Ұнамсыз, жек көрінішті қылды. ~ Ит қуғандай апалақтап кіріп келгенімді жақтырмай қалды ма әлде сүмеңдеп жиі келіп кеткенім сүйкімімді қашырған болар, әйтеуір қабағы сыз. Т.Сәу. ~ Кей әйелдің ажар-көркінің өз уақыты, өз кезеңі болатыны белгілі, әлденендей бір кездей-соқтықтан олар не жүнжіп кетеді, не жайнай түседі, сондықтан жан дүниесінде болған бұлғақтың салдары олардың сүйкімін асыратыны немесе сүйкімін қашыратыны, көбіне-көп кеспірсіздендіріп жіберетіні де әбден табиғи нәрсе. М.Серв.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҮРГІНГЕ СҮРЕҢ САЛДЫ
Ашық айқасқа шықты. * Қайдасың, мырза көңіл, мәрт күндерім?! Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенім. Егесіп екі кештің арасында, Сүргінге сүрең салып тарттым дедім. С.Сағ.
СҮТ БЕТІНДЕГІ (БЕТІНЕ ШЫҒАР) ҚАЙМАҒЫ
Елдің игі жақсысы. ~ …«Халық жауы» деп, сүт бетіндегі қаймағын жалмап-жұтып әкетіп жатқан зұлматтың мысық табандап бұларға да жақындап қалғанын ол кезде өздері әлі білмепті. Ш.Құм. ~ Туған халқыңды құрбандыққа қиып отырған бүгінгі сөзіңе қарап, сасық қоғадай жапырылған түріңе қарап, сені қазағымның сүт бетіне шығар қаймағы емес, қазан түбіндегі қаспағы ма деп қалдым. К.Сег.
СҮЙРЕТПЕ СӨЗ
Жел сөз, өсек. * Осы сыпсың кәрі софының құлағына шалынғалы алдақашан. Көптен бері ел арасында шұбатылып жүрген сүйретпе сөзді естісе де, ескермеген боп ішінен тынып жүрген-ді. Ә.Нұрп.
СҮРГІНГЕ ТҮСІРДІ (САЛДЫ)
Біоеудің ізіне шам алып түсіп, қудалады, қуғынға ұшыратты.~ «Өкіметтің малын шығындап жатқан жұртқа тыйым салудың орнына, ойын-тойға өзі бас болып, ән салады, жыр айтады» деген айып бұны үш-төрт жыл сергелдеңге салып, сүргінге түсірген. Ү.Жәл. ~ Өз басымның қатысы шамалы. Бірақ, Сабыр да періште емес, демек бір пәлесі бар, әйтпесе тегіннен–тегін айыптап сүргінге салмаса керек. Ш.Айт.
СҮЙРЕТПЕГЕ САЛДЫ
Әлдебір істің шешімін құр сөз, бос уәдемен соза берді. ~ Тап осы жолы Жайынбекті ұстаса, шаруаларының не болатынын, не болмайтынын біржола шешіп, тіке сөйлеуге Ғазиз екеуі келіскен. Енді босағада тұрып, ақылдасса, тағы да бір оңай сылтаулар айтып, сүйретпеге салуға беті бүлк етпейтініне күмән жоқ. С.Жүн. ~ Әйтсе де, айтқан уағдаңыз бар еді, күні бүгінге дейін сүйретпеге салып келесіз. С.Жүн.
СҮРЕ ЖЫҒЫЛДЫ
Зорға жетті. ~ Кемпірі қуып жетіп қолындағы түйіншекке жармасты. Кемпір, шал, өз ит көйлегін өзі қуған қызыл шақа сәби аяқтан тартқылаған майса құмақ пен кеудеден итермелеген өкпек желден діңкелері құрып, қара тепсеңде қараусыз қалған құрым үйге сүре жығылды. Ә.Кек.
СҮЙТКЕНШЕ БОЛМАДЫ
Сол сәтте, ілезде, артынша. * Сүйткенше болмады, артынан бір орыс жүгіріп келіп, құшақтай көтеріп қосқа ала жөнелді. Ж.Айм. ~ Сүйткенше болмай, сары ала төбеттің дауысына жалғаса сарнаған ащы дауыс шыңылдап аспанға шықты. Жұрт селт етіп, құлағын тіге қалды. Б.Майл.
СҮРЕЛІ СӨЗ
Мән-маңызы бар сөз. ~ Сондықтан, ол әнді ылғи бұзып салатын кісімсіп шалдың, кемпірдің, пұшықтың әндерін салып жұртты күлдіреді. Өлеңге де өрісі онша емес. Сүрелі сөзден, өнегелі әңгімеден көп білмейді. І.Жанс.
СҮЛДЕР ҚҰРДЫ
~ Бүгінгі түн жарық, айлы. Қалғып қана тыныс алған майда түн еді. Қөңілге әлдеқайда: тоғайлы, ұйқылы, маужыраған сайда күбірлеп сөйлеп, сүлдер құрып, үзіліп тұрған көздерді еске түсіргендей еді. Түн сондайлық өзгеше демалыстың, жанды сағаттың түні еді — ау! М.Әу.
