Ант ішті, уәделесті. ~ Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып, Серт қылып, бір- біріне уәде берген. Абай. ~ Үсен, мақтанасың ғой, – дейді Салахиддин. Мақтанасың ғой дегеніне намысы келіп, Үсен серт қылып: – Сол қияға шықпасам, өзім қия болайын, – дейді. Ә.Бөкей. ~ Егер сен осы вагонмен Семейге жететін болсаң, мен Кәрім болып жаралмай жерге кірейін!—деп серт қылады. І.Жанс. ~ Төстік жүрерде Кенжекей Құба інгенді бураға шөгереді. «Не Төстік өлді деген күні ботала, не Төстік келді деген күні ботала!» – деп серт қылады. "Ер Төстік".
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЕРГЕЛДЕҢДЕ ЖҮРДІ
Түк бітіре алмай, бос әуре болды. ~ Пәленбай жыл үй ала алмай сергелдеңмен жүрміз. Сен сияқтылардың талайы бастықтың аузын парамен тығындап үй алып жаңа баспанаға көшіп кірді. Ж.Шәк.
СЕРТІМ СЕРТ
Айтқан сөзімне, берген уәдемнен өлсем де қайтпаймын д.м. ~ Үш күннен кейін жеңгесі арқылы қыздан хабар алдым. Ол сертім серт, өлсем бірге өлемін, тек жаз шықсын, оған дейін екеумізге киім әзірлей берсін депті. Ә.Әб. ~ Мені алдап… жолға тастап кетпейсіз бе? — Уәдем — уәде, сертім — серт! — деді Тоқаш Айбаланың дір-дір еткен білегінен ұстап. — Маған сүйген жар бол. Б.Тоғ.
СЕРІК БОЛДЫ
Рухани қолдау, демеу болды. ~ Өмірдегі ең бір өте ауыр кезінде сол құдіретті ән Бірләнға да серік болды. Құлағалы бара жатқан жас жанды қолтығынан ұстап тұрғызды! Құлатпады! І.Ес. ~ Жылқы әулие, әулиеге тапсырдым! Есті жануар ғой, құла түзде жалғызбын деме, серік болады. А.Кем. ~ Торғай шыр- шыр етті де көрінбей кетті. Сол дауыс ұзақ күн бойына жанына серік болды. Адал адалды аңсайды‚ тірі жанның киесі болады. Қ.Түм.
СЕРТІНДЕ ТҰРДЫ
Берген сөзіне адал болды. ~ Мұжықтар да ақымақ емес қой, келісе кетеді. Ол сертінде тұрып, тегі, шіріген бай көпес болса керек… тұтас бір мыңдаған сом ақшаны — он мың ба, жиырма мың ба — әйтеуір бере салады. В.Расп. ~ Неге Бану сертінде тұра алмады, Қандай ғана әзәзіл ылаңдады! Алғашқы әнім эфирден шырқалғанда, Неге, неге құттықтап, қуанбады?! М.Мақ. ~ «Сізді ғана сүйем» деп, сертінде тұрып сеніскен, Құдай қосқан қосағым болмақшы болып келіскен. А.Тем.
СЕРІЛІК ҚҰРДЫ
Ел аралап, ойын-сауық құрып, өнер көрсетіп, жігіттік жасап, қызыққа ден қойды. * Кейін орыс қызына үйленіп, Кривой-Рогта қалып қойды деп естігенмін. Мен де арманыма адал болып, студент кезімде ылғи орыс, неміс қыздарымен серілік құрдым. Т.Сәу. ~ "Әлгі қайда?" — деді ақтық демін жинап. Жанына тізерлеп дем салып отырған сопы молда Мырқы мырзаның көрші ауылда серілік құрып, қыз аңдып жүргенін бүгіп қалды. Д.Дос. ~ Қиянаттан өрілген тағдырының ащы дәмі ме екен, жанын жегідей жейтін… Серілік құрып жүрген дәурені қиянатқа толы ма, кім білсін? Р.Мұқ.
СЕРТКЕ БЕРІК
Айтқан сөзінен, берген уәдесінен таймайтын адам туралы. ~ Енді міне, адалдығыма, сертке беріктігіме көзі жеткен соң, мына бір шағын қонақүйді жекешелендіріп алдық. Б.Тоғ. ~ Соған бола серігі де осында қалып қойып отыр. Сол кемтар серігі үшін бәріне көніп, қақаған қар, көк мұзды жайлап қалған сертке берік құс осы. Адамнан да опалы. Ж.Сәм.
СЕРКЕГЕ ЕРГЕН ҚОЙДАЙ
~ Шылымымен Мәметті нұсқап: – Алдыңызда отырған жігіт қазақтарға белгілі, беделді жолдас. Бұның артынын қазақтар серкеге ерген қойдай тоғытылады. Ж.Айм. Біреудің ықпалына түсу, айдауына көну хақында. ~ Біреуді мақтаса айын аспанға шығарып, жер-көкке сыйғызбай көтермелейтін қазақ Кенесарының даңқын алты алашқа таратады. Серкеге ерген қойдай соңынан ереді. І.Ес.
СЕРТТЕН ТАЙДЫ
Уәдесінде тұрмады, берген сөзінен айнып кетті. ~ Мініп жігіт жүйрігін. Тұмарлап кекіл-құйрығын іңірден келіп күтіп тұр, Серттен таяр ерің бе? М.Жұм. ~ Сен барған жерге, мен жете алмайды деймісің? Мінсем мінемін атқа. — Ер жігіт серттен тая ма? — Сейіт қостап көтермелеп қойды Шәріпті. Т.Рыск. ~ Алшағыр от басқандай ыршып түсті. — Әй, байқап-байқап, басты шайқап сөйле. Алшағырдың серттен тайғанын қашан көріп ең? М.Қаб. ~ Ол ойланып: — Қиын екен, бірақ жігіт болып сөз берген соң, серттен тайғаның келіспес. Мен қасыңа ерейін, тіпті ел ішінен именсек, басқа бір жаққа алып кетерміз, — дегені. С.Бег.
СЕРКЕНІҢ ДАУЫН АТАН ӨГІЗГЕ САТЫП АЛАДЫ
Шектен шыққан даукес, пәлеқор жанға қарата айтылады. * Уһ-уһ, – деді Еркін үлкен бір пәледен құтылғандай қуанып, – ішкенімізді – ірің, жегенімізді – желім қылды-ау өзі. Осыншалық көк езу, серкенің дауын атан өгізге сатып алар пәлеқорлығын білсемші. О.Бөк.
