Әлдебір жағдай ауыр тиді, қинады, жүрегін ауыртты. ~ Есенбай ойланбай сөйлеген сөзінің өзіне соққы болып тигенін білді. Бірақ аузына басқа сөз түспеді. О.Көш. ~ Темүжіннің керей билеушілері мен оған бағынған моңғол нояндарына жолдаған сәлемі, жай сәлем емес ауыр соққы болып тиді. Ж.Шәк. ~ Олардың артынан асқар таудай ағасы Сәбит Мұқанов қайтпас сапарға ол кетті. Осының бәрі Баукеңе соққы үстіне соққы болып тиіп, оның аузынан шыққан күйініш сөздері жалпақ жұртқа естіліп жатты. Ә.Нұрш. ~ Жұрттың өзіне деген ерекше ілтифатына үйреніп қалған, осы кішкентай құбылыс Еркебұланға соққы болып тиді. Ә.Тар.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СОЙЫЛҒАН ҚОЙДАЙ
Қан-жоса болды д.м. ~ Заматта біреулерінің шекесі торсықтай боп ісіп, көзі жұмылып, басқа біреуінің мұрнынан қан сауылдап ағып, үсті-бастары сойылған қойдай қып-қызыл қан басып шыға келді. Көйлектері пора-пора. Ә.Кек.
СОҚҚЫ ЖЕДІ
Таяқ жеді, тепкі көрді. ~ Қырып алдық тоқтыны, Жейтін болдық соққыны. О.Әуб. ~ Тағдырдан соққы жеген екі пенде үрпиісіп қалды. «Не істеу керек?» дегенді іштей айтысты. Т.Әл. ~ Дулат (бекініп). Бәсе, Қарагөзімізді әкететін жауларға, тым болмаса, бір оқ атып қалайық. Барып–барып жығылмас па екен? Әкетсе де, соққы жеп кетсін. Неге қарап қаламыз? М.Әу. ~ Өзі де сілтіге салған сүйектей боп–боз. Жүріс–тұрысында да баяғы батылдық жоқ. Кібіртік. Созадаң. Бір нәрседен әбден соққы жеп, басымен қайғы болған адам ғана осындай болса керек. Ә.Кек. ~ Қоспан (ойланып). Соққы жеп, басылып қалған қам көңіл… Маңдайдан сипағанға баладай алданып… елп ете қалғаным ба? Ұқпаппын–ау сырын. Т.Ахт.
СОЙЫЛМЕН САЛЫП ЖІБЕРГЕНДЕЙ
Оқыс, қатты; есін шығарардай. * – Қартқожа бар ма? Шық бері! – деген түнгі айғай, сойылмен салып жібергендей, сарт ете түсті. Ж.Айм. * Оқбақтың «Оқ!» деген дауысы, сойылмен сойып кеткендей дүрс етті. Ж.Айм.
СОҚҚЫ ТИДІ
Зорлыққа тап болды, зәбірленді, төбелесте жарақат алды. ~ Бұлардың да ондай бұзақы, желігін әуелі аямай басып алу керек. Сонда барып бастарына соққы тиеді. Ә.Кек. ~ Қалдың ба Нұрым?… Жан жүрегім, бақыл бол! – деп күбірлегенімде жүрегіме қатал соққы енді тигендей, ұйып бара жатты. Жалт бұрылдым, – тоқтат!… то…қта…т!– деп зекіп-зекіп қалдым өзіме. Қ.Шабд. ~ Опа кермей, талай соққы тиіп жапа шеккен жүрегі жаралы, көңілі жадау тартып келген ақын шемен-шерін ағытып, түр-түсі сан өзгеріп тұратын жәдігейлерді нысанаға алады. С.Им.
СОЙЫЛЫН СОҒЫП, ҚАЗАНЫНАН ҚАСПАҚ ЖЕДІ
Азын-аулақ дәм үшін біреудің айтағына түсті д.м. ~ Қытайдың әскеріне жол бастап келіп, жалғыз-ақ күнде басып қалып жүрмесін. Кәпір болмаса да солардың сойылын соғып, қазанынан қаспақ жегендер ғой. Ж.Шәк.
СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫ
Ұрып-соғылды, зәбір көрді, таяқ жеді. ~ Соққыға жығылып, шала есті боп жатқан Жәукені анау екеуі үйінің алдына сүйреп апарып тастады да, бүйірлерін таянып, қызығына қарап тұрды. С.Ом. ~ Екі шабарман соққыға жығылған бір жігітті қолтығынан сүйреп әкеліп тізе бүктіреді. Б.Тоғ. ~ Бір күні кезекті соққыға жығылып әлсіреп, есімді бірде жиып, бірде қайта сандырақтап жатқан кезімде, бүкіл өмірім көз алдыма келмесі бар ма. З.Нұрт.
СОЙЫЛЫН СОҚТЫ
Біреудің айтқанын істеді; мүддесін қорғады, қолшоқпары болды. * Мұғалім. Мен емес екенімді білесің, Нұрқан мырза. Бірақ сіздің мінезіңіз дұрыс емес. Сіз ел ағасы адамсыз. Жүзтайлақ. Мұғалім, Борсақтың сойылын сен де соғайын деп пе едің? М.Әу. * … сен секілді феодалдық заманның сойылын соққан содырларды омақастырсам, бұл заманда бұ да үлкен шаруа бітіргендік емес пе? О.Сәрс. * «Кіру-кірмеу әр кімнің өз еркінде» деп, ұзын саясаттың сойылын соққансып мәймөңкелеткенмен, жеме-жемге келгенде тірерге тұяқ тастамай, жарлының аузын аққа тигізіп отырған жалғыз сиырына дейін сыпырған. Т.Сәу.
СОҚҚЫҒА ЖЫҚТЫ
Біреуді ұрып-соқты. ~ Сендер Қанипаны алып кеткен күні Аралбайдың қол шоқпарлары жиналып келіп, мені соққыға жыққан… С.Ом. ~ Мынау қай мазағың? Берік – аулымыздың қонағы еді. Көрсеткен сыйымыз — соққыға жығу ма? Қашанғы қор етіп намысымызды көме бересің?! Зауалы болмас деймісің? — деп қалш– қалш етіп Мақанға жақындай түсті. С.См. ~ Ақ көйлектің омырауына да қан шашырап, құдды сілейтіп соққыға жығып салғандай. Ә.Нұрп.
СІҢБІРУГЕ МҰРШАСЫ (МҰРСАСЫ, МҰРСАТЫ) КЕЛМЕДІ (ЖОҚ)
Әлдебір ауыр жұмысқа салынып, берекесі кетіп,ештеңеге қолы тимеді. ~ Мысалы, өзіңіз күнұзақ бір шалмен төбелессеңіз, тамақ ішуге қолыңыз тиер ме еді. Тамақ түгіл сіңбіруге мұршаңыз келмес еді. О.Әуб. ~ Оны түсінбейтін Сақан ондай ақылсыз жігіт емес. Бәлкім, басқалай бір қарбалас жұмыстары шығып, сіңбіруге мұршысы болмай жүрген шығар. Еркектің шаруасы деген әйел көңілімен санасып жата ма?! Ж.Сәм. ~ … апақ-сапақта аңдыған қатынын, қорыған қызын тарс есінен шығарып, сиырын байлап, қойын қоралап, жылқысын тұсап, отпен жағаласып, ошақпен алысып, сіңбіруге мұршасы келмей кетеді емес пе. Н.Дәу. ~ Егінші, малшылардың көктемгі күй- жайын ұғысып жүр едім. Ертең ауданға жиналысқа барамын. Сіңбіруге мұрсам жоқ қазір, — деді ол аман- сәлемнен соң. Т.Рыс. ~ Қу тіршілікпен кітап оқу түгілі сіңбіруге мұрша жоқ. Н.Дәу. ~ Сіңбіруге мұрсаты жоқ, топылы, топысыз, аузы — басын түк басқан жүдеу жандардың ішінен Лексей Лексеичтен басқа жүзі жылы ешкімді таппаған еді. Қ.Ысқ.
