Posted in

САУДАҒА САЛДЫ

Әлдебір құндылықты сауда-саттық нысанына айналдырып, пайда көруге тырысты. ~ Арын ақшаға айырбастау, тіпті тәнін де саудаға салу, ту-ту арғы, жабайы заманның жалаңаш, салдақы салтын жаңалық деп ұсыну, мұрат-мақсатсыз, селқос өмір кешу — осы сияқты толып жатқан тозғын әрекеттерді де «экспортқа» айналдырып, солардың жәрмеңкесін ашқысы келетіндер әлі бар-ау әлемде. Х.Ерғ. ~ Осы кісілер қандай екі жүзді. Сәудегер сияқты сезіміне дейін бұлдап саудаға сап жүреді. Әйтпесе көзден тайған кісінің кеңілден де кетіп ұмыт болатыны несі? Ә.Нұрп. ~ Адал махаббат екеумізге ортақ емес пе?! Ендеше оны өтпейтін тауардай неге саудаға саламыз, неге қақпақылдаймыз?! Қ.Жиен. ~ Өмір сүруге ыңғайлы ең, дүние түлкіні тазы болып қалай шалғаныңды талай көрдік. Бірақ пайғамбар жасына келгенде ұжданыңды саудаға салар деп ойламап едім. Т.Әбд.

Posted in

САУСАҚПЕН САНАРЛЫҚ (САНАРЛЫҚТАЙ)

Саны аз. ~ Тек оқ жағы тапшы. "Тартып аламыз, – деді Қорабай. – Әзірге үш оқ берсең жетеді". Төртеу бердім. Өзімде қалғаны саусақпен санарлық. Көзге жас алмасақ та, құшақтасып айрылыстық. М.Мағ. ~ Жұрттың бәрін түгел оят. Терезелерін қақ. Өзі қаншаумыз. Сегіз үй ғой, саусақпен санарлық… Бәрін аяғынан тік тұрғыз. Қазанғаптай арысымыз қайтқанда ешкім де бүгін ұйықтамауға тиіс. Бәрін түгел тұрғыз. Ш.Айт. ~ Председатель, обалына не керек, жібі түзу адам, – деді әр нәрседен топшылап тон пішуге құмарлығы бар Төлебай табанда қорытынды шығарып. – Бірақ, құрығанда, мұндайлар саусақпен санарлық. О.Сәрс.

Posted in

САУДАҒА ТҮСТІ

Пайда көру, ақша табу көзіне, бас пайданың қамына айналды. ~ Бүгін Ұрқиядай бір жастың тағдыры өлімненде жаман қорлықпен саудаға түсіп жатыр. С.Жүн. ~ Бекет тұңғыш рет мәкүрік жұтқандай ішкен — жегенінен жеркеніп, лесхоз директорын ит етінен жек көріп қалып еді. Бақалшының пұлындай барықсыз саудаға түсем деп ойлап па. Қ.Ысқ. ~ Бірақ жіті қараған адам осынау келісті келбет пен оның ішкі жан дүниесінің арасында жер мен көктей айырма барын, ол үшін бәрі де бас пайданың қамына, тіпті сыртқы көркі де сол үшін саудаға түсетін бұйым секілді сезбей қалмас еді. Т.Әбд. Сауда-саттық бұйымы ретінде сатып алушыларға ұсынылды. ~ … қора -қопсы, үй-жайдың бәрі саудағатүсіп, тып-типыл йен жағада жарбиып Жөгердің жалғыз баспанасы ғана қалды. Қ.Ысқ. ~ Ғасыр бойы байлар арасында саудаға түсіп келген Қарағанды—Спасск—Нілді жеріне европалық бір мемлекет сыйып кетер еді. Ғ.Мұст.

Posted in

САУСАҚТЫҢ САЛАСЫНДАЙ

Әп-әдемі, көздің жауын алғандай. * Ол тораңғыл деген ағаш болады. Саусақтың саласындай мүсін боп өседі. Тораңғыл тым жиі егілсе, ұзарып, бойлап, жапырағы селдіреп, сидалана береді. Ж.Айм.~ Бір палатада саусақтың саласындай тізілген төрт төсек қатар тұр. Сағат оннан соң шам өшіріліп, дүниенің төрт бұрышында тыныштық орнайды. З.Төл.

Posted in

САУДАҒА ШОРҚАҚ

Сауда-саттықпен айналысу қолынан келмейді. ~ Әуелі өз қатары қолқалаған: «Гүлмираға хат жазып бер. Өлеңмен». Ақын атаулы саудаға шорқақ – қиылған досты көп қинамай жазады. Тегін. Рахметін алады. Ертеңіне келесі ғашық. С.Сағ.

Posted in

САУЫҚ-САЙРАН ҚУДЫ

Ойын-тойдың соңына түсті, көңіл көтеріп, қызық көруді мақсат тұтты. ~ Егер Сүлейменмен жұрт жаңғыртып құда түссе, одан артық тілек бар ма. Мал қумай, ән-күй, сауық-сайран қуып желігіп жүрген Ақанның аяғы шідерленіп, шаруаға бетбұрар ма еді. С.Жүн.

Posted in

САУДАНЫ ПІСІРДІ

Әлдебір саудаға келісіп қойды. * Мұндай күйрек болар ма? Шарт та шұрт 12 қараға сауданы пісіріп, келер сәрсенбіге мал бермек болып, қаз ілген қаршығадай тойқаңдап атқа қонды. Ж.Айм.

Posted in

САУЫҚ-САЙРАН ҚҰРДЫ

Ойнап-күлді, көңіл көтерді, сайран салды. ~ Жарас (Айманға Теңгені көрсетіп сөйлейді). Айман жан, дәл осы адам тегін емес, сезіп тұрмын. Кәзір шапшаң ғана тамаша сауық-сайран құрып жіберші. Сыр бермей тулатып көрші осы біреуді. Тұтқын емеспін, тоқалмын деп шапқа түртші! М.Әу. ~ Көшу — жастарға, балаларға көңілді сауық іспетті әсерлі іс ретінде саналған. Салт мінген қыз-келіншектер, жігіттер тай-құнан мініп, оларға ерген ересек балалар мен жарысып жемістер теріп, өлеңдетіп, сауық-сайран құрған. С.Мұқ. ~ Қайша – Балқаш теңізінің күншығыс жақ бетін жайлап жатқан тобықты елінің қызы. Сол елге құрбы-достарымен бірге сауық құра барғанда, той үстінде танысқан. Б.Тоғ. ~ Кілең жорға мініп теңселген жастар тобы алтын-күміс тұрмандарын жарқылдатып, әндерін шырқап, көштен бөлек оңаша кетеді. Сауық-сайран құрады. Ж.Сәм.

Posted in

САУДАСЫ БІТІП, БАЗАРЫ ТАРАДЫ (ҚАЙТТЫ)

Уақыты өтті, жасы келді, бағы тайды. ~ Жаздай құмырсқаның илеуіндей қыбырлап, құрттаған жәрмеңкенің саудасы бітіп, базары тарай бастады. Қойлар, сиырлар қос-қостап, жер-дүниені шаңдатып Қызылжар жақтың қырмасына (бойнасына) айдалды. І.Жанс. ~ Алдында бүкіл бір өмір жатыр– ау керіліп! Бұл саудасы бітіп, базардан кайтқанда, ол енді келіп араласты. Қайран отыз бес! Бұл ер жігіттің нағыз толысар шағы емес пе?! Қ.Жұм.

Posted in

САУЫҚ-САЙРАНМЕН КҮНІ ӨТТІ

Бар уақытын көңіл көтеруге жұмсады. ~ Таң сәріде мұнарланған тұманы көкжиек көмкерген, атырабы көрсең – көзің тоймайтын құбылысқа толы, Жаз бен қысы айырғысыз, қам-қайғысыз қоныс болған, сауық-сайранмен күнім өткен, бабам Құбылай салып кеткен, қайран байтағым – Ханбалық! Т.Жұрт. ~ Түмен жұртқа патшалық еткен, ақыры қор болған, ей, шақша басым! Қайран сауық-сайранмен өткен күндерім! Т.Жұрт.