Posted in

СЫНЫҚ СЫҢАЙ

Мұңды жүз. ~ Бойындағы әлдене қымбат асылын абайсызда ұрлатып алып, мұңға батқан бір сынық сыңай бар сиқында. С.Үс. ~ — Даланы көргім келіп… — деп міңгірледі келіншекке қарап көзін бір төңкеріп алған дімкәс қыз жанарын қайта жерге салып. Үнінде кінәсін мойындаған бір сынық сыңай бар. С.Нұғ. ~ Бойындағы әлдене қымбат асылын абайсызда ұрлатып алып, мұңға батқан бір сынық сыңай бар сиқында. С.Үс.

Posted in

СЫҢАР СҮЙЕМ

Байырғы қазақ өлшемі. * Бұл күбірі өз-өзіне берген сертіндей – боз қасқаның қанымен ант-тасқыннан сыңар сүйем кем шыққан жоқ. О.Бөк.

Posted in

СЫНЫҚ ҰСТАДЫ

Сынықшылықпен айналысты. ~ Арғы жағы ата-бабасынан жалғасып, тіні үзілмей келе жатқан қасиет болар, Есенияздың кейде сынық ұстайтын да өнері бар еді. Өзі соны арнайы кәсіп қылмаса да туралап келген адамдарды қайтармайтын. «Менің қолым емес, ескілердің қолы, өткендердің жолы» деп сылап-сипап жібереді. О.Көш.

Posted in

СЫҢҒЫР КҮЛКІ

Күмістей сыңғырлаған әсем, ұнамды күлкі. * Сыңғыр күлкіден айрылып сыңсыған мұң пернелерге оратылып қыңсылайды. Ғ.Біл. * Ырысқанның әсем сыңғыр күлкісі де бүгін шаншудай қадалып, соның бәрі әлдебір дарақылық, беймазалық сияқты көріне берген. Қ.Жұм. ~ Ақілгек сыңғырлай күлді. Оның күміс қоңыраудай сыңғыр күлкісі өн бойына шымырлап дарып, сіңіп жатты. С.Олж. ~ Айлы түн, алтыбақан қызығы, қыз-келіншектер мен бозбалалардың топтанып, қосыла шырқаған әндері, сыңғыр күлкі, шолпының сыңғыры, әткеншекте әуелете ән салып, ғашық жүректің ынтық зарын жеткізгенде көңіл шіркін мейлінше толқитыны әлі де ұмытылған жоқ. А.Жақс. ~ Тынысы ашылған домбыра қызша сықылықтап сыңғыр күлкіні күміс теңгедей қақпақылдады. Ө.Кәр.

Posted in

СЫН ТЕЗІНЕ САЛДЫ

Сынға алды. ~ Бұған қоса жастар тәрбиесінде саяси- ағарту үйірмесінің ережесін жасайды /"Жас қазақ" журналы, 1924, № 5- 6 және 7- 8/, ел арасында кездесетін ұлттық психологияға, әдет- дағдыға жат құбылыстарды "Пара алу тоқтала ма?" /"Ақ жол", 1924, 22- қараша/, "Гәп қол ағашта" /"Қазақ тілі", 1926, 4- қазан/ деп сын тезіне салады. Р.Тұрыс.

Posted in

СЫНЫҚ БҰРАУ ҚАЛДЫРМАДЫ (ҚАЛМАДЫ, ТАСТАМАДЫ)

Түк қалдырмады, түгел алып кетті. ~ Таңертең үйіне оралса, ұрылар керек-жарағын алып кеткен болып шығады. Көп өтпей әлгі адал адам тақыр кедейге айнала бастайды. Ұрылар оның үйінде сынық бұрау қалдырмай тонап кетеді. И.Калвино. ~ Атан түйелерге бастыра жүк артып, қыл арқанның бір ұшын белдеріне шалып алған жігіттер, бір-біріне «алдысың ба, артысың ба?» деп алып, шірене тартқанда, қимылдарына көз ілеспейді. Ал әйелдер жағы сабақты жібін, сынық бұрауын жұртқа тастамайды. Қ.Жұм. Жігіттердің жүздері жайраң, көңілдері мейрам. Әрқайсысы емен-жарқын тіл қатып, күш-көліктің жеткілікті болғанын, көшкен жұртта сынық бұрау да қалмай, тегіс жолға түскенін баян етті. Қ.Жұм.

Posted in

СЫНА ҚАҚТЫ

Араға іріткі салды. ~ Әрине А.Атамбаев сияқты алысты болжай алмайтын, кететін болған соң есікті қатты серпіп тұрған саясаткердің сөздері ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ пен қырғыз арасындағы туыстық пен достыққа сына қаға алмайды. "ЕҚ". ~ Сынның ел мен ердің арасына сына қағу үшін емес, жұмыстың жандануы, ширауы үшін жазылатынын ескерсек, кейбір ат үстіндегі азаматтардың оқыса да, оқымаған, естісе де естімеген кейіп танытуын қалай түсінуге болады?!. "ОҚ" ~ – Қазақстан халқын біріктіретін санаулы фактордың бірі – әнұран. Ал мынандай аударманы соған сына қағу үшін жасалған әрекет деп түсінемін. "Азаттық".

Posted in

СЫНЫҚ ЖЕТІМ

Мұңды, шерлі, бишара. ~ Сосынғысы ағайынға сөз айттырып жүріп, Бижамал атты өзіндей бір мұңлықты кезіктірген. Ағынан жарылса, «сынық жетім шал» деген былайғы қаңқу сөзден именді. Ә.Асқ.

Posted in

СЫНАДАЙ ҚАДАЛДЫ

Жабысып алып, айрылмады. ~ Аузына дуа қонбаса да айтқаны келіп, Мешел бұдан соң оқуды да жарытқан жоқ. Ең қиыны, баладан ананың жылы құшағын айырып, жалғыз көздің екі араға суық сынадай қадалғаны. Қ.Ысқ. ~ Қайдан есіне түскенін білмейді, Қоспан ұмытып кеткен Қасболаттың сонау сөзі енді келіп екеуінің арасына сынадай қадалып тұрып алды. Т.Ахт.

Posted in

СЫНЫҚ ЖҮЗ (ЖҮЗДІ)

Көңілсіз, жабырқау. ~ Он бес күн бойы боқ сыпырып, сақал-мұрты қаулап өсіп, жадап-жүдеп келіп отыр. Шашын сыпырып тастағасын тоқырайып қалған бас кісіні кескінсіздеу етіп көрсете ме, онсыз да сынық жүзінің сиқын кетіріп-ақ жіберіпті. Қ,Мұх. * Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Қ.Қази.