Posted in

СҮЙЕНІШ БЕРДІ

Қолдау көрсетті, қолын созды. ~ Сен емес пе ең отыз ұлдың ортасындағы жалғыз Зәурешінен айрылған кәрі әкеге, сүйген жарынан айрылған сұлу қызға, құстай жүйрік тұлпарынан айрылған сері жігітке киын сағаттарында демеу берген! Сүйеніш берген! І.Ес.

Posted in

СҮЙЕККЕ БІТКЕН

Қанынан сіңген қасиет хақында (көбінесе тектілік, игі мінезге қатысты айтылады). ~ Бірақ ағамыз да, оның інісі де өле–өлгенше балаға керексіз шындықты айтпай кетті. Екі жақ та сүйекке біткен сертке берік еді. Ж.Аяз. ~ Керімбайдың да жаңа мекен-жайға ықыласы ауып, қатты құлағаны белгілі. Бірақ бірден лоқ ете қалуға сүйекке біткен сырбаздығы жібермеді. Қ.Жұм. ~ Бірақ бұл арман баянсыз өткінші желдей есті де, өшті. Бойын кәсібіне тән қасиетпен сүйекке біткен мінез биледі. С.Ел. ~ Жақсылығы мен жамандығы, әділеті мен әбілеті алма-кезек ауысып, әмісе жеңісе алмай, зәу бір тұста итжығыс түсіп те жататын мынау бір жалған да есепті дүниеде сүтпен бірге сүйекке біткен кісілік келбетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай, әрдайым таразы басын тең ұстап, теңселмей өту, жүзін сыртқа, арқасын ыққа бермей, ақ адал ғұмыр кешу де екінің бірінің қолынан келе бермес, даналарға ғана даритын сирек қасиет болса керек. С.Им.

Posted in

СҮЙЕНІШ БОЛДЫ

Демеу болды, қолдау көрсетті. ~ «Халық пен халық тату болса, ақ патша не істейді? Ал Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұхардан қорлық көріп басы қосылмай жүрген қалың қазаққа түбі тағдыры да, қайғы, қуанышы да бір, сүйеніш болар ел керек. І.Ес. ~ Сүйеніш болып әр үміт, Созғанда қолды қияға. Ауыр күн артта қалды ұмыт, Тұншықтырған ұяда. С.Бег.

Posted in

СҮЙЕККЕ ҚАРЫСТЫ

Қиындыққа, зорлық-зомбылыққа, қысастыққа төтеп берді, жан-тәнімен қасарысты. * Ауырсынып отырғанын қаншама білдірмейін, сездірмейін деп сүйекке қарысса да, жазаң маңдайына шағаланың қанатындай сызат түсіп, тері бұршақ-бұршақ сорғалайтын. О.Бөк. * Жалғыз ұлынан айырылған Буянжав шешей қатты жүдеп, салдырап кетті. Бірақ талайды бастан кешірген көне көз қария ғой, сырттай қайсарлық жасап, сүйекке қарысып-ақ жүр. Е.Мұх. ~ Егеске-қысас, сүйекке қарысып қасарыса қасқайып қайсарлық танытпаса қан шеңгелдеп туған хан тұқымы атанар ма, шөптен күрке тігіп, өсімдіктің жемісін теріп, тамырын қазып, аң аулап етін азық етіп, терісінен киім кигізумен балаларын асырап-сақтап ержеткізіп есе-теңдік бермей ұрпағын өрбіткен Бике сол қарулы қарымдылығы, тастай қатты қайсарлығы үшін «Тас Бике» атанған екен, Жанторы би осыны есіне алды. Ш.Рах.

Posted in

СҮЙЕНІШ ТҰТТЫ

Қиын кезде көмек беретін жақынына балады, демеу көрді. ~ Қасіретті 1932 жылы он бір жасар ол әкесі Жадырасыннан айырылады. Оның үстіне өзіне сүйеніш тұтып жүрген әкесінің ағасы Отарбай да дүние салады. М.Тем. ~ Әріптес іні, сіңлілері, оқырмандары оны сүйеніш тұтып,хат жазып ақылдасып тұрды. М.Қож.

Posted in

СҮЙЕККЕ ҚЫЗЫНДЫ

Шыққан тегін місе тұтты, әулеттің намысын ойлады. ~ Азаматтың айбарынан айдынатын заман ғой бұл. Мұндайда сүйекке қызынып, дауыңды қуып, жоқшың болып беретін туыс – туғанның түрі анау. Ж.Сәм.

Posted in

СҮЙКЕНЕРГЕ ҚАРА ТАППАДЫ

Қалай, кімге тиісерін білмеді. * Екеуміз тәуір жолдаспыз. Ауылдағы осы күні сүйкенерге қара таппай жүрген басы бос қыз — келіншектерге, кейде бірлесіп қырындайтын да кездеріміз болады. Б.Соқп. * Тек, Құрдас, өзіңнен өтінерім – істің оңтайы келіп, сәті түскендей болса, әйтеуір «аюды сол атып еді» деген сынық сөзді аузыңнан шығара көрме. Сүйкенерге қара таба алмай жүрген жұртты білесің ғой. К.Сег.

Posted in

СҮЙКІМ ТАППАДЫ

Ұнатпады, көңілі толмады. ~ Қараушы ма еді ол маған? Қазір он тоғыз, жиырмада болса… Адамның ішіне емес, сыртына, түріне қарайтын шағы. Ал ол менің түрімнен ешқандай сүйкім таппас. Е.Жең.

Posted in

СҮЙЕККЕ СІҢДІ (СІҢІСТІ)

Туа біткен, өшпес дағдыға айналған әдет, мінез т.с.с. * Әншейін сүйекке сіңді әдетпен жекпе-жекке түсіп, алқұлымдап жеңіске жеткені болмаса Кербұғының күйек қайтарар тәбеті де, дәрмені де жоқ-тын. О.Бөк. * Тіпті түкке татымайтын көржерге дейін жымқырып жіберіп, тыққыштап жатады. Алдым, ұрладым дегенге мәз. Сүйекке сіңді әдет, дағды. Т.Сәук. * … сөйлей қалса қасақана бұра тартып отыратын қырыс мінезді адам болыпты. Ол осы теріс әдетінен барқадам таппаса да, сүйекке сіңді мінезден қартайғанша арыла алмаған екен. З.Шүк. * Амал не, сүйекке сіңді әдет: дүниеқорлық, ашкөзділік, жемі бардың шырқ айналған тауығы болуға жаралған мінез өз дегенін істеп тынды… сүйгенін сүйекке айырбастап кетті. О.Бөк. ~ Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазанды» мен айтпасам да сүйегіме сіңісті Атасөз. Абайдан бері қазақ қауымы (қоғамы деңіз) үш жаңаның басын қайырып, бір қазанды қылғытып, екіншісіне аяқ басқалы қашан. А.Ныс.