Алып ұрды; естен тандырды. * — Обиып отырған жеріңде сеспей қатырайын ба осы, Қобыландыны білмесең, қай жерің қазақ, ей? М.Қаб. * Өзінің түрі адам шошырлық. Құдды ана жылғы Айбаршаның кейпі. Қоразбай қорқа бастады: мына тас маңдайына тисе ғой, сеспей қатады. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЕРПІЛІС БЕРДІ
Қозғау салды, қарқын қосты. ~ Болашақтың жарқын күнінен жаңа тілек күткен "Елім — айы" мұнда да намысына намыс қосып, арыған елін алдағыға үміт- арманмен қарауды үйреткен. Жабыққан бұйығы жандарға серпіліс беріп, бойына сергектік құйған. С.См. ~ Меніңше, осының бәрі жігерсіздігімізді, өзімізге-өзіміз серпіліс бере алмайтындығымызда жатқан жоқ па? Ә.Ысқ. ~ Кітапта тегіміз Түркі әлеміне серпіліс беру, Түркістанды жаңғырту, өзегіміз ауыл, жер мен тіл туралы, өмірдің мәні неде, жаңа технологиялар, жасанды интеллект, адам геномы, сана ғасыры т.б. туралы ойлар сараланады. /zhasalash.kz/
СЕТЕР ҚЫЛДЫ
Ежелгі сенім бойынша тәңірге арналған малды ешкім мінбейді, еркімен жібереді. * Ал, Қоңыржан, сен де разы бол! Менің атымды жылқыға сетер қып жіберіп, көзімдей көріп жүрсеңдер, разымын! Қош, көріскенше күн жақсы болсын!.. Қ.Тол. * – Бұл ел боп мінгізген атымыз, Әсаға. Ал өзіңіздің атыңызды бізге мұраға тастап кетіңіз, ырым болсын. Сетер қып жылқыға жіберейік. Қ.Тол.
СЕРПІЛІС ӘКЕЛДІ
Рухын оятты, талпыныс тудырды. ~ «Жеке адамға табынушылық және оның зардаптарын жою туралы» қаулысы жалпы халыққа, оның ішінде әдеби өмірге серпіліс әкелді. Ш.Сари. ~ Бодандық тұсында бостандықтың отын үрлеп оятқан мұндай рухани серпіліс әкелгені үшін де Мұхтарға тағзым. Т.Жұрт.~ Өзге өңірлерде әзірге баламасы жоқ орталықтың ашылуы батыс өңірі ғана емес, барша қазақ елінің рухани өміріне үлкен серпіліс әкелді. Б.Хал. ~ Қорыта айтқанда, Абайдың даналық танымдары қоғамдық санамызға серпіліс әкеле алатын қуатты да шуақты идеологиялық құралымыз. А.Ом. ~ Мұның бәрі қаланың мәдени, рухани өміріне үлкен серпіліс әкелді. Д.Төл.
СӘБЕТ САЛДЫ
Қолқа салды. ~ Ендігі бір заматта Қалдарбекке сәбет салғаным бар. Біздің әйелдің алғашқы, тетелес сіңілісін ұзату ыңғайына байланысты. М.Мағ.
СЕРПІЛІС ТУҒЫЗДЫ
Игі бағыттағы қарқынды үдетті. ~ Міне, елге деген, ұрпаққа деген махаббат! Иә, жақсылық сатылмайды. Ол санада серпіліс туғызып, жүректерде бүршік атады екен. Ә.Ысқ. ~ Бұл жаңалықтар бұқара халықтан жаппай қолдау тауып, ел ішінде аз да болса серпіліс туғызған. Қ.Жұм. ~ Ұлттық ой-сананың өркендеуі мен дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп, соны серпіліс туғызған дара да, дана тұлғаның бірегейі. Б.Әбілқ.
СӘБИ СЕЗІМ
Балалық, соны көңіл, уыздай жас сезім. ~ Соларға құлағын да қызыға түріп, көзін де қызыға тіккен Жандостың әсерленгіш сәби сезімін қатар келе жатқан әкесінің: — Балам, қалай, шаршадың ба? — деген дауысы бөлді. С.Мұқ. ~ Жым-жырттық басқан сәби сезімнің тұп-тұнық тайыз айдынына сол жұлдыздар тас лақтырып, темір қанат қиял-ойымның қауырсынын жетілдірді. Т.Бер. ~ Кешір мені, өз жаныңа кеш келем, Көкірегімнен сәби сезім өшпеген. Қ.Бұғ. ~ Осынау сәби сезімнің қайғысына масаттанғандай мен орнымнан ұшып тұрдым да, әжеме тіл қаттым: — Ал мені қалай үйлендірмексің? Б.Мом. ~ Қиналу емес, қайта соншалық риза боп, күнәсіз, пәк сәби сезімнің нұрын ажарынан байқатып, о дүниеге өзгеше момақан мінезбен аттанып кеткен. Т.Рыск.
СЕРТ БАЙЛАСТЫ
Уәделесті, ант-су ішті. ~ Кей кездерде мені қалжыңдап өлең айтады: «… Қасымжан, серт байласқан сен емес пе ең, Ұстаған етегіңнен мен емес пе ем. Б.Майл. ~ Сен өзгенің мінін көргішсің. Ал, өз мініңді ойладың ба? Алда-жалда мендік болсаң, екі-үш жылдың беделінде қайда жоғалдың? Рафих иен Мырзаштан қызғанып, күйіп-жанып кетерлік қандай серт байласып ек? Т.Әл. ~ Сол арасы айқын емес, дәл осы жолы өмір-бақи ажырамайтын, айнымайтын болып серт байлассақ – арман жоқ. Б.Тоғ. ~ Бәзіл деген Жуантаяқ Шөкей деген қызын Есболаттың бір жігітіне бермекші болып атастырған екен. Шөкей оны менсінбей Қаракесек Олжабай деген жігітпен көңіл қосып, қашпақшы болып серт байласады. Ә.Кәк.
СӘБИ СҮЙДІ
Перзентті болды. ~ Ол фәниден ерте кетті. Үйленіп те, сәби сүйіп те жалған дүниенің ләззатын көре алған жоқ, рахатын кейінгілердің сыбағасына қалдырып, уайымын өзімен бірге ала кетті… Қ.Ысқ. ~ Жанға ашпаған сырым бұл… Жалғыз ғана сәби сүйген әйелде не арман бар? Сен екеш сенің не білгенің бар еді? Ғ.Сл.
СЕНЕН КЕЛГЕН ПӘЛЕНІ КӨРІП АЛАЙЫН
Неге де болса дайынмын, қолыңнан келген жамандығыңды істеп қал д.м. * Басынған екенсің! Мен орталықта ауырып жатқанда… Сенен келген пәлені көріп алайын, шпана неме! Түті-еп тастаймын-н! М.Қаб.
