Posted in

СЕЛТ ЕТКІЗДІ

Елеңдетті, дір еткізді. * Жартастың жаңғырығындай ащы дауыстар биені селк еткізді. Т.Әл. ~ Осы ойға табан тіреген Тауман томағасы сыпырылған бала бүркіттей саңқ етіп, менмен топты селк еткізе әкесі марқүм Тұрлыбектің макымына сап тақпақтап сөйлеп кетті. С.Дос. ~ …бір шеңгелдің түбінде отырып, керіліп-созылып, құрыс-тырысымды жаза бастап едім, жапжақын жерден, дәл қасымызға келіп қалған ат тұяғының сыбдыры селк еткізді. Ж.Сәм.

Posted in

СЕН ТҰР, МЕН АТАЙЫН

Бірінен бірі асқан жүрек жұтқан ығай мен сығай жігіттер. * – Е, олар не көрмеген жігіттер дейсіз. Осылардың қай-қайсысы болсын садақшылыққа бірдей «Сен тұр, мен атайындар», –деп, уаң да мақтағанға көтеріліп қалған. С.Жүн. * Күйеу жігіттері өңкей «мен атайын, сен тұр» дейтін ығай мен сығай. Шетінен ұстараның жүзіндей қылпылдаған жастар. Ішінде шоқша сақал біреуі ғана бар. Жұптарын жазбай сар желдіріп келеді. С.Жүн. ~ бұл болса бала жастан жүрек шамы маздап жанған, әрі жазғыш, әрі айтқыш кәнігі саясаткер, сен тұр, мен айтайын мінезге ие, қатарының алды, заманының адамы, өз білек күшімен биікке өрмелеп келе жатқан адам. Д.Дос. ~ Сейтеннің қобалжыған көңілі орнығайын деді. «Осылар секілді, «сен тұр, мен атайын» ер азаматтары бар жұрт қор болар ма… Мұндай жайсаңдарыңның мол жаралғанына құдайға шүкір…» І.Ес. ~ Байқаймын, басқа колхоздың адамдары бізді анадайдан нұсқап: «Келді, келді мына өңшең сен тұр, мен атайындар. Тағы да дес берер деймісің?! » десіп, күбір- сыбырларын молайтты. К.Сег. ~ Бүгінде "сен тұр, мен атайын" талай жігітің Тоғайдың қасында жіп есе алмай қалған жоқ па! Ә.Тар. ~ Мөкеңнің тек идеологиясын ғана пір тұтады. Автономия беру керек әр шаруашылыққа. Екіншіден, сен тұр, мен атайындардан қорқамыз. К.Хам.

Posted in

СЕЛТ ЕТКІЗЕР

Елең еткізер, көңілін аулар, ерекше әсер ететіндей. ~ * Айлапат сарайдың қақ ортасындағы атқылап жатқан дөңгелек хауыздың сыпсың-сыпсың дыбысынан басқа құлақ селт еткізер үн де жоқ. Ә.Кек. * Өмірде кейбір кісімен кездейсоқ жолығу жүректі ерекше өрекпітіп, тұнық қарасудай еш ағын- ағыс, тулаған толқынсыз, селт еткізер ерекше қимылсыз тұнып, талайдан тұмаланып жатқан тыншу көңілді ойран- топыр ететіні бар. Ж.Шағ. ~ Бағила бұл әңгімелердің бірін ұғып, бірін ұға алмады.Және олардың сөзінде ойда қалар, көңілді селт еткізер жаңалық, тосындық жоқ секілді боп көрінді. Д.Ис.

Posted in

СЕНГЕН ҚОЙЫМ СЕН БОЛСАҢ, КҮЙСЕГЕНІҢЕ БОЛАЙЫН (КҮЙСЕГЕНІҢДІ ҰРАЙЫН)!

Біреуге артқан үміті ақталмағанда ашына айтылатын мәтел сөз. ~ Қартқожа аузына не түсіп, не қойғанын білген жоқ. Ұрсып-ұрсып, есігін бір қойып шығып кетті. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді…» дегенін ғана біледі. Ж.Айм. ~ — Сенген қойым сен болсаң күйсегеніңе болайын! — деген екен, балам. Амалым бар ма, соның көбі шығар!— деп алды-артына қарамай комитеттен шыға жөнелді. І.Жанс. ~ Соған тізгін ұстатсаң, жетісеміз екен?! Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын!» – деп бетіне түкірер: Табалап қана қоймай, біржола безініп те кетер. Ә.Кек. ~ Жігі жіптей тартылып жымқырылған еріннің арғы жағында «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын!» тұр тұншығып. Т.Сәу.

Posted in

СЕЛТ ЕТПЕДІ

Көңіл бөлмеді, қозғалмады, түк естімегендей болды, елең қылмады, міз бақпады, елеусіз қалдырды. * Таспиықтың тарғыл тасындай тізілген тырналар легі тыраулаған мұңлы үнімен төмендегі тау ішін тербейді. Бірақ тіл-жақсыз тынған кержақ шал селт етпейді. А.Алт. * Таңғы шық, таңғы селдір тұман жар жағасындағы жалғыз үйді де тұмшалап, тұншықтырып тастағандай еді; тақтайдан жасалған саңылаусыз қорғаны, тақтайдан жасалған тас саңырау сұр қақпасы мелшиіп, селт етпестен үнсіз жатыр. Қ.Ысқ. * Бұрын аяғының астына домалап түскен бетен тәжді көрген сайын, бір айдынданып қалушы еді, бұл жолы селт етпей қойды. Ә.Кек. ~ Лақап атты лақтыра салуға Қажыкен шебер еді, кімнен шықса да, осы атты оған тауып қойған. Өзі де естіп жүр, еті үйреніп кеткен, селт етпейді. Ж.Сүл.

Posted in

СЕНЕН (БҰДАН) КЕЛГЕН КЕРДІ КӨРЕРМІН

Қолыңнан келгенін істей бер д.м. ~ Тоқтама, түгі… Ора бер! Көрейін мен бұдан келген керді!- деп, Әзімбай қамшысын сығымдап алды. Осы кезде Әбді мен Сержан, Асқар үшеуі «е» дескендей ытқып барып, орақшылардың жолына қарсы басып тұрыса қалды. М.Әу. ~ Солай ма? Ақыры жауап береді екенмін ғой, сенен келген керді бір– ақ көріп алайын… Жігіттер, жығыңдар мына иттің баласын! Қ.Жұм. ~ Ызаға булыққаны сонша, ол енді ентігіп, теріге жаққан идей майлы тер семіз бетіне шып–шып шықты. – Ә, залым! Сазайыңды берейін… Сенен келген керді кейін көрермін. Ә.Нұрп. ~ Бөжей оны қатты серпіп жіберіп, тоқтатып: – Атпа, тарт былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген керді көрермін! -деді. М.Әу.

Posted in

СЕЛТЕК БАС

~ Үйдің іші ығы– жығы, толған қазақ жігіттері. Дабырлаған сөз. Ішінде неше түрлі мүгедектер бар: ақсақ та, соқыр да, бүкір де, тазы да, кекеш те, селтек бас та, сақау да… М.Дәу.

Posted in

СЕНЕН АЯҒАНДЫ ИТ ЖЕСІН

Сенен ештеңені аямаймын ғой д.м.* – Сенен аяғанды ит жесін. Не кием десең де дүние жетеді ғой. Көңіл қалдырар қияпат білдірмеші. Р.Рай. * … шеттен келіп алақан жайған мүсәпірмиллиардерлерге бар-жоғы бір чемодан бакс берсе, «мә, сенен аяғанды ит жесін» деп бір заводты немесе бір мұнай компаниясын ұстата салатын. Т.Сәу. * — Оу, ақсақалдар, ұсақ жоқ деймін, міне, көздерің көрсін. Бұйырмасын. Сіздерден аяғанымды ит жесін! К.Хамз. * − Әй, сендерден аяғанымды ит жесінші,- деп, қабының аузын қайтадан шешті. С.Мұр. * — Ойбай- ау, болса сіздерден аяғанымды ит жесін. Қайтейін оны…— Жүсіп қарт бірді айтып, бірге кетіп тұр. М.Сүн.

Posted in

СЕЛТЕК ҚАҚТЫ

Түк бітірмей, ұшып-қонып, секеңдеп бос жүрді. ~ Бай сейілді, Бір пейілді Елде жақсы қалмады. Елдегі еркек, Босқа селтек қағып, елін қармады. Абай. ~ Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек, Киіп алып, қылтиып қағар селтек. Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа‚ Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?. Шәкәрім. * Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек, Киіп алып, қылтиып қағар селтек. Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа‚ Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек? Шәкәрім.

Posted in

СЕЛТЕҢ ҚАҚТЫ

Босқа селтеңдеп, көше кезіп, уақыт өткізді. ~ Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім. Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып, Жанға торсық байлатпас мен емеспін. Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім. Н.Айт. ~ Байға селтең қақтыңдар, Шыдады әзер қу жаным. Ал Кәдірбай құлақ сал! Жамбыл сөзін тыңдап қал. Жамбыл. * Шұбырған қауым мен ауыл арасында бір топ ит селтең қағады. С.Елу.