Posted in

ТАҚЫМЫН ҚЫСТЫ

Тақымымен тебініп, атқа шүу-шүуледі. ~ Қара барқын түнде баран мінген жалғыз салт атты көлігін пысық аяңдатып, ауыл шетіне жақындай бере «Жеттім бе, жетпедім бе?» дегендей алдыға қарай еміне ұмсынып, онсыз да жүрісінен көңілін қалдырып көрмеген пырағына тақымын қыса түсті. К.Сег. ~ Чернов тақымын қыса түсті. Тек разъезден ұзап шыққасын ғана ат басын тартты. Ә.Нұрп. ~ Жауынбай қиыстай тартып бүлкілдете жөнелгенде, торушы адам құйғыта шауып, бүйірден қосылды. Жауынбай да Күреңтөбелге тақым қысты. Кәнігі күрең атылған жебедей бір — ақ ырғыды. С.См. Жанкүйер болды. ~ Аңғарғаныңыздай, арқасы қозып тұратын біздің Сары бүгін "Өнер барысында" "Көкжал"мен "Қыран" үшін тақым қысты. БАҚ ("ӘЖ") ~ — Алыста жүрсең де асылдың сынығы — арысымызсың. «Жалғыз баласы атқа шапса, шешесі үйінде отырып тақымын қысады» демекші, сыртыңнан атақ- абыройыңды естіп, тілеулес боп отырмыз. Сені нағашы жұртында қақпай көріп, бірдеңеден тарығып жүр демеймін. Қ.Жұм. Қорқып, жым болды. ~ Кезі келгенде қандай бәлеге болса да шыдайтыныңды бір көрсетсең, бар жауыңжымдай болып тақымын қысады. Әйтпесе емен де, семен де басынып, оңай қоржын қылып алады. М.Әу.

Posted in

ТАҚЫР ЖЕРГЕ ОТЫРЫП ҚАЛДЫ

1. Алаяқтарға алданып қалды. ~ Ау, бәсе. "Бар тапқан ақшасын алаяқтар алдап кетіп, тақыр жерге отырып қалыпты. Өзін тонаушылар тонап, өлімші қып ұрып кетіпті…" деген үрейлі хабар да ұзын құлақтан жеткен… Т.Рыск. 2. Барынан айрылып, мұқтаждыққа түсті. ~ Үйленіп, жасауына дейін алған соң Дурновоның кедейліктен тақыр жерге отырып қалған помещиктің мұрагерін теспей сорды, иегіндегі әдемі қоңыр сақалынан басқа мақтанары жоқ, жиырма бес жасына қарамай басы жұмыртқадай жалтырап қалған неме еді. И.Бун.

Posted in

ТАҚЫМЫН ТОЗДЫРДЫ

Талай көлікті астына мінді д.м. ~ — Бұны «Иманөткелдің» Аманкелдісі айдап апарады. Инженер емес пе, талай мәшиненің тақымын тоздырған. Ұлеке, жүріңіз, кеттік, жолдан қалмайық. Қ.Түм.

Posted in

ТАҚЫР ЖЕТІМ

Еш жақыны жоқ, қу жетім. ~ Нарбота — тақыр жетім. Әкесі соғыста опат болған. Шешесі қырық үшінші жылы өкпесіне суық тиіп, кешікпей күйеуінің соңынан жөнеп берген. Ш.Мұр. ~ Есімде, біздің үй соғыс басталған жазда Ақсуатта отырды. Біздің үй деп отырғаным – жездемнің үйі ғой. Өзім тақыр жетіммін. «Әкең атқа мінген, билік айтқан кісі. Мәмбетейдің ішінде содан тәуірі болған жоқ. Т.Әбд. ~ Оразбек менің курстасым, тақыр жетім еді, ынтырнаттың баяғы «ұрғашы» польтосын екеуміз кезек киіп қыстан шығып жүрдік. Қ.Ысқ.

Posted in

ТАҚЫМҒА АЛДЫ

Икемге келтірді, ыңғайлады. ~ Тұлпарын тәуекелдің тақымға алып Алдына ақбоз үйдің жақындадық. Екінің бірі шыдар, ер болса да, Енуге есігінен батыл барып! И.Сап. ~ Рас, ұлым айтылған сөз оқпен тең, Бір кезде мен Махамбетті жек көргем. Әлде кемшін шағым ба еді ол ақылға?! Пенделік қой алған мені тақымға. М.Шах.

Posted in

ТАҚЫМЫ КЕППЕС (КЕППЕГЕН) ҰРЫ

Ұрлық-қарлық жасаудан бір тынбайтын кәнігі ұры. ~ Тақымы кеппес – ұры едің, Түн қатып жайыңа жүр едің. Қабанбайдан бұрын найзаңды. Қай жерде жауға тіредің?! Бұқар жырау. ~ Қонақ шал оларға көз қиығын тастап жымиып қояды; бұл өзі осы өңірге сонау колхоздасу тұсында келген кірме. Жасында тақымы терден кеппеген ұры бопты дейді. Анау-мынау кісінің аяғы жетпейтін қиян қашықта жатқан Қара-қалпақ, түркпен еліне қасына кісі ертпей, жалғыз жортыпты деседі. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМҒА БАСАР

Мінетін, менішігіне тиген (не болашақта тиетін) ат туралы. ~ Ел не дейді? Жұрт жайы қалай, оны тегінде, Құнанбай балалары ойлауды ұмытқан. Олар болыстықты өздеріне ортақ, төл аты деп білетін. Бүгін біреуі иемденіп жүргенімен, өзге Құнанбай балалары «ертеңгі күні өзімнің де тақымға басарым» деп қарайтын. М.Әу. ~ Тік көтеріліп өре тұрар кешегі ереуілдеген қайратым жоқ. Тақымға басар тулақ бітпеген бүгінгі жоқ– жітік халім қол байлайды. С.См.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚАТТЫ

Әлеуетті, мықты, қауқары мол.. ~ Қатыгез тағдыр кімді аяп еді? Бұның өзі де додаға тастаған лақтай әлдебір аты мықты, тақымы қатты тентектің қанжығасында бөктергіде кете баратындай қорқып, түптің түбінде басына төнер бір зауалды тосуда еді ғой; мектепте жүргенде тағдырының бір ұшы тарихтан сабақ беретін шыныкөз ағайдың қолында тұрғандай көрінді… Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМҒА ҚЫЛБҰРАУ ТҮСТІ (САЛДЫ)

Қиындыққа тап болды, ажал аузына тақады. ~ Мойынға түскен жіп тұзақ үміт пен арман атты қос ғашықты әлпеншегінде тербетіп, қылқындыра тұншықтырады. Тақымға түскен қылбұрау бунап шыңғыртады. Безілдетіп бебеу қақтырған ашты толғақ қыстығады. Ғ.Біл. ~ Алайда, «Япыр-ай, қалай болар екен, өңшең сен тұр, мен атайын қызыл көз пәлелер тақымға қылбұрау салатын шығар» деп ине ұшында қылпылдап келген. Т. Сәу.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚҰТТЫ

Отырған аты жүлделі келетін, жолы болғыш шабандоз д.м. ~ Бәйгеге қосар болса Ақан атын, Мінгізіп бұл баланы апаратын. Тақымы жетімектің құтты болып, Құлагер қосқан сайын бәйге алатын. І.Жан. ~ Қай баланы мінгіземіз? — деді Нарғазы. — Аттарды «тым алыстан жібереді екен» деп жүр ғой. Көн терілеу бала болса жарар еді. — Ақылжанның өзі шапсын. Тақымы құтты, әрі Құдайторымен сыр мінез, әрі атқа жеңіл. К.Қаз. ~ Үстіндегі бала артына әлсін-әлсін қарай береді. Қара үзіп кеткеніне арқаланғандай. Нарғазы жылап жіберді, қуанғанда да адам көз жасын ұстай алмайды ғой. «Қолтығына біткен қанатыңнан, тақымы құтты Шелпегімнен» деп жылайды. К.Қаз.