Posted in

СӨЗ ЖҮЗІНДЕ

Қағаз бойынша, заңға сәйкес. ~ Жауқазын мен Жібекті Сегізбай көшенің арғы бетінде басқа үйге шығарыпты. Бұнда жас тоқалы екеуі қалыпты. Бұл тек заңға томпақ келмес үшін сөз жүзінде бөлектену. Ал іс жүзінде олай емес. Б.Соқ. ~ Сондай машина Борандыға да келеді десті бастықтар. Бірақ ол уәде әзірше сөз жүзінде ғана болатын. Ш.Айт.

Posted in

СӨЗ ҚУДЫ (ҚУАЛАДЫ)

Сөз өнерінің соңына түсті. ~ Түсінікті! — деді тілші. — Сені жалықтырып қойдым ба, балам? Ақын- жазушылар мен тарихшылардың қызба ауыруы болады. Олар ылғи сөз қуады ғой. Т.Рыс. ~ Қойшы, әйтеуір, не бастарыңды ауыртайын, мен құсаған кәрі-құртаңдардың көне түсінігінше — Құдай, ал, қағаз, сөз қуған сендер, әлгі не деуші едіңдер, ие, өмір, тағдыр атанған Құдайларың онсыз да бір-бірін баса алмай жүрген екі көкіректі, өстіп, егестіре, тақастыра түсіпті. Ж.Нәж. ~ Ол маған омыртқасына оқтау жүгірткендей оқшырая қарап тұрды да: — Өй, сенде бір… менің жазушы ағам сияқты сөз қуалап қалған пәле екенсің ғой, — дегені. Д.Қуат. Жел сөзге мән берді, құлақ тосты. ~ Құлдырап бағым қашқанда, Қуанған тобыр сөз қуған. Р.Ниязб.

Posted in

СӨЗ ІЛӘМДАРЫ

Айтқан пікірлері, сөз саптауы. * Қыс бойы кәмпескеге ұшырап, совет үкіметіне наразы болған бұрынғы байлар, ауылнайлар, кейбір орта шаруалар үсті-үстіне дүмеліп келіп жатты. Сөз іләмдарына қарағанда, бәрінің де қалқозға жаны қас. Б.Алд. * Олардың сөз іләмдарын байқап, аман-саулық сұрасқаннан. кейін Жаманқұл желдей есіп: — Кеше ғана өздерің менің айтқаныыды тыңдамадыңдар. Б.Алд.

Posted in

СӨЗ ОРАЙЫ

Әңгіме барысы, сөз ыңғайы. * «Бұ да бір Әлмұқан ғой», «ой, мынау Әлмұқанның ісі ғой», «мынау нағыз Әлмұқан боп шықты ғой» деп ылғи сөз орайына қыстырып отырады. Т.Ахт. * – Халің қалай, Кәкібай? – Хал нашар, жолдас лейтенант. Сөз орайына сай «хал жаман емес» деген сияқты бейтарап жауап күткен Ержан ыңғайсызданып қалды. Т.Ахт.

Posted in

СӨЗ КЕСТЕСІ

Біреудің сөйлеу, жазу ерекшелігі, стилі. * Аударғандағы алған жолымыз — мүмкіндігі болғанша Пушкиннің өз үлгісіне жақындау. Ақынның сөз кестесін, образын, ақындық рухын сақтап аудару. І.Жанс. * Дауысының ырғағын бұзбай түйдектүйдек шабыттана сөйледі. Кешелі-бергі әсердің бәрі көркем өріліп сөз кестесіне түсіп жатыр. Т.Сәу.

Posted in

СӨЗ ОРАЛЫМЫ

Сөздің қолданыс ерекшелігі. ~ Махамбет поэзиясының ырғағы, мақамы, сөз оралымы, екпіні сезіліп тұрған жоқ па? Г.Бел.

Posted in

СӨЗ БОЛДЫ

Әңгіме, жиналыс тақырыбына айналды.~ Жақсыбала қайнысынікінде отырғанда Қапез Қаратайды есіне алып, содан үйренген әнім еді деп, Шаншардың «Сырғалы еркем» әнін салды. Ән Қаратайды жоқтатты. Қаратайды жұтқан аштық сөз болды. Б.Нұрж. ~ Алматыда қор мүшелерінің бас қосқан үлкен жиналысы өтті. Келесі жылы болатын батырдың 300 жылдығына дайындық мәселесі сөз болды. Ж.Шәк.

Posted in

СӨЗ БОЛЫП ПА!

Айтуға да тұрмайды д.м. * Ие, ие, ол екеуміз университетте бірге оқып едік — ау. Төлжан журналистика факультетінде, ал мен… жә қойшы, менің қай факультетте оқығаным сөз болып па екен! С.Шайм. * – Жо-оқ, мен үшін қам жемей-ақ. Ел бар емес пе, күн көру деген де сөз болып па, – деп өтірік күлген болды. С.Жүн. * Сонымен, атты қайдан табамын? Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы — менің малым. Б.Соқп. * – Мұның барып тұрған ақымақтық. Ранчоға бармақ өзінше. Сен тіпті атқа да міне алмайсың ғой. – Сол да сөз болып па?! Ат дегенің пәлендей қиын шаруа емес, оп-оңай үйренесің. Ф.Сэл. * – Сексен сегізінші жылы бес жүз мың киік қырылған! – деді Арпабаич, «тәйір-ай, сол да сөз болып па» дегендей нәумез үнмен. Т.Сәу. * Тәйірі, нағыз төңкерісшіге ол кезде түрме деген сөз болып па? Қуғынсүргін, қамау-қапас —күрескердің еншісі сияқты көрінетін. Қ.Жұм.

Posted in

СӨЗ АТАСЫ ӨЛЕДІ

Сөздің қасиет-құны кетеді, мән-мағынасы жойылады. ~ Бірте-бірте екпіндетіп, сөзінің аяғы өз-өзінен ұйқасып, қалай өлеңге айналып кеткенін өзі де сезген жоқ. Тас түйілген жұдырығын аспандата сермеп: – Осындайда айтпаған Сөз атасы өледі. Бабалардың дабысы, Дүлдүлдердің шабысы Құлағыма келеді. Жасығың неткен көп еді, Асылың неткен кем еді. Т.Сәу. ~ Менің халқым деп хан, патша ғана айтса жарасар болар. Онда да сол алдиярыңыз алдымен өз халқына қалтқысыз қызмет етсін! Әйтпесе, айттың не, айтпадың не! Сөз атасын өлтіруге ешкімнің де хақысы жоқ. И.Сап.

Posted in

СӨЗ АЯҒЫ ЖЕРГЕ ТИДІ

Бәтуаға келді. ~ Ақырында пароход компаниясы жігіттердің айтқанын қылмауға лажы қалмай, амалсыз жүктің мың пұтына сексен сом беретін болды. Столовой, пәтер беруді бай «ойланайын» — деді. Сөз аяғы жерге тиіп, байға дегенін істеткен соң Орлов бастатқан екі артель келіп жұмысқа түсті. І.Жанс.