Намысы қозды. ~ Бұларды көріп тұрған бұрын чиновник болып, тозған шал «киргизбен» ыржаңдасып тұрған орыс қызына кектенеді, сүйегі сынады, жерге түкіреді. Оның қасындағы кемпірі қолындағы сапты көзілдірігін көзіне қойып Мәмбеттерге қарайды. І.Жанс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҮЙЕЙ САЛДЫ (СӨЗ)
Немкетті, шын көңілден шықпаған, дәм болсын айтыла салған сөз. ~ «Тергеп алып, білгеніңді қыл» дегенді, аяқтап келгенде әрқайсысы да бір-бір қайырған-ды. Бірақ бұл сөздері — сүйей салды. Бағанадан бергі сөзде Құнанбаймен аралары арбасып боп, айтыспай-ақ іштей жер танысып қалған. М.Әу. ~ — Көре қалдық күшін!.. — деп біреулердің зығыры қайнайды. — Қойсайшы, бала, байланысып қайтесің, — деп біреулер күрсініп, сүйей салдылау қылып ақылын айтқан болады. Б.Майл. ~ Трестен «орнынан алу керек еді, жоспарды жосылтып орындағаны ескеріліп…» деген сүйей салды бұйрық келді. Сонымен айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып шыға берді. Б.Қыд. ~ Әлдекім қарап отырғанша ермек болсын деп әңгіменің шетін қылтитса, оны хоштап іліп әкететін ешкім жоқ: “е, солай ма еді” дегендей нәумез, сүйей салдыдан арыға бармайды. Т.Сәу. ~ — Бұл өзі я әрі, я бері емес, көңілге тимейтін, сырт көзге еленбейтін сүйей салды сырғытпа сөз. Баяғыда су жұқпас сері жігіттің аузынан естіген едім. Ай, өзі де жүрген жұпар кіндік болатын. Д.Дос.
СҮЙЕГІ СЫПАЙЫ
Тәрбие көрген, текті, әддепті. ~ Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Д.Досж.
СҮЙЕК АЛЫСТЫ
~ Сонда Ахмет: – Сен де хан тұқымысың, мен де хан тұқымымын. Аталарымыз алыстан қосылады. Екеуміз жақындап сүйек алысайық, – депті. – Алыссақ алысайық, – депті Шыңғыс. С.Мұқ.
СҮЙЕГІ СЫРҚЫРАДЫ
Жаны ауырды, тұла бойы тітіренді. ~ Байбөрі осылай деп жүрді жылап, Құдайдан күні-түні бала сұрап. Сүйегі сырқырайды Байбөріге, Бұл сөзді есіткен жан салып құлақ. "Алпамыс батыр". ~ Бұның үй ішімен ботадай боздап, бейіт басында да қатты күңіреніп жылағанын көргенде, тірі жанның бәрінің сай-сүйегі сырқыраған. М.Әу.
СҮЙЕГІН АРШЫДЫ
Абыройын сақтап қалды. ~ Жігіт екесің, шырағым… Бұл барлық қазақтың елдігіне тиетін, намысына шабатын жұмысы. Не сүйегін аршитын, не сүйегіне тағы бір қара таңба басатын жұмыс… Ғ.Мүс.
СҮЙЕГІН КЕМІРДІ
Ішін удай ашытты, жүрегін ауыртты. ~ Әсіресе,«қол қусырып үйренген құлсың ғой, кепкен көніңді жібіт» дегені сүйегін кеміріп барады. Ж.Шәк. ~ Мең-зең денесі жеңілейіп барады. Көз алдында көлкештеп тұрып алған соқыр тұман ашылайын дегендей. Тартулы жақтай сіресіп тұрған кәрі жүйкесі жұмсарып барады. Еңірей төгілген зарлы саз сай сүйегін сал-сал кеміріп ала жөнелгені. Ә.Кек.
СҮЙЕГІ БОС
Жасық, жуас, болбыр. ~ Енді қолында Күлбадан, Райқан деген екі қыз, Ғабдрахыман, Мағауия деген екі ұл. Олардың алды тоғыз жаста, арты бес жаста. Жаратылысында сүйегі бостау Ділдә бала басты болып, тез қартаюға айналған. Бетіне айғызданып ажым түсіп саркідір қатын болған. Әрх.Кәк.
СҮЙЕГІН ҚОРЛАДЫ
Ата-тегін қорлайтын іс істеді, намысын аяққа басты. ~ Бұл, елін сатып, құлқын қуып кетіп бара жатқан жүрісімен, барлық істелген ірі істі былғағандай. Сол ниет жолында өлген ел азаматтарының сүйегін қорлағандай еді. М.Әу. ~ Зираттың күнгей қабырғасында осы төңіректегі орман тағысы сүйгенінің сүйегін қорлап тұрғанын ол әлі сезетін емес. Қайдан сезсін – бұл аң емес, адам ғой… Адам. А.Алт. ~ Мұндағы ойлары – қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да себептері бар. І.Ес. ~ Бұған дейін Сыбан – Рабтан басқа жұртқа көз қылып, "ағамның сүйегін қорлатпаймын. Қытайға бере алмаймын" дегенмен келіп еді. С.См.
СУЫҚ ТІЗЕСІН ЖЫЛЫТТЫ
Шалға тиген жас әйел туралы. ~ Кетем! Әлгі Үндемесіңе айт. Мені іздеп әуре болмасын. Құдай құрамайын десе, қосақтап қатын алса да, көбеймейді. Қара інгенді әкетем! Қараулыққа самасын. Суық тізесін жылтқан қараңғы түндерімнің еңбегіне татыр. С.См.
