Мән-маңызы бар сөз. ~ Сондықтан, ол әнді ылғи бұзып салатын кісімсіп шалдың, кемпірдің, пұшықтың әндерін салып жұртты күлдіреді. Өлеңге де өрісі онша емес. Сүрелі сөзден, өнегелі әңгімеден көп білмейді. І.Жанс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҮЛДЕР ҚҰРДЫ
~ Бүгінгі түн жарық, айлы. Қалғып қана тыныс алған майда түн еді. Қөңілге әлдеқайда: тоғайлы, ұйқылы, маужыраған сайда күбірлеп сөйлеп, сүлдер құрып, үзіліп тұрған көздерді еске түсіргендей еді. Түн сондайлық өзгеше демалыстың, жанды сағаттың түні еді — ау! М.Әу.
СҮРЕН САЛДЫ
Айқайлап, қиқу салып, ұрандатып, шу көтерді. ~ Уәде бойынша Құлжатай мен Еңсебайдың үні шыға сала, ауылға жете бере суық хабарды жедел білдіру үшін Марқа да сүрен салмақ керек. М.Әу. ~ Аш бүркіттей түйіліп, сүрен салсам! Қатын біткен баласын асып (атып) тастар, Қаһарланып, долданып, айғай салсам! М.Ж.Көп. ~ Кедей жорығының жолы болсын, тарт! Ұрып таста! Ұрып таста!- деді де, ақ боз атқа қамшыны басып-басып жіберді, «кеу-кеу» деп, жауға тиердегі қайратты ерлер сүренін салып, жосыта жөнелді. М.Әу.
СҮЛДЕСІ ҚҰРЫДЫ
Әбден шаршап-шалдықты, азып-тозды, өлермен күйге түсті. * — Сені сұрады… Сосын ұйқытап кетті. Сүлдесі құрып, сүрнігіп жүрген бір сорлы да. Жатысын қарашы, — деді. О.Сәрс. * Ұйқылы-ояу есеңгіреп сұлық жатыр. Жатқан күйінде қаралай сүлдесі құрып, шаршаңқы тыныстады. Жан-жағын бажайлай көз қиығымен шолып өтті. А.Жаңб.
СҮРЕҢ БЕРДІ
Күш қосты. ~ Рұмын қол астына қарауы қанды көздің еліне бәлендей сүрең бере алмады. Ж.Айм.
СҮЛІКТЕЙ ҚАРА
Жылтыраған қап-қара. * Сен тіпті бағана орталықтағы еңселі сары үйдің алдына сүліктей қара машина тұла бойындағы жалтырақ темірлерін күн сәулесіне жарқ-жұрқ шағылыстырып тоқтағанда да тап қазір ісі бюрода қаралатын әлдебіреу емес, қайта бұның өзі істі болған әлдебіреулердің тағдырын шешетін үлкен бастықтың дәл өзіндей нығыз-тұғын. Ә.Нұрп. * Бөкен директордың атын жетелетіп жіберген соң, зоотехниктің атының да желігін басуды жөн көріп, сенің мінетінің осы-ау деп, сүліктей қара жорғаға шалмасын иіре лақтырды. Д.Әш.
СҮРЕҢ ҚОСТЫ
Дауды, қақтығысты қыздыра түсті, атсалысты. ~ Сүрең қосып ғаламдық дүрбелеңге, Момындарды тоғыттың түрмелерге. Қаһары кеп Алланың, Алатауда Бес мың ағаш сұлады бір… С.Қал.
СҮЛІКТЕЙ СОРДЫ
Парақорлықпен, алдаумен, зорлық-зомбылықпен аңқау елді қанады, обырдай тиіп, қанын сорды. * Олардың көбі саудегерлер, ұсақ кәсіп иелері, шеберлер, егіншілер екен. Олардан басқа бір топ қытай әкімдері, саудагерлер, жергілікті алпауыт бектер, ишан-қазилер тұрады. Олардың барлығы жергілікті бұқарасын сүліктей сорып қатты қанайды. Ә.Марғ. * Орыс оқуын оқып ел көсегесін көгерте ме деген ұлымның ел керегесін сөгетін зұлым екеніне көзім жетті. С.Жүн. * Осыдан дәніккен қаланың онан қашты, мұнан қашты ел кезбе қулары бықытын тауып сарт ете қалады да екі есе, үш есе қымбатқа жалданып мұндағы аңқау жұртты сүліктей сорады. Қ.Ысқ. * Бірақ не істерсің. «Халықты қанадың, солардың өмір бойғы еңбегін сүліктей сордың» деген сөздерін естігенде аузына сөз түспей қаралай қиналған. О.Көш. ~ Бүгін біз атам заманнан еңбекші халықтың қанын сүлікше сорып келген боржойлардың тамырына балта шабамыз. С.Ел. ~ Табақтай беті бір қазанға қақпақ боларлықтай. Тоқтықтан тырсылдап тұрған түріне қарағанда, қазақты сүлікше сорып үйренген саудагер секілді. Б.Нұрж.
СҮРЕҢІ КЕЛМЕДІ (БҰЗЫЛДЫ)
Өңі бұзылды, жайы болмады. ~ Менкенің де сүреңі келмеді. Ханның қызындай Ленені Степке бір ауыз сөзімен жер үстіндегі әйелдің қоры қып тастады- ау. Ж.Айм. ~ Балташ: — Барлық материалды жинап, реттеп беріңіз,— деді. — Болады, — деп Тыпаң иек қақты да шығып кетті. Әйтсе де, манағыдай емес, Балташтың сүреңі келіңкіремеді. Ж.Айм. ~ Өзі сүреңі бұзылып отырған кісі, мына қыр қазағының омыраулап келіп, қолын созғанын жаратпайды: — Аман, — деп көзінің қырын түсірді. Ж.Айм.
СҮЙЕК ШАТЫС ҚУДЫ
Құда-жекжаты, әйтеуір бір жақындығы бар адамдарды іздеді. ~ Өлеңті өзенінен асқанда, жолдан қосылғандар мен барлығы он шақты арбалы керуен болды. Іштерінде оқу іздеп бара жатқан шәкірт те, сүйек шатыс қуған еркек те, төркін іздеген қатын да, жұмыс, кәсіп іздеген пайдашы да, арзан пұл алып қайтып, елге сатып, мал таппақ болған саудагер де бар. Ж.Айм.
