Posted in

СӨЗІН СӨЙЛЕДІ

Біреудің мүддесін қорғап, жақтасты. ~ Артығымды бер деп, Қозыбақ аулынан жоқтап алар Бақтығұл ма? Анау жуан сотқар ауыл аяғына отыртар ма? Тегі мұның сөзін сөйлеп, есіркейтін тірі жан бар ма сірә да?.. Әй, жоқ қой! М.Әу. ~ Мен соларыңның өзіне сенбеймін. Орловтың айтуына қарағанда осы үкімет болып, шулап, газет жазып жатқанның бәрі байдың сөзін сөйлейді білем,— деді Мәмбет. І.Жанс. ~ Астынан бір жақсы атты, қолынан бір жақсы құсты кетірмейтін Амантайға, Итбай атын да, құсын да тартып алып, талай зорлық істеді. Сөзін сөйлейтін ауылнай билерге өтірік акт жасатып «ұры» деп те көрсетті. С.Мұқ .

Posted in

СӨЗІН СӨЙЛЕП, СОЙЫЛЫН СОҚТЫ

Біреудің айтқанын істеп, айдауында жүрді, қол шоқпары болды. ~ Әсілінде,іс былай болыпты: Елісханға тісін басқан Ма Буфаң өзінің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын таңғыт, моңғол, қазақтарды жеке-жеке шақырып алып арнайы тапсырмалар беріпті. Ж.Шәк. ~ Бірақ, бұл мұсылман әмірші де жергілікті ұрылар мен тонаушыларға тыйым салудың орнына сырғуаңдап, оларға қатаң шара қолдана қоймайтын, қайта солардың сойылын соғып, сөзін сөйлейтін сыңай танытты. Ғ.Біл.

Posted in

СӨЗІ (ЖАНҒА) БАТТЫ

Біреудің айтқаны шымбайына батты, жанына тиді. ~ Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер, Қарамай қатты сөйле өлгеніме. Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті, Қаптағай Аталықта жүргенімде. Біржан сал. * — Сол сөз сізден гөрі маған батты. Оқысаң да өз еліңді білмейсің, басқаны қалай білесің? — деген сияқты. Ғ.Мұст. ~ Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты, Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты. Қайырусыз, қағусыз өскен басым, Бұлқындым шу асаудай мойны қатты. Шәк. ~ Ақын Сара ардақты көзі дейін, Ұлбике, Ырыстының сөзі дейін. Мен артық айтпаған ем сұлу сөзді, Шымбайыма шын батты сұлу сөзі. Ш.Айт.

Posted in

СӨЗІ СҰЙЫЛЫП БАРАДЫ

Әңгімесінің мәні кетті. ~ Қалтасында бір тиыны жоқ әдетіне дейін аңғал-саңғал жатақханалық жігіт. Күн асқан сайын сөзі сұйылып барады. Үйленемін, бас құраймын дейді, сөз байласып жүрген шөпжелкесі жоқ. М.Қаб.

Posted in

СӨЗІ АЛТЫ БАТПАН АУЫР

Айтқан сөзінде зіл бар. ~ Әйтеуір жазғаным қазақша екен-ау деген көңілде медет бар, әйтпесе халім мүшкіл еді. Ғабекең босқа шашылмайтын, не айтса да сөзі алты батпан ауыр, тыңдаушының құлағына емес, көкейіне дық ете қалатын. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨЗІ ТЕҢДЕС

Сөзінің салмағы, құны, деңгейі өзіне сай; өнері, таланты қатарлас. * Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері, Іздеген келіп тұрмын Біржан сері, Жолықпай сөзі өктемді жүрген шығар, Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері. "Біржан-Сара". ~ Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері, Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын Арғынның Алтай-Қарпық ақтан кері. Біржан сал.

Posted in

СӨЗІ БІР ЖЕРДЕН ШЫҚТЫ

Айтқандары бірізді болып шықты. * Бір-бірінің орнын ерекше ұқты. Әлиханды серке деп мойындады. Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар сөзі бір жерден шықты. Р.Нұрғ.

Posted in

СӨЗІ ТҮЙЕДЕН ТҮСКЕНДЕЙ

Орынсыз, ожар айтылған сөз туралы. ~ Сөзі түйеден түскендей, Боқаңа бұйрық есебінде айтылып жатқан бір сөз… Бұдан он жыл бұрын Боқаң Құсайынның жылқысын бағып жүрген кезде мұндай сөзді естісе орынды еді. Б.Май. ~ Сапарлас көрші сөзі әзіл болса да түйеден түскендей тым ірі секілді. Айталық, таныспай жатып «құлағым керең болсын» деп қарғанудың не керегі бар? Содан ба, Бағдан іркіліп қалды. С.Шәй. ~ Аты затына – сай, Жүйрік десе – жүйрік, шашасына шаң жұқпас нағыздың өзі ме, сызып жүрісі білінбейді. Сөзі түйеден түскендей тегі. Д.Дос.

Posted in

СӨЗІ ДАЛАҒА КЕТТІ

Айтқан сөзінен пайда болмады, босқа кетті. ~ Не дерге білмей қалды Рахмет. Манадан айтқан сөзінің бәрі далаға кеткен сияқты болды оған. Іштей қатты кейіген Рахмет, өзін ұстай білетін қалпына бақты да: — Жақсы, кейін кеңесерміз тағы, — деп қала берді. С.Мұқ.

Posted in

СӨЗІМ СӨЗ (УӘДЕМ УӘДЕ)

Айтқанымнан қайтпаймын д.м. ~ Қалада әділ ұлық бар деп, сіздің панаңызды іздеп келгемін. Солай өзім іздеп келіп, кеше берген арызымнан бүгін қалай айнимын. Екі айтарым жоқ! Сол арыздағы сөзім сөз! М.Әу. ~ Әрине, – деді Таңатар, – сөзім сөз, менен енді қастық күтпе. Қолымнан келерім болмағанмен, мен сенің өмірлік досыңмын, шырағым. С.Мұқ. ~ Аға лейтенант есіктей кеудесін селкілдетіп, кеңкілдей күлді. — Әй, қулар-ай! Таптыңдар! Ержекеңді тауып әкеліңдер. Асық түгел қайтады. Әне, бұрышта шашылып жатыр, әзірге шіри қоятын түрі жоқ. Сөзім сөз, уәдем уәде. М.Қаб.