттің қоразданған кейбір паңы. М.Ж.Көп.
