Шыққан тегі асыл д.м. ~ Ата тегі мұндағы — Орта жүздің ұлығы; Ана тегі ондағы — Өзен судың тұнығы. Екі асылдан қосылған Сом алтынның сынығы. Абай. ~ Сен сүйегі асыл тұқымның, туған жерін таппай тынбайтын тұлпардың тұяғысың. Сондай бір сом алтынның сынығы бола тұра, бұл қай тұралауың. Жағаласқан жауыңа көз жасыңды көрсеткенше көрге кір. Сүйекке таңба салма. С.Дос. ~ … түкті кеудесіне әйел суретінен жасалған алтын салпыншақ таққан, машина кілттерін салатын шығыршығының өзі Бостандық статуясының сымбатынан сылып жасалғандай – ол да сом алтынның сынығы. К.Мыр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СОҢҒЫ САПАР
Ақырғы жол, соңғы аттанысы. ~ Әйгерім- апаның ажарын көзбен көру, Тұрағұл- ағаның тілегіне тілек қосу, Кәмила қыздың қылығына қызығу, қызығына ұмсыну… Осы тұтанулардың бәрі Қасымбекпен бірге шыққан соңғы сапарда басталған. З.Қаб. ~ -Жүрегім сезеді. Бұл менің туған жерге соңғы сапарым. Бәлкім, Алмытағыа қайтып жете алмаспын. -Жаман ойлама, жаным! С.Дос. ~ Бірақ бұл сапар жолы менің КамАЗ-бенен жүрген соңғы сапарым екенін әзірге білген жоқ едім. (БАҚ)
СОМ БІЛЕК (БІЛЕКТІ)
Қайраты мол, күшті, мығым. * Аты кержақ демесең, обалы кәне, шаруаның адамы. Анау аюдай дене, сом білек, күсті алақан тек еңбек үшін жаралған. Қ.Ысқ. ~ Сол бір сом білектер баяғы бесжылдықтар тұсындағыдай, жеңістердің соңғы жеті жылдығын да күн астына күмбез етіп көтерді. Х.Ерғ. ~ Бұл келгенде Төбелес ауылының соқталдай, сом білек жігіттері жұмысты еңсеріп, балшық толы қалыптарды тізілтіп тастапты. А.Жақс. ~ Сом білек, сұм айлаға қарсы қылар дәрмені сарқылып, мысы құрыды. Иліктіріп, мәжбүрлеп әкетіп барады. Н.Сам. ~ Бас пайдасы кірмейтін түсіне де, Ұлымын Амангелді сарбазының. Әбдірахман — сарбаз әкем сом білекті, Сардарға еріп соғыста ерлік етті. Көтеріліске қатысқан бастан-аяқ, Кісі еді батыл, қайсар, ер жүректі! Ж.Сом. ~ Не бір апай төс сом білек тақымкештердің қолын қарыстырып, қарсыласының атын шөкелеткені аздай-ақ, енді бұған Бейіс жар- масқан. Ө.Кәр.
СОҢҒЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ (ШЫҒАРДЫ, АТТАНДЫРДЫ)
Салт-ғұрыпқа сай жерледі, ақтық сапарға аттандырды. ~ Аппақ қардың арасына сіңіп, бірте- бірте ұзап, көзден тасаланған бейнені ол ең соңғы сапарға шығарып салғандай көңілінде күдіктің шоғы жылтырады. О.Бөк. ~ Соңғы сапарға шығарып салар алдында жататын жерін өз көзімен көргісі келді ме екен, білмеймін. Күн болса жалама аяз, қара суық. Ақпанның он екісі ғой. Қыстың нағыз қаһарына мінетін кезі. Ү.Жәл. ~ Мылтықбай да тапанша асынып жүргенге құмар»‚ деп қалды. Сол Мылтықбай әкесін соңғы сапарға шығарып бара жатқанда мәйіттің басында да отырмады. Қ.Түм. ~ Адамды соңғы сапарға шығарарда неге қара ту ілініп, неге парауыз ышқынады десе, оның да соңғы құрмет деген өзіндік мәнмағынасы бар екен- ау. Қ.Түм. ~ Еркектермен бірге зират басына барды. Солқ- солқ етіп талықси тұрып, Серікті қайтып оралмас соңғы сапарға өз көзімен аттандырды. С.Мұр.
СОМ ДЕНЕЛІ
Ірі, мығым, кесек денелі. * Сақар оларға ұқсамаған бір оршұнақ. Шойыннан құйғандай сом денесіне лайықсыз сопақтау, кішірек басында шұнтиған құлағы тышқанның құлағындай болып еп-ерсі көрінетін. Ү.Жәл. * Бас — аяғы тұтас сом денесі ортадан аз-ақ қалқыңқы бойынан жарасым тауып, Сейілбекті дембелше палуанға ұқсатады. С.Ом.
СОҢҒЫ СӘУЛЕ СӨНДІ
Көзі тұманданып, көруден қалды. ~ Бұл қастан күштер қатарынан қатты соққыға алған Сармолла құлай берді. Көз алдынан соңғы сәуле сөніп, аяғын шалыс басып құлап бара жатқан халінде оның кеудесіне қанжар да сұғылды. М.Әу.
СОМАДАЙ БОЛЫП
Үп-үлкен болса да д.м. * Ана Ыбырайларды қарашы, көріп тұрып, әдейі келмей тұрғанын, «ерегіскенде суармай қояйын ба!» дейді Қартқожа. Дегенмен сомадай болып, бір ауылдың сиырына қауға тарта алмауды намыс көреді; сыр алдырмағысы келеді. Ж.Айм. * «Мұның қалай, Масаңбай, сомадай болып ұят қой», ─ деп, ұялтайын десең, «Контуженмін ғой, өзімді-өзім ұстай алмай қаламын» ─ деп кінәнің бәрін басқа бірдемеге аудара салатын. С.Шай.
СОҢҒЫ ТҰЯҚ
Соңғы ұрпақ, мұрагер. ~ Бай да шықты, би де шықты, батыр мен бағлан, керек десеңіз, ақын, әнші, күйшіге дейін. Мен, елеусіз емес, белгісіз емес, танымал тарихшы Мұрат Бейсенұлы екеуіміз — сол тұқымнан қалған соңғы тұяқпыз. М.Мағ. ~ ХІХ ғасырда Қазақстанды отарлаған орыс әкімшіліктері органдарында қызмет етіп, көнекөз билер қауымының соңғы тұяқтарын көріп-білген орыс шенеуніктерінің мынадай сөздері сақталған. С.Зим.
СОНАДАЙ ЖЕР
Әжептәуір қашық жер. ~ Өз қызығы өзімен болып, ой теңізінде еркін жүзіп жүр. Бірақ, осы кезде Сейіттің соңынан бір адам қара үзбей, сонадай жерден ол қайда бұрылса, солай жүріп, ізін бақты. Жаңа бір әзірде ғана бұл адамның санасында еш нәрсе жоқ еді. Р.Рай. ~ Көз ұшындағы ирек сағымға, сағымға ұқсас жөңкілген бұлтқа, арлы–берлі дамылсыз сабылған поезға күн сала қарар. Сонадай жерде ұшқасып–тіресіп өтіп бара жатқан жолшылар саусағын шошайтар. Д.Дос.
СОҢҒЫ ТҰЯҚ СЕРПІС (СЕРПУ)
Өлер алдындағы ақтық қаракет, жан-дәрмен қарсылық. ~ Жә, Қайсардікі суға кеткен тал қармайдының кебі дейік. Қажыған, қалжыраған кәрі кеуденің соңғы тұяқ серпісі — жігіттіктің тәтті дәмін татып қалу арманының қаракеті. М.Сүн. ~ — Енді не істейді? Аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысады. Өкімет шетелге төлеп жатқан айып ақшаның есесін қарауындағы халықтан қайырмағанда кімнен алады? Мұны жан тапсыру алдындағы соңғы тұяқ серпу, ышқыну деп ұғынуымыз керек. Қ.Жұм. ~ Көшпенділердің ен соңғы тұяқ серпуі Алтын Орда мен Жоңғар мемлекеті болды да, сонымен тынды… Қ.Жұм.
