Posted in

СОҚЫР ТИЫН

Еш құны жоқ; қара бақыр. * Соқталдай бір азаматқа сол жылдарда соқыр тиын ақысыз, пұлсыз істеп бергенінің сыртында қыз әкесіне Әли де бір ат, бір сиыр беріп, сабаудай екі азамат — өздерінің тапқан-таянғандарын тірнектеп соған өткізумен болған. Ж.Ахм. * Мынау нарық заманында уфілеу-суфілеу, жалап-жұқтау сықпытты либерализмнің пұты соқыр тиын! Ғ.Қабыш. * Жалғыз балаға көлеңкең түспеген соң, сенің секретарьлығыңнан маған соқыр тиын. Сен де бір, шүршіт те бір. М.Қан. * Машинаға бес жүз қойды тиеп болғанша, мен Қазаншұңқырға бес жүз қадам жақындап қаламын. Скотобозыңды ала кет! Маған оның қажеті соқыр тиын! Қ.Ысқ. ~ — Бұл деген сұмдық қой! Жабулы қазан, жабулы қалпында қалсын дейтіндер түптің-түбінде бір есеп берер-ау тарих алдында. Халықты қызыл қырғынға ұшыратқан ұлылықтың құны соқыр тиын. Ө.Кәр. ~ Бәлем, әкең келсін. Дәдеңді сонда бергізермін. Құдай-ай, осы арамды қайтейін деп жүр, ә! Соқыр тиын құрлы пайдасы болсайшы бір. О.Елс.

Posted in

СОҚЫР ТИЫН ПАЙДАСЫ ЖОҚ

Түк қажеті жоқ, құр масыл. * Дұрыс нәрсені бұрыс деп теріс-қағыс лағып сөйлейтін есуас әпенді, әзір асқа – тікқасық болғаннан басқа соқыр тиын пайдасы жоқ масылды қалай әкем деп еміренсін! Т.Сәук. * Не келіп жатқан соқыр тиын пайда жоқ, сегіз тонна көмір кетеді. Қып-қызыл шығын. Т.Сәук. * Үй иесінде үн жоқ. «Маған сендердің кім екендерің соқыр тиынға керегі жоқ, қажет боп тұрса, өздерің айтыңдар» дегендей жастыққа белін тіреп, күпісіне қымтана түседі. Т.Әбд.

Posted in

СОҚЫР ТИЫНҒА КЕРЕГІ ЖОҚ (ТҰРМАЙДЫ)

Түкке жарамсыз, еш құны жоқ. * Үй иесінде үн жоқ. «Маған сендердің кім екендерің соқыр тиынға керегі жоқ, қажет боп тұрса, өздерің айтыңдар» дегендей жастыққа белін тіреп, күпісіне қымтана түседі. Т.Әбд. ~ Жолын тағы да Көпжасар бөгеді. Жай ғана бөгеп қоймай: «Егер мені шынымен-ақ қиып кетсең бәрібір сенсіз маған өмірдің соқыр тиынға керегі жоқ. Ө.Кәр.

Posted in

СОҚЫР ТҰМАН

Көзге түртсе көрінбейтін қалың тұман. * Соқыр тұман сейіліп, Көкжота басына сәлде киіп алыпты. Қ.Ысқ. * Құм үстіндегі ауа бірқалыпты тымырсық тұрады. Көбіне зілдей ауыр соқыр тұман басып, төңіректе құлаққа ұрғандай тыныштық орнайды. С.Мұр. * Тау іші салқын, әрі дымқыл. Таң ата бүрікпе жауын толастап, ашылғанмен, қалың қарағай ішін соқыр тұман басқан. С.Жүн. * Соқыр тұман дүниені кері төңкеріп жібергендей әсер етеді екен. Көзге біртүрлі жат, көңілге тосын. Ә.Асқ.

Posted in

СОҚЫР ЖОЛ

Қайда апарары белгісіз; адастыруы мүмкін сүрлеу. * Кешке де, таңғы елең-алаңда да, қазіргі жаяу борандада жат жолдағы жатырқағыш жолаушы-тракторшыны бастап келе жатқан соқыр жол осы. М.Әу. Дұрыс-бұрыстығы күмәнді, беймәлім бағыт. * Керейді танымайтын ел болса, Барар тұсы соқыр жол! Әйтеке Би * Адастырғанда соқыр жол мен саңырау түн, Адам болып көрінеді күңгірі алыстағы қоңыраудың. Т.Әбді.

Posted in

СОҚЫР ҮМІТ

Бос қиял, орындалмайтын, іске аспайтын жоспар, көзсіз сенім. ~ «Кәпір болып кетпесе сәлем берер»,— деген соқыр үмітпен тоқтай қалғаным. Қайда, шекесінен қарап шырт түкіреді. М.Қаб. ~ Әйел үшін бұдан артық қайғы бар ма? Сен адал, әулие жансың, оған баяғыда–ақ көзім жеткен. Бізге беріш болып қатқан жүрегің жібімесе, менің әлі де құрсақ көтеремін бе деген соқыр үмітім біржола кесіледі. А.См.

Posted in

СОҚЫР КЕУДЕ

Білімсіз, надан, тоғышар. ~ Соқыр кеудеге сиқырлы сезім құятын, Өнердің қара шаңырағысың – Театр! Н.Әділ. ~ Соңғы жылдары тағы бір жексұрын әдет тапқан. Істейтін кәсіп жоқ, өнер қумай талапсыз тоқыраған көр соқыр кеуде азғындамай қайтеді. Т.Сәу.

Posted in

СОҚЫР ШАМ

Зорға жанып тұрған, жарығы шамалы білте шам. ~ Астанадан шыққалы қыбыр еткен жоқ; шығарып салып тұрған қалыңдығының ерке мінезі есіне түскенде, соқыр шам сығырайған вагонда қимылсыз көзі шоқтанып жана түседі. Ә.Нұрп. ~ Сәкі үстіндегі соқыр шамның жалыны капитанның соңынан ергісі келгендей, есік жаққа қарай созылып кетті. М.Кәр. ~ Сонан бері соқыр шам сығырайған қамыс қостың бір басында әр нәрсені бір ойлап, өңің кірмей кірбиіп жатқансың-ды. Ә.Нұрп.

Posted in

СОҚЫРҒА ТАЯҚ ҰСТАТҚАНДАЙ

Барынша айқын, анық, кез-келген адамға ұғынықты. ~ Әр сөзі соқырға таяқ ұстатқандай, әр қимылында қажыған адамның кейпі жоқ: өлер адам өлді, енді өзгенің өміріне қауып төндірмей тұрғанда, сытылып кетпей тұрғанда ұстап алыңдар деді. Қ.Ысқ. ~ Өте дұрыс, көңілге қонымды-ақ етіп жазған екен. «Соқырға таяқ ұстатқандай-ақ» қып айтыпты ғой. Ж.Баб. ~ Бегей төбеге ұрғандай тағы тоқтап, тағы да ұзақ- ұзақ ойланып тұрды да: – Мен осы сұрағыңа қолма- қол, соқырға таяқ ұстатқандай жауап берейін, сосын қоясың ба? – деді. З.Қаб. ~ Ақыл- айланы Сталиннен үйреніп жатқаны — соқырға таяқ ұстатқандай, беп- белгілі. Т.Рыск.