Posted in

СҰЛҚЫН БАСТЫ

Аптығын, емеурінін басты. ~ Сен түгіл, сұлтан болып билеген ел, Бұл бетпақ нешеулердің басқан сұлқын. Көңіліңмен кеңесіп көр, күшің қайда, Ерлердің иеленуге көшкен жұртын. Т. Ізт. ~ Артур қонағым сәл сұлқын бассын деп ойлады да, стол басына барып, конвертті ашып, хатын оқи бастады. Дж.Лонд. ~ Дауылпазды да ұрып жыққан ол. Дауылпаздың кім екенін білесің ғой. Бесінші раундыда-ақ жұмысын бітірді. Сен бір минутке де шыдамайсың. Түсіндің бе? — Осы сөз сұлқын басқан болу керек, жігіт жуасып қалды. Дж.Лонд.

Posted in

СҮТ КӨП, КӨМІР АЗ

1. Жағдай екіұшты, алда не боларын бір құдай біледі д.м. ~ Болыс. Жарайды, шырағым, тос. Кездесеміз әлі сен екеуміз, кездесеміз, тұра тұрайық. Сүт көп, көмір аз! М.Әу. ~ …биыл аманшылық болса бәйге біздікі шығар. — «Сүт көп, көмір аз», асықпайық. С.Мұқ. ~ Қалың көпшілік осындай сөздер айтып жатқанда, — «аптықпаңдар әлі!.. «Сүт көп, көмір аз» деген!.. Әліптің артын бағыңдар!» деп көптің, «айыптылар жазаланады» деген сеніміне күдік түсіруге тырысқандар да болмай қойған жоқ. С.Мұқ. ~ Кетсең кет. Сен келсең болды, от, өрт келеді осы үйге, — деді Нәркес. — Ә, бұған да жеттің бе? «Сүт көп, көмір аз» әлі. Мейлің, — Назым диванның үстінде жатқан сөмкесін алды да шығып кетті. Т.Әбдір. Карта қолы арамға шығады да! — Қой, несібесі бар да, сабаздың! — Дүниенің ақшасын ұтты-ау! — Әлі сүт көп, кемір аз! Т.Әл. 2. Жазғытұрым алғаш күн күркіреп, найзағай ойнағанда құдайдан ошағында оттың көп болуын, отбасына мол ризық тілеп, есік алдына айран төгіп, үйді айналып жүріп,"сүт көп, көмір аз" деп, шөміш қағу ырымы. ~ …найзағай жарқылдаған кезде, есік алдындағы жерге балта, шот сияқты темірлерді жауып, «сүт көп, көмір аз» дейтін бата оқиды, онысы ошағында оттың көп болуын тілеу сияқты. С.Мұқ. ~ Балсары ауыз бөлмеде ыдыс – аяқтарды даңғыр– дұңғыр еткізіп шөмішті ала шықты. Үйді айнала жүріп: «сүт көп, көмір аз, сүт көп, көмір аз» деп ырым қып шөміш қақты. С.Мұр. ~ Кешікпей жаңбыр басталып, күн күркіреп, шешесінің босағада тұрып, бір шөміш айранды далаға шашып жатқанын байқады. — Сүт көп, көмір аз! Сүт көп, көмір аз… Иә, жаратқан, қара қазан сарбаланың тілеуіне мол ризық бере гөр! — деп Рыскүл қолындағы шөмішті үйдің босағасына, маңдайшасына қаққылап жүр. Қ.Жұм. 3. Мал төлдеп, ақ молайған, отын-көмір азайған шақ. ~ Ел Күрті қапшағайына, Тасмұрынға көшіп, көктеп отырған, сүт көп, көмір аз, балауыз шақ болатын. Тоғыз судың торабы Күрті де кенересінен асып, өткел бермейді. Б.Қыд.

Posted in

СҮТТЕЙ ҰЙЫДЫ

1. Жарасымды, тату-тәтті өмір сүрді. * Қойтеке неге жасын жерге шертеді? Сүттей ұйып отырған, шын сүйіскен асық жарлар Ақбілек пен Бекболат неге айырылады? Қайда шындық? Қайда әділдік? Қайда адамгершілік? Қайда құдай? Қайда қиямет? Ойланыңдар, бейуаздар! Ж.Айм. ~ — Неге өтірік болсын, кеше бәйбішелер де айтып отырды ғой, — деп Ұмсынай оған қарсы түсті. — Бетсіздігі де, сүттей ұйып отырған байын тастап… Шал деп, шалды құдай жаратпап па… Б.Майл. * Бұл Сарыөзекті басып алып, талай халықты қан жылатып, құлдыққа айдап қор қылған қатыгез жаулардың бірі еді. Найман-Ананың сүттей ұйып отырған ұясын да бұзған осылар. Ш.Айт. ~ Жұрттың сүттей ұйып отырған талай ұясын бұздың!!! Некелі жарына қол салдың!!! — Мен… ешкімнің ұясын бұзғаным жоқ! Ешкімнің әйелін зорлағаным жоқ… еркінен тыс! Желқуық ұрғашылардың өздері кінәлі! Шыбыш сүйкенбесе, теке артылмайды! С.Ел. ~ Соның ар жағында сүттей ұйып отырған колхоз еді, бүгін келсем адам шошырлық: малдарын сатып, сойып, соқа-сайманын бүлдіріп, бірсыпырасы қолхоздан шығамыз деп әлекке түсіп жатыр. Б.Майл. 2. Бар ықылысын аударды, зейін салды, әр сөзіне күмәнсіз сенді. ~ Міне, Жұмасейіт қажының діншілдігінің беті осы еді. Басқалар мұның діншілдігіне сүттей ұйып нанса да, Кәтимә бәйбіше нанған емес. Қара тоқал да солай. Бірақ бұлар да сырт көзінде қажының «діншілдігіне» зәреден кір жұқтырып көрген емес. Б.Майл.

Posted in

СҰЛУДЫ ЖАЙЛАП, ЖҮЙРІКТІ БАЙЛАДЫ

Өмірдің қызығына батты, серілікке салынды. ~ Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Абай.

Posted in

СҮТ ҚАТҚАН

Сүт қосылған. ~ Мұнарбектің сүт қатқан қою шайынан соң тағы да маужырап ұйқы соғайын… Ә.Асқ. ~ Ертеңгісін қою сүт қатқан тары көже ішіп отырып, салмақпен апама былай дедім: — Сіз менен қам жемеңіз. Сауатым бар. Басым істейді. Ал, мына ұнды қазірден бастап пайдаланатын болыңыз. Т.Берд.

Posted in

СҮТТЕЙ ҰЙЫП, СУДАЙ ТҰНЫП

~ Мұны мен де әбден біліп болғамын. Оның үстіне ұзақ жылдан бері біріне –бірі сүттей ұйып, судай тұнып алған үлкендерді батасынан қайтару мүмкін емес екендігі де айқын. Ж.Сәм.

Posted in

СҮЛДЕР ҚҰРДЫ

~ Бүгінгі түн жарық, айлы. Қалғып қана тыныс алған майда түн еді. Қөңілге әлдеқайда: тоғайлы, ұйқылы, маужыраған сайда күбірлеп сөйлеп, сүлдер құрып, үзіліп тұрған көздерді еске түсіргендей еді. Түн сондайлық өзгеше демалыстың, жанды сағаттың түні еді — ау! М.Әу.

Posted in

СҮРЕН САЛДЫ

Айқайлап, қиқу салып, ұрандатып, шу көтерді. ~ Уәде бойынша Құлжатай мен Еңсебайдың үні шыға сала, ауылға жете бере суық хабарды жедел білдіру үшін Марқа да сүрен салмақ керек. М.Әу. ~ Аш бүркіттей түйіліп, сүрен салсам! Қатын біткен баласын асып (атып) тастар, Қаһарланып, долданып, айғай салсам! М.Ж.Көп. ~ Кедей жорығының жолы болсын, тарт! Ұрып таста! Ұрып таста!- деді де, ақ боз атқа қамшыны басып-басып жіберді, «кеу-кеу» деп, жауға тиердегі қайратты ерлер сүренін салып, жосыта жөнелді. М.Әу.

Posted in

СҮЛДЕСІ ҚҰРЫДЫ

Әбден шаршап-шалдықты, азып-тозды, өлермен күйге түсті. * — Сені сұрады… Сосын ұйқытап кетті. Сүлдесі құрып, сүрнігіп жүрген бір сорлы да. Жатысын қарашы, — деді. О.Сәрс. * Ұйқылы-ояу есеңгіреп сұлық жатыр. Жатқан күйінде қаралай сүлдесі құрып, шаршаңқы тыныстады. Жан-жағын бажайлай көз қиығымен шолып өтті. А.Жаңб.