Posted in

САСЫҚ КЕУДЕ

Адамгершіліктен жұрдай; ниеті теріс, сұмпайы адам туралы. ~ Сірә, жігіттердің арасына от жағып, түтін салып отырған — мына Дабынтай сұм секілді. Дабынтайда: «мен — халдай тұқымымын, Маншың өкіметінің он қолы, бел баласымын» дейтін бір сасық кеуде бар. Қ.Жұм. ~ Құдай маған, сорың арылмасын деп, бұл қызыл көз пәлелерді ірге жау етіп берген жоқ па. Өстіп анда- санда сасық кеуделерін басып қоймасаң, тойтаңдап төбеге шығып кетуден тайынбайды. Қ.Жұм.

Posted in

САУ ЖЕЛІС (ЖЕЛДІ)

Бір қалыпты, шорқақсыз, екпіндете жорту. ~ Түн жамылып шыққан екеуі сау желіспен отырып, түс ауа Сауырды жондап келіп, өздері бұрын-соңды көрмеген Ақиректің асуына жақын жердегі үңгірдің жанына келіп, тізгіндерін бір-ақ тежеп еді. К.Сег. ~ Сау желген төрде жүз шақты ат Жүз жігіт сарбаз — жер шолар. Маңдайдан тері бұршақтап, Кеше аман келген ер солар! Ғ.Қай. ~ Қайырхан атамның сау желіп бара жатқан атынан қалысар емес. Әне- міне дегенше қалың шиге еніп, көзден таса болды. К.Сег. ~ Бұлар бие сауымындай сау желіп отырып, бір аласа тауға жетті. Жол сол биікке қайқандап шығып, қайтадан төмен түседі. С.Дос. ~ Қанша кекшисе де Алатау — Ақсай жақтан салқын самал соқты. Кәдімгі боз інгеннің тебіренгеніндей бір сау желген жібек самал. Тек теріскейде Қаратау бұйығы бүк түсіп, бүрісіп, шапанын бүркеніп, ірге жаққа жата кеткен кемпірлер сияқты. Қ.Ысқ.

Posted in

САУДА ҚАСАТ БОЛДЫ

Сауда сәтті болды. ~ Жан досым, қасапеке, – деді, – қайда?! Саудамыз қасат болды сарт, ноғайға. Бүгінгі сауда жөнін сөйлеселік, Кешегі не болды екен түскен пайда?! БС "Ғаяр қатын".

Posted in

САСЫҚ КҮЗЕННІҢ АЙҒЫРЫНДАЙ (КҮЗЕНДЕЙ) ШАҚЫЛДАДЫ

Шаптығып бет қаратпады, зәрін төкті. ~ Төлегенов жастықтан басын жұлып алды. — Сіз… сіз… сасық күзеннің айғырындай шақылдаған адам бейнелес қуыршақ! Менімен сіз деп сөйлесіңіз. "Сен! Сен!" деп өңменіме сұғыңызды қадамаңыз! С.См. ~ Тау арасы бейне бір бос күбідей күңгірлеген, сасық күзендей шақылдаған, сұмпайы күлкілерге толып кетті. І.Ес.

Posted in

САУ МА (ЕКЕН)

Әлдебір күмәнді іске барған жоқ па д.м. ~ Байдың үйін баспана қып қатарға қосыла алмай жүр. Сол немененің өзі ізге түсуден сау ма екен?.. М.Дәу. ~ Мына бір жатқандар құда түсе келгеннен сау ма, шіренулері жаман екен? – деп милицияның бірі жатқандарға төне түсіп, қолындағы винтовкасының дүмімен Жақсылықты аяққа түрткіледі. Б.Майл.

Posted in

САУДА ҚУДЫ

Сауда-саттық, алыпсатарлық жолға түсті. ~ Қарақамыс, Көкжарды қойып, Аштархан, Орынбор асып, айлап ел бетін көрмейтін болып алды. Жасы жиырма беске келген. Сүр бойдақ атанып, сауда қуды. Ү.Жәл.

Posted in

САСЫҚ КҮЗЕННІҢ ІНІНДЕЙ

Үңірейіп тұр д.м. ~ Оған ілесе Исахмет те мәз; сасық күзеннің ініндей үңірейген, опырық аузын ашып қалыпты. М.Сүн. ~ Жағың пышақ қайрағандай, көзің шөлдің құдығындай, үйің сасық күзеннің ініндей. Бәрібір ертең кәзиттер арадай талайды, несіне әуре боласың! Д.Иса.

Posted in

САУ СИЫРДЫҢ БОҒЫ (ЖАПАСЫ, ҚИЫ) ЕМЕС

Өзі де (ол да) жетісіп тұрған жоқ, оның да бір шикілігі бар д.м. ~ Пешенеге жазылғанды көрдік, заман солай болды, көппен көрген ұлы той. Өзіміз де сау сиырдың боғы емеспіз. Тек жүрсек, тоқ жүрер ме едік! Бірақ бәрі, көріңді өкіргір, Сталиннің лаңы ғой! Т.Сәук. ~ Біраздан соң жұрт "Әй, өзі де де сау сиырдың боғы емес екен ғой" деп күдіктене бастаған. Т.Сәу. ~ «Екеуі бұрыннан танитын адамдары емес, бірінші рет көріп отыр. Әу баста ондай жерге тоқтауға неге жол берді? Мына әйелдің өзі сау сиырдың боғы емес-ау». Ә.Ыб. ~ Сонда, мына, Қарқын бұрын үйленген жігіт пе? – Ол да сау сиырдың боғы емес. Бұрын әйел, баласы болған. Оларды қытай жаққа тастап соқа басы осында келген. Ж.Шәк. ~ — Мен де сау сиырдың боғы емеспін. Осы бар ғой, тілім жаман менің, түбінен кесіп тастаса да обалы жоқ…- Құшақтары жабысып, бір-біріне арзасын айтып, айрылысар емес. Т.Сәу. ~ Найманқұлдың жүрген жеріне шөп шықпайды! — Хайролла да сау сиырдың жапасы емес. С.См. ~ Келіншектің сенген күйеуі де сау сиырдың қиы емес. Мүлдем басқа өлшемдегі — «көппен бірге көрген ұлы той» деген қатқыл да қасаң ортаның, балалар үйінің бозбасы. М.Қаб.

Posted in

САСЫҚ ҚУЛЫҚ

Бас пайдасын көздеген жымысқылық, ішкі есеп, арам ниет. ~ Айлада жүріп-ақ, үйден ұзамай, сасық қулықпен бәрін алдағымыз келеді, кілең өтірікпен мақсатымызға жетеміз дейміз. Г.Бельг. ~ Сөйтсем, Жанбосын алдаған екен. Қолымның сыртына темекінің шоғын басып¬ алыпты. Қолымның терісі кәдімгідей қызарып, қолдырап күйіп қалды. Әлгіндей сасық қулыққа Жанбосын шебер болатын. Б.Соқ. ~ Нұр тағы да ойланып кетті: "Біліп айтса да, білмей айтса да осынікі — дұрыс, Жантық болу үшін ақыл керек, сасық қулық жарамайды, ақыл, ақыл керек… Ә.Тар. ~ «Балам» деген мынау ресми үні «үлкендердің сөзіне тыңшылық істемек болған бұл сасық қулығыңды таста» деп, жекіргенмен бірдей еді. Б.Соқ.

Posted in

САУ ТАМТЫҒЫ ЖОҚ

Бүтін жері қалмаған, өрім-өрім, тоз-тозы шыққан. ~ Жалаң аяғында сау тамтық жоқ, жара-жара, домбық, асудан тұралаған аттай аянкестеніп тастақ жолды баса алмайды. І.Жанс. ~ Әз ағамыз баяғыда осы Жармаға келгенде бетінде әжімнен сау тамтығы жоқ шүйкедей кемпірдің өзіне жығыла жабысқаны туралы бір хикаяны ұзақ жыр ғып айтады. Ж.Шәк. ~ Үсті-басында сау тамтығы жоқ өрім-өрім, жыртық киімді жолаушыны көрген келіні Уазипа бұл қай қайыршы дегендей тесіле қарап тұрды да, қайнағасы жүзін бұрғанда барып, өз кезіне өзі сенбей сілейіп, үнсіз қалды. С.Жүн. ~ Атаңа нәлет-ай, не деген сірібас еді, соның сау тамтығы жоқ кебісін жамаймын деп-ақ күнім өтті. Онысы таразыға тартса — бір бұттан кем шықпас, — деп кіжініп қоятын. Қ.Най. Әбден күйзеліп, шаршып-шалдыққан, қиналған. ~ Ел қатарына қосылды деген осы шығар. Балалары әкесіне, әкесі балаларына үйренісіп, енді бауыр басып, бір шаңырақтың астына ұйып, ұзақ жылдан соң бастары құралған, сау тамтығы жоқ көңілдің жыртығы бүтінделгендей шағы еді бұл. Ш.Бейс.