Posted in

САҢЫЛАУЫ ЖОҚ

Ақыл-өресі кем, түйсігі жоқ. ~ Біздің қазақ байларында Еуропа байларындай мол байлық жоқ, аз байлықпенхалінше жомарттық қылатын байлар қазақта аз, жоқтың қасында. Біреудің малы көп болса да, саңылауы жоқ болады. Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. А.Байт. ~ Құдды бұл өңірде осы жарқын көріністен басқа өзге көрініс — құбылыстардың көлеңкесі түсігі, өтпеген сияқты. Ие, бұл тосын көзге, саңылауы жоқ, ойсыз көзге ғана солай. Байымдағанға талай-талай оқиғалардың талай-талай іздері жатыр мұнда. С.Шай. ~ Ұйқыда жатқанда берген алланың аянына қарап, көкірегі ояу, санасы сергек пенде ертеңгі өмірін болжар. Саңылауы жоқ өресіздер, ғұмырдың ешбір байыбына жетпей өте берер. Ә.Ыб. Жігі ажырамаған, біркелкі. ~Құдықтың ішіне үңілсең, басың айналады — саңылауы жоқ қара түнек. Ә.Кек. ~Азаптың ең қаттысы зұлмат деген, Көзіне ешбір нәрсе көрінбеген. Сіркедей саңылауы жоқ қараңғылық, Қасен ер не қылам деп зар еңіреген. "Нұрғаз." ~ Шалшықтарды шашыратып, зулап келе жатқан машина кенет саңылауы жоқ туннелге сүңгіп кеткендей төңірек түнекке айналып, әлден соң барып қана жанарына қара ілікті. Д.Ис. ~ Менің тұла бойым түршігіп кетті. Тас астындағы бұлақ жылап жатыр! Тұншығып, жер бетіне жол таба алмай, саңылауы жоқ қапырық құшақта қалған бұлақ солқылдап жылап жатыр… М.Қаб.

Posted in

САНҒА АЛМАДЫ

Кісіге санамады, елемеді. ~ "Баймен де басқаларды санға алмайтын, Дәуренім қайда кетті, шіркін, дүние! Дегенмен мен байғұсқа енді күн жоқ" Деп ойлап жас төгеді оқтын-оқтын. С.Тор.

Posted in

САҢЫРАУ ҚАЙҒЫ

Бүкіл болмысын, жан-тәнін билеп алған шер, мұң. ~ Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген, Еркелік пен достықты ауру көрген. Ақылы жоқ, ары жоқ, шуылдақты Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген. Абай.

Posted in

САНҒА ҚОСПАҒАНДА

Есептемегенде. ~ Құдайдың құдіреті, біздің үйде мал көп еді, тайынша-торпағын есептемегенде, ұсақ-түйекті санға қоспағанда төрт бірдей сиыр сауылатын, солар апам өлген соң бір күнде жоқ болып кетті. Қ.Ысқ.

Posted in

САП-САП САБЫР

Төзімге, шыдамдылыққа шақыру ретінде. * Және екеуі де мұндай лепірмесін басқа емес, маған қарата, мен бар жерде көкітеді. «Сап-сап! Сабыр!» деймін. Мән бермеген боламын… З.Асаб. * Жас кездегі ашулы қайраты бара-бара сап-сап сабырға ұласқан. Тіпті иі жұмсарып, көңілшек болып бара ма? Р.Отар.

Posted in

САНҒА ҚОСТЫ (ҚОСЫЛДЫ)

Қатарға қосты, есепке алды. ~ Ержанның алғашқы өлеңі–ақ оның үміті сөнуге айналған көңіліне кенет жігер берді, күш берді! Композитордың әрбір өлеңі, оның езілуге айналған жанын қайтадан тірілтті! Қайтадан Бірләнді санға қосты! І.Ес. ~ Саяқты санға қосқанмен мал бола ма! Отыр ғой біреуі міне! — деп Әбдіжапар қитығып иегімен Бекетті нұсқады. — Жеті жыл дәм-тұзымды татып еді, ақыры бүл да сіздің шпионыңыз болып шықты!.. Қ.Ысқ. ~ Сырымның қайтадан санға қосылып, Ханшайымның шын бақытты адам болуын тіледі, Бірлән өзінің осындай тілекке келуінен, кенет Сырымға деген махаббатының сөне бастағанын түсінді. І.Ес.

Posted in

САП — БЕРМЕ ЖАУАП

Бірден берілген жедел жауап. ~ Әкесінің бұл рахатын айтпай сезгендей, өзі де сусап тұрған Шоқанның аузынан сілекейі шұбыра қалды. Сондықтан Күлемістің: — Балам, саған ше? — деген сұрауына; — Әкеліңіз! — деген сап — берме, жауап қайырды. С.Мұқ.

Posted in

САНДА БАР

Есептеулі, орнында д.м. * Бұл да рас болмай шықты. Бәрі де көрсетілген. Өлгені өлген, тірісі тірідей санда бар. Не дейміз, жігітті біраз әурелеп, онда сүйреп, мұнда сүйреп, ақырында қойды. Енді біраз өткен соң комиссия тағы келді. Б.Сәу.

Posted in

САП АЛТЫН

Қоспасыз, мінсіз, тап-таза (алтын). ~ Аналық сонда толғайды: — Бір жылқыдан кем шаппас, Келінжан баққан бурыл ат. Денеге мылтық тигізбес, Үстіңе киген алаңқат, Қынаптары сары алтын, Ұстаған жері сап алтын, Балдағы алтын шар болат, Шырағымның шыбын жан — Бәріңе бірдей аманат! "Қобыланды б." `А.Байт.) ~ Не тілесең менде бар: Сансыз қызық көп нәсте. Хош иіске толтырар. Березе, гүлді маңайын: Бұлақтарым мерует, Сап алтыннан сарайым — — Жан- ата, орман патшасы Сөйлеседі менімен. Мерует, маржан, қуаныш, — Жаным, жаңылыс естисің — Береді алтын кенімен! — (Береген патша ол неткен?) А.Байт. * — Осы елдің өзі консерваторияда екенін білмейтін бе едің? Мұндай сап алтын елде жиі кездеседі. Ғ.Слан. ~ Мақал-мәтелдер сол себепті де сезімді селт еткізіп, ақыл-ойға сәуле шашады. Сап алтындай таза, қоспасыз асыл сөздер. Ө.Айт.

Posted in

САНДА БАР (ДА) САНАТТА ЖОҚ

Қатар жүргенмен, сенім артуға болмайтын, жұрт онымен пәлендей есептеспейтін абыройы төмен адам туралы. ~ Көпшілік сорлы ғой. Санда бар да санатта жоқ. Егесте сойыл соғар, еседе құм қабар. Атаусыз, жоқтаусыз кеткені ғой. Бүгін міне, аппақ сүйек боп қырылғалы отыр. М.Әу. * Құқың жоқ. Айырып қойған. Құқынан айырылған адам ендігі жерде санда бар, санатта жоқ. Н.Дәу. * Қаршадай қарағым Қарашаш та аудандағы мектеп-интернатқа алынды. Жаз айларында ғана төбе көрсетеді, қалған уақытта санда бар да санатта жоқ. М.Қаб. * Осыған оянған мен дереу өзімді- өзім осы арадағы санатта болмағанмен, санда бар сезініп, сол баяғы бұғып отырған күйімде белімді жазып, кеудемді көтеріп шыға келемін. З.Қаб. * Көк карточка. Әне, үстел үстінде жатыр шаң басып. Санда бармыз, санатта жоқпыз. М.Қаб.