Тіл мен жаққа сүйенді. ~ Есіктегі иттей жасынан сұқ көз болып сүйекке телмірген қажының қабаданшылы. Таңдайын сауып, тоқсан түрлі құбылып, тоғыз саққа жүгіріп отыратын жез таңдай, қу құйрық. І.Жанс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҢДАЙЫ АҒАРМАС
Жарымас, оңалмас д.м. * Аттың тұрысынан-ақ шын жүйрікті таныған сұңғыла батыр: «Аһ, атаңа нәлет, сендей тұлпарлар тұқым алмай қалған еліңнің екі дүниеде таңдайы ағармас» деп тістеніп, басын шайқады. С.Жүн.
ТАҢДАЙЫНА БАСТЫ
Аузына салды. ~ Үйірсек аттай емпеңдей берсең — ағайынға қадірің болмайды, — деп, Байсұлтан бір тілім қазыны таңдайына басты. Ә.Асқ. ~ Бастық жақсы көрді. Сенді. Басқадан шоқтығым биік жүрді. Бұл жаман ба?! — Ол шоқтықтан не пайда, таңдайыңа басқан дәнемең жоқ! Ж.Алтайб.
ТАҢДАЙЫ ЖАРЫЛҒАН ШЕШЕН
Қызыл тілді ділмар адам. * Әнкежан бұл адамға өз ішінен қатты таңырқай қызығып, «Япырау, қазақ айтатын нағыз әлгі маңдайы жарылған батыр, таңдайы жарылған шешен» дейтін тап осының өзі емес пе деп ойлайды. Ж.Ахм.
ТАҢДАЙЫНА БҰЛБҰЛ ҰЯ САЛҒАН
Дауысы әдемі, бұлбұлдай сайраған. * Қарсыларының үндері өктем, түйеден түскендей. (Олар өңшең «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманның кейіпкерлері», «моральдық қағидалардан қарыс сүйем аттамаған, таңдайларына бұлбұл ұя салған шешендер»). Қ.Жиен.
ТАҢДАЙЫ КЕПТІ
Қатты сусады.* Қазақтан тұңғыш олимпиада чемпионы шықты! Соңынан қоса қуа жүгірген тілшілерге таңдайы кеуіп, қаталаған чемпион: "Қымыз беріңдерші, қымыз ішкім келеді", – дей беріпті. Ж.Аяз. * Бүкіл денесінде жанталасқан жалғыз тірлік дәл осы көк тамыр бойында ғана қалғандай сезіп, тілі құрғап, таңдайы кепкен аузы дәрменсіз ашылып талықсып жататын. Ә.Нұрп. * Қасиетті кітаптың ішіне енген жанама кейіпкері болып, я таңдайы кеуіп қиыр шөлді кезіп, я мәуесі малынған жеміс ағашының түбінде көлеңкелеп отырған машайық тақуа кісіге ұқсайды. Д.Досж. * Құм басып, аңқа құрып, шөл кептіріп, таңдай кеуіп, жалын атып қаталатады. Д.Аман.
ТАҢДАЙЫНА САНДУҒАШ ҚОНҒАНДАЙ
Сандуғаштың дауысындай әдемі дауысты әнші туралы. * Небір таңдайларына сандуғаш қонғандай әншілерін, домбыра құлағында ойнайтын күйшілерін, таңға шаршамай айтысқа түсетін ақындарын көреді. Ш.Құм.
ТАҢДАЙЫ ҚАҢСЫДЫ
Қатты шөлдеді. ~ Енді міне, маһшар алдында жатып та аңсағаны — сол Ақшоқы. Ал аңсап жатып, қиялдап жатып Ақшоқыны көрсе- ақ қарадай шөлдеп, таңдайы қаңсып сала береді. Д.Әш.
ТАҢДАЙЫНА СУ ТАМЫЗДЫ
Ақырындап су ішкізді. * Күтушісі аласұрған қыздың көрпесін жауып, басын сүйеп, таңдайына су тамызып көрер танды көзімен атырды. С.Смат. * Әлсіреген келіншекті аяп, өздері де қан соқты боп жүдеп келе жатқан жылаулы жұрт Рухияның таңдайына су тамызып, ыстық ішкізіп, бетін бері қаратты. С.Смат.
ТАҢДАЙЫ ҚҰРҒАДЫ
Шөлдеді, сусады. ~ Ертелі- кеш егіс басында жүрген Бекеңнің топырақ тұтқан бет- аузы көн теріше тырысып, жалақ болуға таяды. Таңдайы құрғап, жиі шөлдейді. С. Мұр. ~ Ерні кеберсіп, таңдайы құрғап қалғандай. Алакөлеңке бөлме ішінен дәл жаңағы саба иісін сезгендей болды. Д.Әш. Құмартты, тәнті болды. * Бұл Кертөбелдің аяқ тастасын мақтады, өзі мініп шапқан атышулы салымда күллі Қаратау қазағын таң қалдырып, таңдайын құрғатқанын айтқанда… қопаңдап… дастарқанның үстіне түсіп кете жаздады, тостақтағы түгесілуге айналған сары майды ұмытты. Д.Дос.
