Posted in

СЫНЫҚ БҰРАУ ҚАЛДЫРМАДЫ (ҚАЛМАДЫ, ТАСТАМАДЫ)

Түк қалдырмады, түгел алып кетті. ~ Таңертең үйіне оралса, ұрылар керек-жарағын алып кеткен болып шығады. Көп өтпей әлгі адал адам тақыр кедейге айнала бастайды. Ұрылар оның үйінде сынық бұрау қалдырмай тонап кетеді. И.Калвино. ~ Атан түйелерге бастыра жүк артып, қыл арқанның бір ұшын белдеріне шалып алған жігіттер, бір-біріне «алдысың ба, артысың ба?» деп алып, шірене тартқанда, қимылдарына көз ілеспейді. Ал әйелдер жағы сабақты жібін, сынық бұрауын жұртқа тастамайды. Қ.Жұм. Жігіттердің жүздері жайраң, көңілдері мейрам. Әрқайсысы емен-жарқын тіл қатып, күш-көліктің жеткілікті болғанын, көшкен жұртта сынық бұрау да қалмай, тегіс жолға түскенін баян етті. Қ.Жұм.

Posted in

СЫНА ҚАҚТЫ

Араға іріткі салды. ~ Әрине А.Атамбаев сияқты алысты болжай алмайтын, кететін болған соң есікті қатты серпіп тұрған саясаткердің сөздері ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ пен қырғыз арасындағы туыстық пен достыққа сына қаға алмайды. "ЕҚ". ~ Сынның ел мен ердің арасына сына қағу үшін емес, жұмыстың жандануы, ширауы үшін жазылатынын ескерсек, кейбір ат үстіндегі азаматтардың оқыса да, оқымаған, естісе де естімеген кейіп танытуын қалай түсінуге болады?!. "ОҚ" ~ – Қазақстан халқын біріктіретін санаулы фактордың бірі – әнұран. Ал мынандай аударманы соған сына қағу үшін жасалған әрекет деп түсінемін. "Азаттық".

Posted in

СЫНЫҚ ЖЕТІМ

Мұңды, шерлі, бишара. ~ Сосынғысы ағайынға сөз айттырып жүріп, Бижамал атты өзіндей бір мұңлықты кезіктірген. Ағынан жарылса, «сынық жетім шал» деген былайғы қаңқу сөзден именді. Ә.Асқ.

Posted in

СЫНАДАЙ ҚАДАЛДЫ

Жабысып алып, айрылмады. ~ Аузына дуа қонбаса да айтқаны келіп, Мешел бұдан соң оқуды да жарытқан жоқ. Ең қиыны, баладан ананың жылы құшағын айырып, жалғыз көздің екі араға суық сынадай қадалғаны. Қ.Ысқ. ~ Қайдан есіне түскенін білмейді, Қоспан ұмытып кеткен Қасболаттың сонау сөзі енді келіп екеуінің арасына сынадай қадалып тұрып алды. Т.Ахт.

Posted in

СЫНЫҚ ЖҮЗ (ЖҮЗДІ)

Көңілсіз, жабырқау. ~ Он бес күн бойы боқ сыпырып, сақал-мұрты қаулап өсіп, жадап-жүдеп келіп отыр. Шашын сыпырып тастағасын тоқырайып қалған бас кісіні кескінсіздеу етіп көрсете ме, онсыз да сынық жүзінің сиқын кетіріп-ақ жіберіпті. Қ,Мұх. * Бірақ жат жаққа жол жүріп келе жатқандай сынық жүзді, жабырқау емес, мына вагон өз үйі, өз мекені сияқты көңілді. Бізге қарағанда жер көріп, ысылып қалғандықтары аңғарылып тұр. Қ.Қази.

Posted in

СЫНАДАЙ ҚЫСТЫРЫЛДЫ

Әлдебір іске орынсыз килікті, кірісті. ~ Жанұзақ оның сөзін елең құрлы да көрген жоқ. Жұмаш пен Баймырзаның арасында сынадай қыстырылып, отырып алды. Қ.Жұм. ~ Дегенмен қара мұрт өлермен адам. Қайдағы қиынға сынадай қыстырылып, ауыл атынан араласып, ылғи көзге түсіп жүреді. Ғ.Мүс. ~ Олар шүпірлесіп автобус жанында тұрып фотоға түсті. Ортада — Әдемі. Тәжен Ханзада мен Нұркүлдің арасына сынадай қыстырылып тұрып алып «Әй, мені крупный планмен ал» деп қарқ — қарқ күледі. Н.Сер.

Posted in

СЫНЫҚ ИНЕ АЛМАДЫ

Дәнеме алмады. * Жаман іске ешқашан барғаным жоқ. Бос жатса сынық ине алғаным жоқ, Қанағат қылдым азды, талғамым тоқ. Ә.Қоянб. ~ Екеуі жата берді осы күйде, Қолына еркін тиіп қызық дүние. Істеген бұл жігіттің жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. БС. Мырқы батыр".

Posted in

СЫНАЛАП КІРДІ

Қыстырылып, жігін тауып енді. * Ақандар да қақпаға ұмтылды. Мойындарын созып, көп адамдардың арасынан сыналап кіре алмай әлек. С.Жүн. * Шәуәли жапа-тармағай үймелеген жұрттың қай жерінен сыналап кірерін білмей ана машинаға бір, мына машинаға бір жүгірген алақтап. Т.Сәу. * Кең майданды түгел жапырмай, жігін тауып сыналап кіріп, қақыратып жарып өтуге құштар неміс командованиесіне қарсы бұл бір жақсы тәсіл еді. Т.Ахт. * Содан бері санасына сыздықтап, сыналап кіріп, үңгіп, үңірейтіп тастаған. С.Сағ. * Ән Абылайдың тұла бойына сыналап сіңіп барады. Қ.Түм. * Сыныққа сылтау таппай киліксең, көзіңе шұқитындар жаттан да, жақыннан да табылары анық. Сылтау болса, сыналап кіріп, сұғынып ену оңайдың оңайы. С.См. * Бүгін мен де Садыкемнің қойнықонышы толы сын- сықағына сыналап кірмей- ақ, … сатирасының бір де болса бірегей сипатын аңғартатын бірер сөз айтсам деп едім… З.Қаб.

Posted in

СЫНЫҚ ИНЕ ҚАЛДЫРМАДЫ

Түк қалдырмады. ~ Дүниесін бере берсін Хұршым танып, Бастырып екі арбаға тиеп салып. Сол үйден (ыстық) сынық ине, түк қалдырмай: Келіндер! — дейді — түгел жинап алып! М.Ж.Көп.

Posted in

СЫНАПТАЙ (СЫНАПША) СЫРҒЫДЫ

Қитұрқы тұрақсыздық туралы. ~ Немене, күмәнің бар ма? – деп мен оған қарсы сұрақ қойдым. ― Кім біледі сынаптай сырғыған дүние… – деп, Жолтай тағы да сары уайымға басты. Б.Тоғ. ~ Сынаптай сырғитын кеңестік сайқал саясат «жығылғанның басында, жылағанның қасында» табылғысы келетін қашаннан бергі үйреншікті қитұрқы әдетімен. Ж.Шәк. Жылдамдық сипаты ретінде де айтылады. ~ Су жаңа көлік сынаптай сырғыды: таңғы саф ауа жағымды-ақ тынысыңды аша түседі. Т.Ор. ~ Қызғылт жиектен қалың нөпір көрінді. «Бұ не, құдай-ау?» Жәзира таңдана қарай қалды. Алыстан әлгі сынаптай сырғыған қара желмая тәрізді. М.Сүн. ~ Ең алдымен, өзгелерден оқ бойы шығандап жалқы келе жатқан жүргіншінің астындағы керген төстіктей көк қасқа шұлғып тастап, сумаң-сумаң аяңдағанда өрлі-еңіске бірдей сынаптай сырғиды. К.Сег. * Сүрініп жығылмай, сынапша сырғып өкшелеп жеткен составқа соғылмай, әр қадамыңды санап басып, я асығыс, я жаңылыс баспай, он алты шақырым сапар шегу — сіңіріңді созады. Д.Дос. Жылжып барып, көрінбей кетті д.м. ~ Сынаптай сырғыған уақытпен бірге жасы да ұлғайып, қызметі де өсіп,мәртебесі жоғарылай берді. Д.Рам. * … қаудырлаған сулығының қыртыс-қыртысына іркілген жаңбыр суы сынаптай сырғып кетіп жатқанымен де ісі жоқ. Бүгежектеп, табалдырық аузында кебісін шеше алмай, аһлады-үһледі. М.Сүн. * Орта түс. Жолдың қақ жартысы есеп. Сәл ассаң, уақыт өрмектің жүзі ауып, бірсін-бірсін еңіске қарай еңкулеген күн ғұмыр көкжиекке қарай домалай жөнелер. Сөйте-сөйте сынаптай сырғып барып, түн түнегіне сіңіп жоғалар. Ү.Жәл.