Пайда көру, ақша табу көзіне, бас пайданың қамына айналды. ~ Бүгін Ұрқиядай бір жастың тағдыры өлімненде жаман қорлықпен саудаға түсіп жатыр. С.Жүн. ~ Бекет тұңғыш рет мәкүрік жұтқандай ішкен — жегенінен жеркеніп, лесхоз директорын ит етінен жек көріп қалып еді. Бақалшының пұлындай барықсыз саудаға түсем деп ойлап па. Қ.Ысқ. ~ Бірақ жіті қараған адам осынау келісті келбет пен оның ішкі жан дүниесінің арасында жер мен көктей айырма барын, ол үшін бәрі де бас пайданың қамына, тіпті сыртқы көркі де сол үшін саудаға түсетін бұйым секілді сезбей қалмас еді. Т.Әбд. Сауда-саттық бұйымы ретінде сатып алушыларға ұсынылды. ~ … қора -қопсы, үй-жайдың бәрі саудағатүсіп, тып-типыл йен жағада жарбиып Жөгердің жалғыз баспанасы ғана қалды. Қ.Ысқ. ~ Ғасыр бойы байлар арасында саудаға түсіп келген Қарағанды—Спасск—Нілді жеріне европалық бір мемлекет сыйып кетер еді. Ғ.Мұст.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САУСАҚТЫҢ САЛАСЫНДАЙ
Әп-әдемі, көздің жауын алғандай. * Ол тораңғыл деген ағаш болады. Саусақтың саласындай мүсін боп өседі. Тораңғыл тым жиі егілсе, ұзарып, бойлап, жапырағы селдіреп, сидалана береді. Ж.Айм.~ Бір палатада саусақтың саласындай тізілген төрт төсек қатар тұр. Сағат оннан соң шам өшіріліп, дүниенің төрт бұрышында тыныштық орнайды. З.Төл.
САУДАҒА ШОРҚАҚ
Сауда-саттықпен айналысу қолынан келмейді. ~ Әуелі өз қатары қолқалаған: «Гүлмираға хат жазып бер. Өлеңмен». Ақын атаулы саудаға шорқақ – қиылған досты көп қинамай жазады. Тегін. Рахметін алады. Ертеңіне келесі ғашық. С.Сағ.
САУЫҚ-САЙРАН ҚУДЫ
Ойын-тойдың соңына түсті, көңіл көтеріп, қызық көруді мақсат тұтты. ~ Егер Сүлейменмен жұрт жаңғыртып құда түссе, одан артық тілек бар ма. Мал қумай, ән-күй, сауық-сайран қуып желігіп жүрген Ақанның аяғы шідерленіп, шаруаға бетбұрар ма еді. С.Жүн.
САУ АЯҢ
Бірқалыпты жаяу жүріс. ~ Ә, шаршадың ба, балақайым? – деп қолын қоя беріп, жайырақ аяңдады. Әйтсе де сау аяңға дағдыланған дуана әупілдеген кеше бұқаша кеудесі куілдеп, әудем жерге бармай-ақ, Ақбілекті тағы артына тастап кетті. Ж.Айм. ~ Біз өңшең «қазақ комитеттері» сау аяңдап келеміз. Баймағамбет қорқып сөйленеді: — Япырым-ай, ә?.. Неге шақырды екен?.. Не болып қалды екен?.. Бір сұмдық болды ғой. С.Сей. ~ Біз де бетпақты қақ жарып, таусылмайтын жондарды, қырқаларды сыдыртып, бөгелмей, жалықпай сау аяңдай береміз. С.Сей.
САУАБЫНА ҚАЛДЫ
Біреуге қайырымдылығының игілігін көрді. ~ Бірақ детдомда нәсілінен айырылып қалады ғой. Орыс боп кетеді ғой. Айша әпкеме осыны айт. Бәлкім, өзінің үш баласына екі жетімді қосып алса, сауабына қалар. Жаман айтпай, жақсы жоқ дегенім ғой. Ш.Мұр. ~ Азаматым, рахмет. Сен болмағанда, мына балдар қырылатын еді. Сауабына қалдың. Апыр-ай, сасқалақтап жүріп, аты-жөніңді де сұрай алмаппын-ау. З.Шүк.
САУ БАСЫН ДАҢ ҚЫЛДЫ
Дау-дамайға ұшырады. ~ Бәрінің басын шатқан жеңгесі ғой. Тумағандығын істеді-ау! Сөзін жықпай Төлептің пышақ, қайшысын, кетпен-күрегін соғып беретініне қызығып, сау басын даң қылды. Оның ойынша, жетім қыз итке тастар сүйектей. К.Қаз.
САУАЛ САУДЫ
Жауап күтті. ~ Өткен өмірден өзек тарта отырып тарих тілін ұғына алмасақ, туған топырақ бізге сырын аша қояр ма? Келер ұрпақтың сауал сауған көзіне не деп қараймыз? И.Сап.
САУ БАСЫН ДАУҒА САЛДЫ
Басына пәле тілеп алды. ~ Сен жаңа биік мансап, бақ– дәулет туралы айттың, Әсет. Біреулердің қызғанышын қоздырып, сау басыңды дауға салғаннан басқа содан менің көріп жүрген рахатым шамалы– ау. Қ.Жұм. ~ «Адам бақытты болу үшін, оншалық көп нәрсенің керегі жоқ екен– ау! — деп ойлады Демежан айналасына бажайлай көз жіберіп. — Ол үшін сау басыңды дауға салып, ел билеп, ұлық болудың да қажеті жоқ шығар. Қ.Жұм.
САУАЛ ТАСТАДЫ
Сұрақ қойды. ~ Оны-мұны сұрағыштап отыр. Ол есеп беріп, бұл сауал тастап, біраз отырған. С.Сағ. ~ «Құлыптаусыз неге есіктер?» – дедім қартқа сауал тастап «Алатыны жоқ болған соң – әдірамды ұрғаның ба?» К.Мырз. ~ Баяғыда бір ғұлама қасындағыларға: “Дүниеде не қатты, не тәтті?” деп сауал тастапты. И.Сап.
