Posted in

САРЫ ТАБАН (САР ТАБАН)

Әбден көніккен, ысылған, әккі. ~ Әр болыстан жиылды бастық адам, Ел билеуші ақылман сары табан. — Бір сыпыра баланы бергеннен соң, — Бермеймін деп ендеше сөз айталық, Берместікке көңілді тоқтаталық. І.Жанс. ~ Қырғыз-қазақ барлығы ақылдасқан, Сол жерде үш дуанның басын құрар. Әр болыстан жиылсын бастық адам, Іс білуші кемеңгер сары табан. І.Жанс. ~ Бұрынғыдан өзгерген өңі мүлде, Көлдей толқып көп ойлар көңілінде. Қансонарда құр қайтты бірінші рет, Сары табан саятшы өмірінде. С.Үс. ~ Қазақтан келген екен қырық ақын, Сар табан жорғасында – бұрынғы ақын. Өлеңмен жұрттың бәрін таңырқатып, Бәрі де мендей емес, жырынды ақын. Кенен.

Posted in

САРЫ ҮРПЕК БАЛАПАНДАЙ

Уыздай жас бала сықылды. ~ Күн көзі сары үрпек жас балапандай, Күзгі аспан ала шабыр, ала таңдай, Әр ұста бытыраңқы қорғасын бұлт,Ырғиды долы ашуын тарата алмай. Д.Әб. * Бұлардың таянғанын байқап, сары үрпек балапандай жап-жас бір солдат автоматының ұңғысын төмен қарата иығына асынып кірпіш үйден шыға келді. Ш.Айт.

Posted in

САРЫ ТАБАН ЖОЛ

Әбден тапталған сара жол. ~ Қайрақтай сары табан жолдан шығып кеткен аттар екпінмен омыраулап, тізеден келетін май сазды бауырдай тіліп, өзеннің арғы бетіне қарап ұмтыла берді, су асты-үстіне шығып қою қара көк лайға айналып кетті. Х.Ес.

Posted in

САРЫ ШҰНАҚ АЯЗ

Бет қаратпайтын ызғарлы суық. ~ Өткен аптада қалың жауған қардың аяғы қаңтардың сары шұнақ аязына айналып, екі бүйірден қысып тұр. Ә.Шәр. ~ 1937 жылдың алғашқы айларындағы сары шұнақ аяз әрнеге үреймен қарайтын қыр елін одан ары бүрістіре түсті. Ж.Шәк. ~ Әлгінде ет қызулықпен сезбепті, үскіріктің ащы зәрі күшейіп, кешкілікке қарай сары шұнақ аяздың құтырына түскен түрі бар. С.Мұр.

Posted in

САРЫ ТАБАН ҚАР

Аяқ астында көп жатып, тапталып, сарғайған қар. * Еті қызған семіз аттың бүтіл денесі қырауытып, пыр-пыр пысқырады. Сары табан қарды сом тұяқтар күтір-күтір басып, бұның өзі біле бермесе де, бірақ бұны жақсы білетін әлдебіреудін қорасына кіріп, көшір жігіт хабарлас қылады … Ә.Нұрп. * Бетіндегі боз қырауды алақанымен бір сипап тастап, сары табан қарды сыкыр-сықыр басыгі келе жатқанын көргенде Ақбала ызадан жылап жібере жаздаған-ды. Ә.Нұрп.

Posted in

САРЫҒЫ БАСЫЛДЫ

Құмары қанды, шері тарқады. ~ Бірақ, бәрібір тұтас көлді сарқыса да сарығы басылып, кенезесі кепкеннен, дүлей шөлден арылар түрі жоқ. Е.Зейіп. ~ Шаңырақтан үйдің ішіне күн сәулесі шашырай түсті. Қымыз ішушілердің сарығы басыла бергенде жұнттай ақ сары бас қойды жетелеп кірген Мұқатай табалдырықтан аттады да, көлденең тартып тұра қалды. Қ.Тол.

Posted in

САРЫ ТАҚЫМ

Ат үстінен түспейтін, атқа әбден дағдыланған адам. ~ Сары тақым Сайын-Бөлек бұдан қулығын асырып, әдейі жалған лақап таратып, жеме-жемге келгенде Қоқан бағытына емес, терістікке қарай тіке тартуы мүмкін ғой… Қ. Жұм.

Posted in

САРЫҚ БАСТЫ

Құмарынан шықты. ~ Сен өзің қалай, тартпайды екенсің осы! Шылым деген құр сарық басу ғана емес, сол сарық басудың шырайы мен шырқы ғой бір. Л.Тол. ~ Көк шалғын, көк орайлы, әсем гүлді, Бір теңіз шалқып жатқан көлге келген. Су жұтып, сарық басып отырғанда, Бір балық жақындапты шоршып көлден. БС "Кезбе шал".

Posted in

САРЫ ТАҢ

Ерте ататын ұзақ таң. ~ Сарылып сары таңда осы әуремен Тентіреп күйші көнді көлбеңдеуде. І.Жанс. ~ Осы оймен сары таңды сарғайып күтіп алды да, елең-алаңда қалыңырақ киініп, сыртқа шыққан. Д.Әш. ~ …ақшасы мол осы тірлікпен жүріп, сарыала жапырақтар түскен сары таңда тапсырған оқуы текке кетпей, ауыл-шаруашылық мамандығы бойынша оқуға түсті. Н.Абд. ~ Ойын – тамаша көрем дейтін жаздың күні емес, мына сүркей, суық, ұзақ сары таңда жылқы соңынан салпақтап саған не бар? Ж.Сәм. ~ Иесіз қалғандай боп, ұзақ сары таңда уақ– уақ оянып, дөңбекшіп шығады. Қасында жататын мұрны кемтар кәрі әжесі соны сезіп: – Неғып сезіктеніп жатырсың? – деп мыңқылдай күңкілдейтінді шығарды. Т.Рыск.

Posted in

САРЫП ҚЫЛДЫ

Барын сарқа пайдаланды, жұмсады. ~ Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Абай. ~ Бұл бұйрықты Хабалов та, Белецкий де орындамайын демейді. Бар ақылын, бар күшін сарып қылады, бірақ әлдері келмейді. С.Мұқ. ~ Таңданады сол тойға халық тұрып (қызық думан көрген бе жалықтырып!), жарқылдасып жүреді ағаларым жиған-терген дүниені сарып қылып! Ф.Оңғ.