Posted in

СЕЛДЕЙ БАСТЫ

Аяқ астына жықты, таптап кетті. * Қыдыш. Асқанда қайтушы ең? Бойыма сыймаушы ма еді менің? Қалың Олжай құрып кетті деп тұрмысың! Селдей басармын. М.Әу. ~ Көрсетші, мені қуып келетін кім? Әлекті, әбігерді салатын кім? Аулыма ат ойнатып, селдей басып, Қолымнан қызды тартып алатын кім? М.Әу.

Posted in

СЕН ҚАЙДА, МЕН ҚАЙДА

Жан-жаққа шашылған д.м. ~ Тісі ауырғандай ыңырсып, екі үш дүркін ырғалып алды да дастарқандағы сен қайда, мен қайда бауырсағын жазған болып, қалыңырақ шетін өзіне қарай қайырып тастады. Қ.Ысқ.

Posted in

СЕЛДЕЙ ЖӨҢКІЛДІ

Лап қойып, ағылып төгілді, асып-тасыды. ~ Өмір мен өлім арасы мың құлан. Қияндағы Жайық бетке су іздеп шұбап бара жатқан мың сан тұяқ көсіліп, селдей жөңкіліп келеді екен. А.Кем. ~ Алайда ұрпақ ауысатын күн әлі қазаққа армандай алыс сияқты. Себебі мұратсыз әкелердің «Ол да өзіңдей ит болсын азғыр-азғыр» (Абай) деп «тәрбиелеген» балалары көшкен селдей жөңкіліп, билікке келуде. Ал, саналы, білімді жастар лег-легімен елден кетуде. Е.Төл. ~ Бабасы Бұзау болыс туралы айтқанда, буырқанған селдей жөңкіліп, тыңдаушы Сарысуды жағалап, сұңқар Сәкеннің сонарымен Қаратау асып кетеді. Е.Мұс.

Posted in

СЕН ҚЫЛҒАНҒА МЕН ҚЫЛДЫМ

Тиісті жауабын берді, кегін алды. ~ Шектен шыққан жерім жоқ. Тек еруліге – қарулы, сен қылғанға мен қылдым. Күндердің күнінде қазақтан да қара қылды қақ жаратын әділ қазы шығып, ақ-қараны ашар заман болса, кім кінәлі, кімнің кінәсіз болғанына кейінгі ұрпақтың көзі жетер. Ә.Нұрп. ~ Даудың басы – пышақ, түбі – құшақ дегендей, қай–қайсысының да шыққан төркіні, әрине, болмашы нәрсе. Бірақ сен қылғанға мен қылдым, сенен артық не қылдым деп, түймедей нәрсе түйедей болып отыр. М.Әбд.

Posted in

СЕЛДЕЙ ҚАПТАДЫ

Тұс-тұстан ағылып келіп, лап қойды. ~ Қаптады жан-жақ қап-қара селдей, Көкпеңбек түтін, қызды бір майдан. Ақ алмас қылыш айқара сермей Құйылды шабыс қыр менен ойдан. Ғ.Қай. ~ Селдей қаптап Бөгеттерді қиратып, Ғасырға аттап, Әрі қызу, әрі тез шалқи түсті, Оңай ма бәрін түгел алу жаттап. Д.Әб. ~ Сәуле тартынған сайын Темірдің өрттей қаулап, селдей қаптағысы келді де, лажсыздан ұят сақтап өзін-өзі әрең тежеп қалды. Ә.Әб. ~ Алаяқ көк жылқылар тыныш даланы дүбірлетіп, селдей қаптап келіп қалды. Ә.Нұрп. ~ Селдей қаптап, тасқындай тасыған Темірдің түпсіз терең ойының тоқыраған жері осы болды. Ә.Әб. ~ Қара да селдей қаптаған, Қайран да жұртым жауласпа. Көк аспан жаққа аттанам, Басымды беріп алмасқа. Е.Алш.

Posted in

СЕН САЛАР ДА МЕН САЛАР

Бір- біріне сілтеп, жұмыс істегісі келмейтін жалқаулық хақында. ~ Өз бетімен ат тауып міну Қартқожаның қолынан келмейді. Ол жолдастарына сенеді. Жолдастарының түрі әлгі. «Сен салар да, мен салар», бәрі де енжар. «Кісіге күніңді салмасын!» деген осы да. Имақандар маған бір күнгі еңбегін қимайды, бір қойдың терісін пайда қылғанды тәуір көреді…» деп ойлайды. Ж.Айм. * Шағын қаладан ұсақ қулықтарын ала келген Алтын Қарашаштың көнбістігін, сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар бақай есептен алыстығын тез аңғарып, есепшотқа тізіп қойса керек. М.Қаб. СЕН САЛАР ДА МЕН САЛАР, АТҚА ЖЕМДІ КІМ САЛАР

Posted in

СЕЛДЕЙ ТАСЫДЫ

Ернеуінен асып, молынан төгілді. ~ Қадырихан, сен бастай бер, шырағым. Әсетті тербеп, илһамын келтірші. Шабыттанбаса, қыран самғай ма? Делебесі қозса Әсет селдей тасушы еді… Қ.Тол. ~ Сосын, сосын… аяулы да ардақты жаныңды еміне іздеп, селдей тасыған сезіміңді баса алмаған қалпы, аһ ұрып өтетіндейсің. Ә.Ыб.

Posted in

СЕН ТАС САНАСАҢ, ОЛ ҚҰМ САНАЙДЫ

Асқан есепқорлық хақында. ~ Қысы-жазы жарғақ құлағың жастыққа тимей, қар жамылып, мұз төсеніп, адамның ұрысынан, даланың қасқырынан қорып, талайын шығындатып жүріп баққан малыңды саудаға салып, сен тас санасаң, олар құм санайтын алыпсатарлармен баға таласып жүріп алғандағы көк шақай анық он бес күн киіс бермейді. Өкшесі осылып, табаны тесіліп түседі де қалады. Ғ.Біл.

Posted in

СЕЛК ЕТТІ

Қорқып кетіп, денесі тітіркенді. * Ол селк етті. Нұртайжанның даусы ма екен қара жердің қойнынан шығып, азалы анасының құлағына жеткен? О.Сәрс. * Келін шырақ, асың түсір! Қи жапқан қапты ұмытпа! – Дауыстады үй жақтан. Селк етті әйел тамағында құрғады үн, жалт қарады түн жанышқан қырға бір. Ж.Нәж. ~ Қандай хайуанат болса-дағы адам баласын көргенде селт етіп, қозғалып, зып беріп қашып тұратыны болушы еді ғой. Мынау тіпті шатынаған қып-қызыл көздерін оқтай қадап алып, жүрегіңді зырқ еткізеді. Р. Мұқ.

Posted in

СЕН ТИМЕСЕҢ, МЕН ТИМЕН

Бір біріне тиісуге бата алмай, әрқайсысы өз бетімен күн көрді. ~ Әкесі — Тілеудің үйінде тұратын Ғалияға оралып келген Балуан, дос — жарандардың ақылын да алып, өзі де сондай ойға кеп, «сен тимесең, мен тимен» нің тұрмысымен, тыныш қана өмір сүруге кірісті. С.Мұқ. ~ Көп ішінен суытылып шығып, бұларға белсене қарсылық көрсеткен біреуі жоқ. Сен тимесең, мен тимеймін деп, бәрі де бас сауғалап қала берді. С.Ом. ~ Өстіп үлкеннен де, кішіден де ұтылып жатқанымыз. Міне, аға, нәумездіктің, сен тимесең, мен тименің қайда апарып соғатынын қараңыз. Біздің елге қонған қасиеттің сұрқы осы ма? К.Хам. ~ Оның үстіне айбынды да айдынды Абылай ақыл-айламен басын біріктіріп егеулі найзамен жат жұрттан қорғап, іргесін бекітіп кеткен хандық Уәлидің «сен тимесең, мен тимен» дегендей сылбыр саясатының салдарынан бұрынғы беделінен айрылып, ауа жайылып, азайып ыдырауға бет алған-ды. С.Ақт. ~ Күн өткен сайын апан аузынан ұзаң-қырап жайылатын болған. Бірақ «сен тимесең мен тимен» дегендей жан- жануарлардың қай- қайсысына да жақындамай, қай- қайсысының маңдарынан аулақ жүретін. К.Сег. ~ Жұрттың қарқыны басылып, бір мезгіл тынши қалған. Тізімге ілінсе, қазірден бастап өлімге айдалатындай көріп, бұғып отырған аз санды бір парасы сен тимесең, мен тимеймінге көшкен. С.Ом. ~ Жүзбе-жүз қарсы кеп қалғанда болмаса, қараңғы көшенің бір бұрышында кетіп бара жатқан бейсауат кісіге бұрылып барып тексеріп жатпайды. «Сен тимесең -мен тимеймін» деген енжар көңілмен ат үстінде қалғып, тас көшені такылдатып бастырып өтеді. Ә.Нұрп. ~ Сыйға сый, сыраға бал, әпкетай! Болды, бітті — еш тесікке тұмсық сұқпаспын, кез келген құйысқанға бет алды қыстырылмаймын. Бадырақ көз, сен тимесең, мен тимен. Не болар екен, оны да көрейік. Бұдан былай Атымтаев ылғи да пас, достар және әпкелер! М.Қаб.