Жолына тосқауыл қойды. ~ Жауын жауған жылдары қолаттар мен қомсулардың жағалауы болмаса, күні-түні жер тырналап қызыл ескен қылтанақсыз жалпақ қыр төрт түлікке жайылым болып жарытпайды. Ондайда жем-шөпті өзен-тоғандардың алдын буып, жерлерін көк шалғын ғып жайқалтып отырған шүршүттерден тасиды керуен-керуенімен. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛДЫ ДА, СОҢЫ ДА БІЗ ЕМЕСПІЗ
Елден ерек емеспіз, басқалар істегенді біз де істедік д.м. ~ Құдай тiлеуiңдi берсiн, Жұман, — дедi ол екi алақанын бетiнен алмастан, — ендi маған ештеңенiң қажетi жоқ. Төзiмiм таусылды, үмiтiм баяғыда үзiлдi. Айрылысқан адамдардың алды да, соңы да бiз емеспiз. Ж.Шағ.
АЛДЫ ЖӨН, АРТЫ СОҚПАҚ
Адамның жүріп өткен жолы неғұрлым ауыр болса, алдында тосар жақсылығы соғұрлым баянды болмақ. ~ Зүбәржат екеумiздiң тағдырымзға мұрын тыққысы, арамызға түскiсi келетiндер… мейлi, құдайым алдарынан жарылқасын, адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ! Ж.Шағ. ~ Адасқанның алды жөн, арты соқпақ… артында соқпақ қалған екен, күндердің күні, әйтеуір, бір судың ағары хақ, әйтеуір, бір бұлақтың іздеп табары хақ. Тапталған жол жоғалмайды. О.Бөк.
АЛДЫ КЕҢ
Айналасына жайлы, ақ пейіл, қолы ашық, береген адам туралы. ~ Қазағымның көңілі ашық, алды кең, Танытады тағылым
мен танымды. Ұлтым жайлы айтам десең, алдымен, Тазалап ал жүрегің мен жаныңды. А.Сәб. ~ Әкесі Қасым алды кең,
жарлы-жақыбайға қол ұшын беріп, қарайласып жүретін иманды адам болатын. Е.Бақ. ~ Мен мына Қапандай емеспін. Қазақ
халық-ағарту институтына барып едім, «білімің аз, оқуға түсе алмайсың» деді. Институттың директоры құдайға қараған, алды
кең адам екен. Берген ақылы, «лекцияларға қатысып жүр. Келесі жылы қайтсем де институтқа кіргіземін» деді. А.Жақ.
АЛДЫ ҚАТТЫ КІСІ
Қатыгез, мінезі ауыр. ~ Әдетте ауылдың үлкен-кішісі болсын, әйел-еркегі болсын «алды қатты кісі» деп қаймығып, Қамқа әжемнің алдында мұнтаздай болатын. Т.Ахт. ~ Намыстанғаным сонша, қашып ішке кіріп кеткім кеп бір тұрдым. Дегенмен алды қатты әкемнен имендім. Менің сипақтап ұялғанымды сезді ме: — Немене, олардың әкесі есек мінбей мәшине мініп жүр ме екен? — деп әкем жанынан өткендерге шытына қарады. Н.Сер.
АЛДЫ-АРТЫН ОЙЛАДЫ (БАҒАМДАДЫ, БОЛЖАДЫ)
Жағдайды іштей сарапқа салып барып ой қорытты, болжам жасады. ~ Қ ұ м а p. Тіптен бар-ау, бала емес, шаға емес. Алды-артын ойламай ма? Осындай да ақкөздік бола ма екен?! Т.Ахт. ~ Осының бәрі көкірекке шер боп байланып, кейде алды-артын ойлатпайтын ашу-ызаға дес беріп алатыны да содан еді. Қ.Жұм. ~ Бірақ, алды-артын ойлай бергеннен оңды әрекет шығар ма? Халықтың қасіретін ақын айтпай кім айтар? С.Дос. ~ Айшылық алыс жол үстіндегі халық алды-артын бағамдап, көшін жаңа түзеді ме? М.Қаб. ~ Әуелі бұлтаң-сылтаң етер еді. Шаһыбаз (парсы сөзі)- сабаз, жоғары санақтағы кісі. Көзсіз болса, алды-артын болжау кайда, Әркімнің жетегінде кетер еді». С.Тор.
АЛДЫ-АРТЫН ОРАДЫ
Айтарға уәж қалдырмай, сөзбен тұсап тастады. ~ …ойға жүйрік, шалымды Фуже Керімбектің көзінше аналарды тырп еткізбей екеуінің алды-артын орап сөйлеп, бұдан былай ең болмаса таныстық қатынас қып жүру үшін өз қолқасын өткізген-ді. Ж.Ахм. ~ Бірақ, ел басқарып ысылып қалған ыспар жігіт жылы да жылбурынды сөздермен әкесінің алды-артын орап құтқармады. Ғ.Біләл. ~ Тергеушi алды-артын орап, өзi құрған қақпанға қарай қақпайлап әкеле жатыр. Т.Сәу.
АЛҒАНЫ АС БОЛМАҒЫР
Жарымағыр, жегенің желкеңнен шыққыр д.м. қарғыс. ~ Алшынбай (ұнатпай). Тәйт әрі, су татыған сөзді есітпесем екен. (Сахнаның түбіне қадала қарап.) Әй, Елекбай! Атаңа нәлет-ау, мана айттым ғой: сонау бір жерді күреп таста деп… алғаны ас болмағыр… (Кенет ашуланып.) Неге ұрасың малымды? Неге ұрасың деймін малды… Б.Май. ~ Аржағынан ағаш шыға келді. Ағашқа ары- бері шеге қағып, бетіне ғана сабын жалатып, мөр басып лекерлеп қойған екен, алғаның ас болмағыр. Нұрперзентті айтсаңшы, сойталдай боп, соны аңғармаған. Ш.Мұр.
АЛДЫ-АРТЫН ТАНЫДЫ
~ Бұл кездері екеуі де адам болып, алды-артын танып, досын-дұшпанын, большевикті, меншевикті, тапты, тап жауын айырып қалған. Б.Қыд.
АЛҒАШ (БІРІНШІ) КӨРГЕН ҚҰҚАЙЫ ЕМЕС
Бұндай қорлықтың талайын бұрын да көрген. ~ Иә, жемтігіне оралмас қорқау болушы ма еді? Оралады да. Жә,
алғаш көрген құқайым емес. Ұра берсе құдай да өледі деп, ет үйреніп кеткен соң, бас жарылса бөрік ішінде,
қол сынса жең ішінде деп жүре береміз де. С.См. ~ Құдайға шүкір, басымызға іс түсе қойған жоқ әзір. Тіпті, жаман
айтпай жақсы жоқ, іс түсе қалған күнде бірінші көрген құқайымыз бұл емес, — деп қабылан батыр қатайып, аруақтанып алды.
С.Дос.
