Кежірлі, салқын жүзбен қарап, жаратпай тұрғанын білдірді. ~ Жұрт кеу– кеулеп, қысыр әңгімені қыздыра бастағандай еді, Демежан суық қабақ танытып, туыстарын тыйып тастады. Қ.Жұм. ~ Осы ордадан шығысымен жігіттеріңді ал да, атқа қон! – деп Қалдан қарсы уәжге ыңғай бермес суық қабақ танытты. С.См. ~ Зәуресі жаны ашып жылап тұр, ақ келіншек жанында қарқылдай күліп мазақ етеді, ал өз келіншегі болса, суық қабақ танытып, баласын ертіп, жанынан өтіп барады. Н.Абд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СУРЕТ АЛМАДЫ
Көрініс таппады. ~ Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бүл — бір. Екінші, сол уақта, өзі сурет ала алмаған бірлікке қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Ж.Айм.
СУЫҚ ҚАПТЫ (ҚАРМАДЫ, ҚАРДЫ)
Салқын ауа тұла бойын мұздатты. * Төсектен аяғын салбыратып еді, жалаңаш балтыры мен санын суық қапты. М.Қаб. * Салқын ызғар қамсауы жоқ, көне шекпеннен лезде өте шықты. Терлеп, жіпсіп келе жатыр еді, тұла бойын суық қармап сірестіре бастады. Қ.Жұм. * Еркектер бір-бір аттарын баптап мініп, көкпар тартады. Сөйтіп, көк жайлауда көсілте шапқан жігіттер қыс бойы аяз қарып, суық қармап қалған денелерінің құрыс-тырысын бір жазып алады… Қ.Жұм. * "Екінші Шаңғарақшы" көшесі мен стансаның арасы — алыстың алысы. Жүре бересің, жүре бересің, жете алмайсың. Тәтті тәніңді мынау қара суық қарып барады. Қойны-қонышың толған ұры жел. Ә.Тар.
СУСОҚТЫ БОЛДЫ
Су өтіп, денесі дымқылданды. * Бірде осы Доскей қатты жүдеген, көктем аласапыранында батпаққа түскен керзі етіктей сусоқты болған, жо–о–о, бейнеттен емес. Д.Досж. ~ Қатты жауын-шашынға тап болып, сусоқты болған жүйріктің тісі сарғайып қақ тоқтайды. Н.Үс. ~ Белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы, ғалым Иманғазы Нұрахметұлы «Сиыр жылы» дейтін зерттеу еңбегінде «ақ сиыр жылы» туралы айта келіп: жаңбыр көп жауатындықтан шөп сусоқты, сілбі болып жұғымсыз келетіні тағы бар» десе, «көк сиыр жылы» туралы: «көктем жақсы болғанымен шөп сілбі, жұғымы аз келеді де, малдың тойынысы аса жақсы болмайды» дейді. Ұ.Нұғ.
СУЫҚ ҚОЛДЫ
Жымқырма, жемпаз, ұрлық-қарлыққа бейім. * Темекең күз әбден жетіп, алмаларын жинай бастаған кезде ғана бақшасына бір суық қолдың кіргенін сезетін. Аң-таң болатын да қоятын. І.Ес. * Қазақстанның экологиясын өз дәрежесінде қорғай алмай отырмыз. Парақор, ұры, қиянатшыл, суық қолдыларға мүлде жол беруге болмайды. Ж.Баб.
СУСЫНЫ ҚАНДЫ
1. Қанағат алды. ~ Басы жарылды, тісі сынды, мұрны бұзылды, көзі көгерді, құлақ қыршылды. Таяқты жеп-жеп, сусыны қанған кезде, шегінісіп, кіжінісуге, дауласуға айналды. Төбелестің бас себебі былай қалып, төбелестен туған боғауыздар, ащы тілдер тексеріліп жатыр. Қызу басылған кезде, астында қарагер аты бар Дәрмен келді. Ж.Айм. * Атқа мінгенде басқа байдың балаларындай салдық құрып «пәленше мырза» деген атақты іздемеді. Мұның құмартқаны басқа нәрсе болды: біреуді жәбірлесе, жылатса, ойран салса, сусыны қанып, құмары тарқайтын сияқтанды… Б.Майл. 2. Шөлі басылды. ~ Малтабардың қымызына қызыққан Шыңғыс сол арадағы орманның көлеңкесіне кіре отырды да торсықты дендегенше қозғалмады. Бірер жұтқаннан сусыны қанған Шоқан мен Григорий, орман ішінен жеміс іздеп кетті. С.Мұқ. ~ Тысқа шығарылған қауғаның суын, сол арада бортастан жасалған «науа» деп аталатын үлкен астауға қотарады. Кей науалардан жүздеген жылқы, мыңдаған қойдың сусыны қанып шығады. С.Мұқ. ~ Байлыққа бөккен иттердің Қалмады-ау мысқал иманы… Сорпаны төкті майменен, Сусыны қанып шайменен. Сақауат-қайыр қылмады, Елдегі жігіт «бай» деген. Қ.Күр.
СУЫҚ ҚҰШАҒЫН АШТЫ (ЖАЙДЫ)
Жылусыз, ызғары қайтпаған ауа райы хақында. ~ Март айының мұздай суық суына қарағың да келмейді. Қаракөк толқындар жұтардай ұмтылып кеп, суық құшағын ашады. Ғ.Мүс. ~ Тұрдым да, былқылдаған қап-қара, суық құшағын арғы жағадан бергі жағаға дейін жайып жатқан тыр жалаңаш айдынның құшағына қойып кеттім. М.Қаб.
СУСЫНЫН ҚАНДЫРДЫ
Шөлін басты. * Сол кезде: «Данышпан бейшарам, саған қазір су ішу Тағдырға сызылған, сусыныңды қандырағойшы!» — деген Тағдырдың дауысы келді. А.Байт. Қажетін өтеді, керегін берді; құмарынан шықты. * Мейрам сұрарын сұраса да, кішкене аудан үлкенҚарағандының мәдениет сусынын қандыра алмайтынын жақсы біледі. Қасарыспады. Ғ.Мұст. * Ал күнде сан мезгіл жас қуырдақ пен балбыраған уыз етке тойынып, балқаймақ пен сары қымызға ғана сусынын қандыратын Зейнеп, күйеуге шыққалы еркексіз үш күн жатып көрмеген жас денесінің күйіп-жандырған қызуын баса алмай, құшырлай қысқан жүнді кеуде, бура сан жігіттерді аңсап, өліп-өшіп барады… І.Ес.
СУЫҚ ӨҢ
Мейірім байқалмайтын, жылусыз, салқын жүз. ~ — Ар жағын айта бер! — деді Айғаным жауап күткендей жымия қарап, аз тоқыраған баласына, суық өңін жылытпай. С.Мұқ.
СУЫ ҚАЙТТЫ
Күші тайды. ~ Фәни дүниенің алтын тағында отырған шақтарында ызғары бет қаратпайтын арыстан айбары сынып, түлкі мұрттанып алған, көзденде жалақтайтын «қыл қимас» алмас қылыштардың суы қайтқан, әлемді алақанында ойнатып, адамдарды асықша ататын салауаттарының сағы сынып, жасығы жібіп, мүсәпір мүскіндерге айналған олар құйбатпақтың үстімен айдалып келе жатқанын Боранқұл кейінірек байқап, үнсіз жымиды. Ғ.Біл.
