Қайғы-мұңға тап болды. ~ Ай, қу дала, қу дала! Қу далада жалғыз жаяу бір мұңдық. Сары далада сары уайым жамылып, Ақбілек келеді толарсағы бұлтылдап. Тышқан аулап күйкентай жүр, қыранымсып шыңқылдап. Әне алыста безек қағып, бір торғай тұр шырылдап. Ж.Айм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫ САҚАЛ, САЛ БӨКСЕ
Жасы ұлғайып, сылбыр тартқан ер адам туралы. * Сары сақал, сал бөксе болған шағында енді қайда барып табан тірейді, қай келіннің қолына қарап кіріптар болмақ? Қу сүйегі саудырап қай қиырда қалар екен!» Ә.Асқ.
САРЫ УАЙЫМҒА САЛЫНДЫ
Қатты қайғырып, қапа болды, қайғы -шері тарқамады. ~ Аққайыңнан айрылғаннан кейін төре оны қайтқан бақтың белгісі болмағай деп сары уайымға салынатын… К.Сег. ~ Асылы, мен сары уайымға салынып отырған жоқпын. Менің көзім ертең не болатынына жетіп отырған жоқ. Б.Бұлқ. ~ "Таудай үлкен айыпты тарыдай ұят жуады, Манадан бергі жәйттарға кірленбес арың шуағы, Салынба сары уайымға, — деді ақындар пырағы, М.Мақ. ~ "Пендеде Құдайға тән қасиет жоқ. Мәңгі жасай алмайды… Қойшы, бәрін де талақ еттім! Сары уайымға салынып қайтем!" Т.Рыс. ~ Иматай Вахштың жағасында тұрып өткен өмірін ойлап, ауылда қалған бауырларының басынан өткеріп жатқан қиыншылықтарын ойлап, уайымға салынды. К.Өтж.
САРЫ СӘСКЕ
Тал түс кезі. ~ Айғыр жолдың басындағы аламан сары сәскеде атқа мінгенде төмендегі қос өзеннің қолатындағы анада келген күні оларды бірден қайран қалдырған алабажақ көрініс сол қаз–қалпында қызылды–жасылды құлпырып тұр еді. Ә.Кек. ~ …бет алдынан көз нүктесі ызым–ғайып жоғалып, көз жетпес мігірсіз көкжиек, алжасыл ағаш иықтасып, тұнып өскен қызғалдақ, сары сәске сағымы – перде тұтқанда барып басы кеудесіне домалап қалғып кетіпті. Д.Дос.
САРЫ УАЙЫМШЫЛ
Жабырқау көңіл, не нәрсені де уайым қылатын, күйрек. ~ Сары уайымшыл жастың сүмірейген сиқынан сорақы мұңлы көрініс жоқ. М.Твен. ~ Жағы қарыссын! — Бек Лекерұлы тіксінді. — Сары уайымшыл пәле десейші. Сол әйелден күйеуінің өзі құтыла алмай жүр ме деймін. Ө.Кәр.
САРЫ СУЫН СЫРТҚА ЩЫҒАРДЫ
Ашу шақырып, айбат шегіп, зәрін төкті. ~ Ізбасар елге даурығып, әбігер салып келетін. Жиналысқа да ол өзінің арнаулы адамдарынан басқаны қатыстырмайтын. Қатысқандардың кейбір жақпағандарын аузына келгенін айтып балағаттап, ел көзінше абыройын төгіп, қарсылық білдіргендерді қара тізімге жазып, «Сібірге айдатам» деп, сары суын сыртына шығарады екен. Ауылға қабағы түсіп, қажып, қалжырап қайтатын ондайлар. Б.Мом.
САРЫ УЫЗ
Сәби бала, нәресте. ~ Ақ жұмыртқа, сары уыз, Әлпештеп қолда есірген, Туған ұлдан не пайда: Қолынанайза алмаса, Атаның жолын қумаса! Махамбет. ~ Мейлі, әуелі келіншегіммен таныстырайын сені. Есімі – Рыскүл. Көкең физкультура институтында оқып, «Дончак» атым дүрілдеп жүргенде, бұл университеттің сары уыз студенті-тұғын. Ж.Шағ. ~ — Мен саған көрсетейін ғашық — машықты! Біреудің сары уыздай баласын алып… О несі — әй! Н.Сер. Жұмыртқаның ішіндегі сары қоймалжың. ~ Оны ол күйінде қалдырмай, ұқсатып, іске асыратын не нәрсе? Олжұмысты істейтін — қарын. Жұмыртқа ішінде ақ уыз, сары уыз болатынын білесіңдер. Сол ақ уыз жейтін тамағымыздың ішінде болады. А.Байт.
САРЫ СҮЙЕК
Ескі таныс; ертеден білісіп, араласып жүрген жақын адам. ~ Құсайынның да алдынан бәйпек қағып уын ішіне сақтап, сыртын жылмаңдатып ескі сары сүйексініп, Құсайынды қонақ қылып сыйлай қайырған. І.Жанс. ~ Тіленшіжан, мен төрт аяқты малға, алтын-күміске мұқтаж емеспін ғой, қалауымды сұрасаң айтайын, сары сүйек едің, сүйек жаңғыртайық. Маған осында келгелі шай құйып жүрген қарындасыңды бер, кісі қадірін білгендей, күткендей бала екен, – дейді. Ж.Шәк. ~ Ал осы бір тайпы ел шерудің болысы Абдолла ақалақшы Әменге әрі жақын қайнаға, әрі құда, сүйек қимас жекжат. Әменнің әкесі Жауынбай ажыдан бері қарай ерсілі-қарсылы құдаласып келе жатқан ескі сары сүйек жекжаттар. Ж.Ахм.
САРЫ ҮРПЕК (БАЛА)
Бұғанасы қатпаған, жас (бала). ~ Аз ғана тиын-тебенге шелектегі суынан бір кружка су әперіп, жағы талмай сарнаған сол сары үрпектер бір жайдан аяныш та тудырады. Мынадай қапырық ыстықта шөл дегенге кім шыдасын, сосын да ол сары үрпектердің саудасы аздап жүретіндей көрінсе де солай. Ұ.Досп. ~ 1942 жылы майданнан Қазақстанға жетім балаларды әкелгенде, бір ұлға зар болып жүрген Жылқыайдар үш жасар сары үрпек баланы бауырына салып, өз атына жаздырып алады. Қ.Жұм.
САРЫ ТАБАН (САР ТАБАН)
Әбден көніккен, ысылған, әккі. ~ Әр болыстан жиылды бастық адам, Ел билеуші ақылман сары табан. — Бір сыпыра баланы бергеннен соң, — Бермеймін деп ендеше сөз айталық, Берместікке көңілді тоқтаталық. І.Жанс. ~ Қырғыз-қазақ барлығы ақылдасқан, Сол жерде үш дуанның басын құрар. Әр болыстан жиылсын бастық адам, Іс білуші кемеңгер сары табан. І.Жанс. ~ Бұрынғыдан өзгерген өңі мүлде, Көлдей толқып көп ойлар көңілінде. Қансонарда құр қайтты бірінші рет, Сары табан саятшы өмірінде. С.Үс. ~ Қазақтан келген екен қырық ақын, Сар табан жорғасында – бұрынғы ақын. Өлеңмен жұрттың бәрін таңырқатып, Бәрі де мендей емес, жырынды ақын. Кенен.
