Posted in

СӨЗ БАҚТЫ

Жел сөзге құлақ түрді, өсек-аяң аңдыды. ~ Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды. Бітім қылыпбір кісі Адал малын алмайды. Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер Күнде ертеңге талмайды. Бас қосылса арысқа, Кім шабады намысқа? Абай. ~ Соры қалың әкенің — кер бағып ұлы өседі, сөз бағып қызы өседі. Мақалмәтел. Сөз қадірін білу, жөн сөзді айыр білу мағынасында. ~ Өнердің ең алды — сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. А.Байт. ~ Қазақ сөз баққан ел дей-міз де, сөзге қонақ беруді ұмытатынымыз жаман. А.Өм.

Posted in

СӨЗ БАР МА!

Солайы солай ғой, несін айтарсың д.м. ~ Үн-түнсіз жоғалып кету тағы ыңғайсыз. Оның үстіне Қарасай кеудесін сүйретіп, соңғы курске әрең тұяқ іліктірген көптің бірі болса сөз бар ма! Оқу озаты. Қ.Жиен. ~ — Мына тізімді алып кете берсем ғой, Текежан сені айдатып жібереді, ә? — Оған сөз бар ма? Тіпті дарға астыруы да мүмкін. Ә.Әб. ~ «Келін, ешқайда шықпа, отыр» дегеніңізге қарап айтқаным. Әрине, қолға түсемін деп сескенсеңіз прокуратура мен ГПУ-дың маңына жуымайсыз ғой… — Сөз бар ма! Х.Ес.

Posted in

СӨЗ БЕРДІ

Уәде берді. ~ Ол ойланып: — Қиын екен, бірақ жігіт болып сөз берген соң, серттен тайғаның келіспес. Менқасыңа ерейін, тіпті ел ішінен именсек, басқа бір жаққа алып кетерміз, — дегені. С.Бег. ~ Осылайша төрт жүз беттік кітабыңыздың әр бетін қайырып қойып, тілдесетінімді түк те білмейсіз. Сезбейсіз. Өзгерейін, енді сізден ұялмауға сөз берейін деп шештім бірде. М.Байғ. Сөз ұсынды. ~ Бәкенге таяу, терезенің алдында отырған Өмірбай: — Маған сөз берші, Сәкен! — деп ұшыптүрегелді. Сөз бердім. Молдалар қалш-қалш етеді. Иін тірескен жұртта үн жоқ. О-ой, сөкті-ай кеп Өмірбай молдаларды! С.Сей. ~ Өзгереді, бәрі де өзгереді, Құлағың естігенді – көз көреді. Кеше ғана күндеген көп пысықтар Маған да бір мінбедеп сөз береді. С.Им. ~ Алдымен жол бастығы баяндама жасады, сонан соң Әлішке сөз берді. Б.Қыд.

Posted in

СӨЗ БЕРМЕДІ

Даурығып, дауласып, ешкімді сөйлетпей қойды. ~ Әсіресе Жантас бастаған топ самогон ауыздарына тиген соң тіпті елеуреп, ешкімге сөз бермей қойған. Б.Тоғ. ~ Өрекпіген топтың қарқыны оңаша екендіктерін білгендіктен бе, үдей өршиді. Әбден жінігіп алған, біріне-бірі сөз бермей, даурығады. Ә.Ыб. ~ «Бұл неге түспейді, неге әңгімесін айтпайды? Әншейінде елге сөз бермейтін тентек Бестайға не көрінген?» деп, әзіл-қалжыңы бар бір-екі жігіт ат тұрған жаққа жүрді де, жақындай берген-ді. З.Нұрт.

Posted in

СӨЗ БОЛДЫ

Әңгіме, жиналыс тақырыбына айналды.~ Жақсыбала қайнысынікінде отырғанда Қапез Қаратайды есіне алып, содан үйренген әнім еді деп, Шаншардың «Сырғалы еркем» әнін салды. Ән Қаратайды жоқтатты. Қаратайды жұтқан аштық сөз болды. Б.Нұрж. ~ Алматыда қор мүшелерінің бас қосқан үлкен жиналысы өтті. Келесі жылы болатын батырдың 300 жылдығына дайындық мәселесі сөз болды. Ж.Шәк.

Posted in

СӨЗ БОЛЫП ПА!

Айтуға да тұрмайды д.м. * Ие, ие, ол екеуміз университетте бірге оқып едік — ау. Төлжан журналистика факультетінде, ал мен… жә қойшы, менің қай факультетте оқығаным сөз болып па екен! С.Шайм. * – Жо-оқ, мен үшін қам жемей-ақ. Ел бар емес пе, күн көру деген де сөз болып па, – деп өтірік күлген болды. С.Жүн. * Сонымен, атты қайдан табамын? Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы — менің малым. Б.Соқп. * – Мұның барып тұрған ақымақтық. Ранчоға бармақ өзінше. Сен тіпті атқа да міне алмайсың ғой. – Сол да сөз болып па?! Ат дегенің пәлендей қиын шаруа емес, оп-оңай үйренесің. Ф.Сэл. * – Сексен сегізінші жылы бес жүз мың киік қырылған! – деді Арпабаич, «тәйір-ай, сол да сөз болып па» дегендей нәумез үнмен. Т.Сәу. * Тәйірі, нағыз төңкерісшіге ол кезде түрме деген сөз болып па? Қуғынсүргін, қамау-қапас —күрескердің еншісі сияқты көрінетін. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ АТАСЫ ӨЛЕДІ

Сөздің қасиет-құны кетеді, мән-мағынасы жойылады. ~ Бірте-бірте екпіндетіп, сөзінің аяғы өз-өзінен ұйқасып, қалай өлеңге айналып кеткенін өзі де сезген жоқ. Тас түйілген жұдырығын аспандата сермеп: – Осындайда айтпаған Сөз атасы өледі. Бабалардың дабысы, Дүлдүлдердің шабысы Құлағыма келеді. Жасығың неткен көп еді, Асылың неткен кем еді. Т.Сәу. ~ Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар болар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айтпадың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ. И.Сап.

Posted in

СӨЗ АЯҒЫ ЖЕРГЕ ТИДІ

Бәтуаға келді. ~ Ақырында пароход компаниясы жігіттердің айтқанын қылмауға лажы қалмай, амалсыз жүктің мың пұтына сексен сом беретін болды. Столовой, пәтер беруді бай «ойланайын» — деді. Сөз аяғы жерге тиіп, байға дегенін істеткен соң Орлов бастатқан екі артель келіп жұмысқа түсті. І.Жанс.

Posted in

СӨГІС ЕСТІДІ

Әлдебір айыбы үшін жазғыру естіді, ескерту алды. ~ Басқалар ұрыса берсін, ұра берсін. Ал бірақ Зиба әпкемнен сөгіс естісем – зор жаза. Ш.Мұр. ~ Мұрны, екі бетінің ұшы күрең қызыл боп бөртіп кеткен. Әнеугі, Қодарстан басында ұйықтаған күні, арақ ішкені үшін жолдастарынан сөгіс еститін осы сабаз екен ғой. Ә.Тар. ~ Сөгісті Сафуан ағамыз естігенмен, құйрығын ыстық таба қарып бара жатқандай Амантай қипақтап отыра алмады. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨГІС ЖАРИЯЛАДЫ

Ресми түрде ескерту айтты. ~ Ротаны сапқа тұрғызып қойып генерал Нерченко (бұрынғы Кремльдің әскери училищесінің начальнигі) полковник Андреевке сөгіс жариялады, біздің майорға ескерту жасады. Қ.Ысқ.