Қыстап қалатын құстардың бірі. ~ Сүт пісірімнен соң аттылар аңқып кеп Көкжалдың ирек сорына түсті. Суық торғай боп бүріскен жалқы қараша үй. Керегенің төменгі жартысына, ірге-аяқ орынына күзгі қияқтан тоқылған ши ұсталған. Ж.Нәж. * Суық торғай, жалғанда орын қалмай, Тереземе телмірді жанын қорғай. Жаз қызығын тауса алмай жүргеніңде, Қыс та келіп қалды ма жолың болмай? Р.Оңғ. ~ Қысқа түндер ұзарып, Кидік тон мен ішікті. Суық торғай – сұр торғай Кетпей қалды басқадай. Суықта да жүр торғай, Туған жерін тастамай. Е.Елу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҮБЕЛІ СӨЗ
Мән-мағынасы жоғары, дуалы ауыздан шыққан көрнекті пікір, ой. ~ Қаракесектің бір кезде өзіңізбен тізе қосып, сүбелі сөзге араласқан Қали дейтін жүйрігі бар екен. Мағаштан жасы үлкен, өзінің атағы да дардай көрінеді. М.Әу. ~ Кезіндегі сүбелі сөздерін сүйегіне қондырып, әуезді әнімен әлдилене білген жандардың, бүгінгі заманының қырат-қырат белестерінен тұжырым түйістіре алмайтын жастарымыз. Жібі түзу,басынан сөз асырмайтын, сөйлеген сөзі мірдің оғындай, өрісі кең батыр аналарымыздың қу сирақ, сөзі түйеден түскендей, тас жүрек ұрпағымыз. З.Мах.
СУҚАНЫ ҰШТЫ (ҚАШТЫ)
Зәре-құты қалмады, қатты қорықты, үрейі кетті. ~ «Бетім-ай, пәленшенің қызы сөйтіп қапты!», «түгеншенің қызы аяғы ауыр болған соң қашып кетіпті!..» деген сияқты пыш-пыш қаңқу құлағына тиген сайын суқаны ұшып қара суды қалтырап ішіп отырған ана өз қызының мынандай масқараға ұшырағанын естігенде төбесінен жай ұрғандай жайрап қалған біржолата. Т.Сәу. ~ Жүрегі тас төбесіне шыққан Құзыр сілейіп қатып қалды, баяғыда бастық болып тұрғандағы былықтары есіне түсті, тіпті ақ келіншектің өліп қалған әкесіне алып берген зейнет ақысынан бәле шықты ма деп суқаны ұшты. Н.Абд. ~ «Ай қисайды», «Жұлдыз орнынан ауытқыды», «бұлт керуені бүлінді», — демек бір жамандық жақын дейтін олар кемпірге. Сондықтан малға жұт келе ме, әлде топалаң тие ме, әйтеуір бір опат болатыны хақ дегенді айтатын. Кемпірдің суқаны қашып, әркімнен амал сұрап, бәледен құтылуға тырысатын. Б.Мом.
СУЫҚ ЖҮРІС, СУМАҢ ҚЫЛЫҚ
Жеңіл жүріске, нәпсіқұмарлыққа бейім мінез хақында. * «Қызға қырық үйден тыйым» деп қазақ салт-дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстаным бойыншаш суық жүріс, сумаң қылыққа тиым салынады. БАҚ.
СУҚАНЫН ҮЙІРДІ (ҰШЫРДЫ)
Зәресі кетті, қатты үрейленді. ~ Суқаныңды үйіріп неден шошып тұрсың? Осы тобан аяқ қарабайырымды қайсыбір арғымағыңа айырбастамаймын тегінде. Ә.Асқ. ~ Әй, өзің де… дәңгірлеп! Ел құлағы елу, «сыра ішейігің» бас редактордың құлағына «арақ ішейік» деп жетпей ме. Сен сияқты ерігіп жүрген жоқпыз, қызметтеміз. Суқанымды ұшырдың, пәлекет…— деп, өз сөзінен өзі табаны тайып, тиянақсыз бітірді. М.Қаб.
СУЫҚ ЖҮРІСТІ АДАМ
Күмәнді іспен айналысатын, қылмысқа бейім адам. * «Ел құлағы — елу» ғой, суық жүрісті адам білінбей не тұрсын? Сұрастырып, қағып, келгенде, осының бәрін қылып жүрген Мұқаш екені кешікпей-ақ ашылды. Ж.Айм. * – Басқасы «үгітшілердің қосымша міндеті» деп аталады. Куәлік – жолхатсыз қонақтарды, көбірек қыдыратын «суық жүрісті» адамдарды байқай жүріп, пайзысоларға ұстасып беру керек. – Тыңшылық деші! Қ.Шабд. ~ Кім де болса пиғылы арам, ниеті бұзық біреу. Әйтпесе, жесір келіншектін үйінен не алады басқа адам. Әлгі суық жүрісті кісі бұған қарсы жүрді. Екеуі бетпе-бет келді. Күренді неге мінесің деп салғаннан соқтығатын шығар деп ойлаған. Беті қалыңдау еді, сонысына баққан ол суық сазарды. Ө.Кәр. * Қызыл келіншектің үйіне Тіндәй өңдес, бірақ, одан үлкендеу бір жігіт лыпылдап келіп кірді, қақпадан кірерде жанжағына қарағыштап қоюынан, оның да суық жүрісті екенін сезгендей болып, үйдің төбесінен түсе жүгірдім… Қ.Шабд.
СУЛЫ ЖЕРДЕ АСЫП, СУСЫЗ ЖЕРДЕ ҚУЫРЫП ЖЕДІ
Ойына келгенін істеп, қорлады, ұрып-соқты, қинады. ~ Баласының бұзықтық істеріне бұл жауапты емес. Бұзық баласы қолға түссе, «сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесеңдер де» мен іштеріңдемін. Шешесіне, қатын-баласына тигізбеймін!.. С.Мұқ. ~ … мен ойлаймын: мейлі, құмырсқа теріп жеп жүр, мейлі бір көзіңнен қан, бір көзіңнен жас ағып, теперіш көр, мейлі сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесін – ата қазған жерошақты басқа жұрттың мәңгі сөнбес отына айырбастама… О.Бөк. * Бұл қыз менің боданым. Көзімді беріп алған құныкер қызым. Сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесем де қолымнан қақпаймын деген әкесі. О.Бөк. * Ертең екі қызымды алып, қаладағы төркініме аттанайын. Далаға тастамас. Ал, мынау шалды сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесеңдер де өздерің біліңдер. О.Бөк.
СУЫҚ ІЗ
Күдікті жақ ж.м. ~ Осыдан екі жыл бұрынғы бұл сайланатын жалпы жиналыста арғы беттің Тоғамыс бастаған тобы арқилы сылтау айтып, мынауың басқарма бола алса нетті деп өңештеп–ақ еді. Суық із сол жақтан тартпаса игі… М.Қан.
СУЛЫҚҚА ЖАРАМАЙДЫ
Түкке жарамайды, еш құны жоқ. * Ол ыза болды, оның ызасына біздің бұрқылдағымыз сулыққа жарамайтынын білгендіктен, жайылған аузымды дереу жиып алдым. М.Қаб. ~ Кейде қулық та сулыққа жарамайды. С.Шай.
СУЫҚ КӨЗБЕН (АТА) ҚАРАДЫ
Жақтырмады, ұнатпаған кейіппен қястана қарады. ~ Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? Абай. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. С.Жүн. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. М.Әу. ~ Апам суық көзімен ата қарады. Ағаттау айтып қалғанымды сезіп жерге кіріп кете жаздадым. Б.Тоғ.
