Толассыз соққан қатты жел. ~ Бірақ, өмірімнің рақатынан азабы, қуанышымнан қасіретім мол болды. Қазір ойласам, соның бәрі көрген түс сияқты. Төгіп өткен өткінші ме? Соғып өткен сахараның сары желі ме бұл өмір? Т.Рыск.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САХНАҒА ШЫҚТЫ
Қойылған спектакль не басқа өнер туындысы туралы. ~ Қолына ұстаған домбырасын әнге келтірешертпегенмен, құлақ, күйін тартқан болып Тұрар да құйқылжыта жөнелді. Ел аузындағы аңыз-айтыс дастаны болып келген БіржанСара айтысы тұңғыш сайланып сахнаға шықты. С.Бег. ~ Алайда, үлкен талант иесі сахнадан түспейтін салиқалы туынды бергені бәрімізге мәлім. «Майра» пьесасы сахнаға шыққалы көп жылдар өтсе де, әлі көрермендер құрметіне бөленуде. С.Дәу. Сахна төріне аяқ басты, өнер көрсетті. ~ Бірақ залдағы қалың жұрт қызық көріп, «қатыссын, қатыссын!»деп дүрсе қоя берді. Көпшіліктің тілегі орындалып, Иса тездете басып сахнаға шықты. А.Жақс. ~ Бұл уақыттың ішінде Сәкен туралы талай әңгіме естіді. Соның бірі: Сәкеннің өлеңі, әні, домбырасы. Жастар клубта Сәкеннің жырын жырлап, әнін шырқайды екен. Сәкеннің өзі кейде сахнаға шығады екен. Т.Әл. ~ — …Жұрттың көсемді ішінен тынып күткені, ол сахнаға шыға келгенде бүтін залдың ду қол ұрғаны, көз құйрығы күлімсірей түсіп, «болды» дегендей сұқ қолын шошайта қалып төмен сілтеп, қобалжыған жұртты кілт тоқтата қойғаны ауызбен айтып жеткізерлік зат емес. Х.Ес. ~ Өзгелерде несі бар, сахнаға шыққан сайын Шырынкүлдің жүрегі есебін тауып әйтеуір, бір дір ете түседі. Қ.Жиен. 3. Алдыңғы қатарға шығып, жұрттың назарын өзіне аударды. ~ Мейізгүл солай тайраңдап жүре тұрсын. Әке тепкенде басына қатты зақым тиіп, жарық дүниеге жылай алмай, үнсіз келген ұл бар емес пе еді, енді сахнаға сол шықсын, сол бала. Ә.Тар. ~ Бұл шыңды оралысымен оның тасасында тұрған, осы сияқты теңізге төнген екінші шың сахнаға шығады. Ол шыңның етегінде, теңіз ішінде үлкен жартас тұр. Мұны «Скала парус» деп атайды. М.Им.
САУСАҒЫН ҚИМЫЛДАТПАДЫ
Түк істемеді, шөп басын сындырмады. ~ Бізде болашақ жоқ, заман осы бетімен кете берсе, тілсіз, дінсіз қара орыстар еліне айналамыз! Осының бәрін көріп-біле отырып біздің ағаларымыз саусағын қимылдатты ма? Т.Сәу. ~ … аз айт, көп айт, елде жүргенде Мырқы мырза саусағын қимылдатпайтын. Д.Досж.
САУЫН БЕРДІ
Малының сүтін пайдалануға берді. ~ Қазір исі Арғын ұзақ жыл шетте жүрген екі ағайынына орталарынан ойып қоныс беріп, қораларынан жырып сауын беріп, қарасып-қамдасып жатқан көрінеді… Ә.Кек. ~ Мыналарға сауын берейік – дейді байы. – Жоқ. Сауын бермейік. Оның орнына енші берейік, – дейді қатыны. Отыра мыңғырыла біткен қойдан он үйге жүз-жүзден ұстап бөліп береді. БС "Жарты ғұмыр…"
САУДАҒА АЙНАЛДЫ (АЙНАЛЫСТЫ)
Сауда-саттықты кәсіп қылды. ~ Жас жігіттердің бәрі кеңес, партия, оқу, газет жағын жағалап жүр. Тіс қаққандар, кеңес өкіметіне әрі-сәрілер шаруа мекемелерін сағалап жүр. Уайым-қайғыны төгіп жүрсе де соңғылардың тұрмысы жақсы. Кейбіреулері саудаға айналған, кейбірі үй сатып алған. Ж.Айм. ~ Өзінің дәулетін сауық сайранға шашумен шұғылданған адамның өмірі көбінесе жалдаптық саудаға айналады: ол өзінің капиталын достарына, ләззатқа, жанашырларына, тамыр-тартыстарына орналастырады. О.Бальз. ~ Мұсылманша жақсы оқыған болса да, елге шығып молда болмай, соңғы уақыттарда оқуды да қойып, азырақ саудаға айналысып еді. М.Дул. ~ Ондайдың бірі — Матайдағы атақты Маман, Тұрысбек тұқымы. Бұлар саудаға айналысыпты. Елдің қойына, тай-тайыншасына, тіпті «қызыл қозыға» ақша науа алады. І.Жанс. ~ Сол кедейдің бірі, түбі өзбек, Сейткемелдің Әубәкірі Пәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты. Әубәкір 1910 жылдан бастап саудаға айналысып, байи бастады. І.Жанс.
САУСАҚ НІЛІ ЖҰҚТЫ ДЕГЕНШЕ
Қолы тисе, болды д.м. * Саусақ нілі жұқты дегенше, әр істі дөңгелек айналдырып әкететін Айдар, біздің ауылға бөлінген алғашқы жыланбауырдың тізгінін ұстаған. Е.Зей.
САУДАҒА АЙНАЛДЫРДЫ
Не нәрсенің бәрін ақшаға сатып алуға, сатуға болады деп санап, рухани дүниелерді де саудаға салды. ~ Осыған орай өзгелердің де өнерді қалжаға, ғылымды саудаға айналдырмай, өз ісінің қат–қабат математикасының сыр–құпиясына жетік, жүйрік сандақ болғанын қалар едім. Қ.Мұх./Ш.Айт.
САУСАҚ ҰШЫ ТИЕРДЕЙ
Жап-жақын, иек астында. * Кең жазық у-шу: отамалыдан ада-күде құтылып, маңдайынан күн өткен қой қырғын мас. Қол созсаң көш жердегі таудың сәулеге шомған айғыз-айғыз жүлгелері мен қырғыз қалпақ, шоқыларына, істік қарағайларына саусақ ұшы тиердей. М.Қаб.
САУДАҒА ҚЫРЫ ЖОҚ
Сауда-саттықпен айналысуға икемі, орайы жоқ. ~ Өкініш мол, кейіс аз, тек тентіреп кетпесе де, дәл өздеріндей дәрменсіз, яғни ұрлық, зорлық жасай алмайтын, алдауға, саудаға қыры жоқ, бар байлығы жоғарғы білім, арнайы мамандықпен шектелетін күйеулерімен бірге, жас балаларын қолтығына қысып жүріп, әйтіп-бүйтіп құбатөбел тіршілік жасап жатқан қыздарыма ғана жаным ашиды. М.Мағ. ~ Демежанның да жай мал иесі ретінде төбе көрсеткені болмаса, саудаға қыры жоқ. Базардың бірде олай, бірде бұлай құбылып тұратын өз заңы бар, оған не айла жасарсың. Қ.Жұм.
САУСАҚ ҰШЫН ҚИМЫЛДАТПАДЫ
Түк істемеді. ~ Осы қиырдағы Нұрбек бай, басқа да ауқаттылар аздаған ірі қараны, қой-ешкіні жасырып, нәпақа етуге жарарлық талшық жағын қамдаса, Дөнен бай ол жөнінде саусақ ұшын қимылдатпай түгін сыртына теуіп міз бақпастан отырған орнында шөкті. Ұ.Досп.
