~ Оның Боранбаев есімді қорқақты жазалағанын да жөн көрдік. Оның Бозжанов, Рахимов сияқты серіктерін де өзімізге үлгі тұттық. Ә.Нұрш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ҮЙСЕ КӨП, ҮЛЕССЕ АЗҒАНТАЙ
— Үйсе көп, үлессе азғантай дүние ғой. Үй басына шаққанда, төрт тоғызы бес қарадан келмейді. Таңсыққожа Әліқұл тұқымы жиырма шаңырақтан асқанын еске алып отыр. З.Шүк.
ҮЛДЕ МЕН БҮЛДЕ
* Ұлы — өз алдына үй, тракторшы, өзінікі өзіне жетеді. Қызы — мынау, кигені үлде мен бүлде. З.Шаш.
ҮЙТІП ЖЕ!
Қолыңнан келгеніңді қыл д.м. Ол итінді бұл ауыл көрмегелі алты ай болды ма, немене? Қайда тентіреп жүргенін білген кісі көргем жоқ. Ұстап ал да, үйтіп же! Арылғаным сол!- деді. М.Әу. Білгеніңді аяма! Қазақ қатындарының" күнтимесінен" талай рет дәм татқан "ызбырайымды" айызың қансаүйтіп же! А.Өтег.
ҮЛДЕ МЕН БҮЛДЕГЕ ОРАДЫ
Киер киім, ішер астан қақпады; ырысқа кенелтті, рахат өмір сыйлады. ~ Апыннан шүмек ойдырдым, Күмістен түбек қойдырттым… — деп Би Едіге — Ер Едіге айтқандай, кім баласын үлде мен бүлдеге орайын демейді? Ж.Айм.
ҮЙІРІН ТАПТЫ
Адасып барып, өз ортасына, өз жақындарына қайтып оралды. ~ Қалада енді бір ай кідіргенде, о шірік, қора шетіндегі қарақшының өзі боп келеді екен. Қайта, қалып қоймай, айналып– үйіріліп үйірін тапқанына шүкір. «Жарайды, жер басып тірі жүрсе болды»,— деп таң алдында зорға кірпігі айқасты. Ә.Кек. ~ Жақын қандастармен қаһарлы күндердегі тағдырластар¬дың тәуелсіздік мереке күні табысқанның жөні бөлек екен. Үйірін тапқан жылқыдай шұрқырасып, кісінесіп, мәре– сәре болды да қалды. Т.Рыс. ~ Тағы да сол құтты ауыл Сүмбедемін. Кеңпейіл нағашыларды қайта айналып тапқам, Өз – өзекке тепсе, кетпейді, жат – арқандаса тұрмайды. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. Б.Соқ.
ҮЙІРІНЕ ҚОСЫЛДЫ
Өз ортасына қайтты; дос-жарандары, жақын адамдарымен қауышты. * Ертесіне шал-шауқанға сәлем бере шыққан Досмағанбет бұлардың үйіне өзі бас сұқты. «Жаудан қайтқан жан олжа, қарағым, – деп өбектеді шешесі. – Үйіріңе аман қосылғаныңа шүкір ет». Н.Дәу.
ҮЙІРІНЕН АДАСҚАН ЖЫЛҚЫДАЙ
* Содан бері аттай зулап бес жыл өткен, бірақ ол бұл елге қайтіп ат ізін салмаған; қысастықпен емес, тіпті шаш-етек шаруадан қолы тимеген-ді. Енді міне, үйірінен адасқан жылқыдай қайтып оралды. О.Бөк. ~ "Бір қонам да қайтам" дейді. Соны айтқалы аузын ашып оқтала түскенде… бұған не көрінгенін қайдам, өзі де, тілі де дәрменінен айырылып тоқтап қалады. Оған да міне, бір ай. Соның себебін әлі білмейді. Қазір үйірінен адасқан құландай ақ қар, көк мұзда жападан жалғыз тұрып та соны ойлап тұр. Неге бүйтті? От басының бұзылуына осы себеп болмады ма? Ә.Нұрп.~ Алматыға келгелі жалғыздық көрмеген. Кеше ғана жерлестерімен кезігіп ауылында отырғандай шұрқырасып қалып еді. Енді міне үйірінен адасқан құландай құлазыңқы күй кешіп келеді. Япыр-ау, әкем өле-өлгенше «қазақ елі, қазақ жері» деп кетіп еді ғой. Сондағы аңсап келген жерім осы болғаны ма!? Ж.Шәк.
ҮЙІРІП ӘКЕТТІ
Әлдебір істі оп-оңай игеріп алды. Өзіне тартты, баулып алды.. … абыройлы қызмет еткен ол, бүгінде жаңа қызметінде де шаруаны үйіріп әкетті. БАҚ Ол өте ақкөңіл, ақылды бала екен. Адамды іш тартып тұратын жайдары жүзі, не десең де көне кететінжұмсақ мінезі бізді бірден үйіріп әкетті. С.Мұратб.
ҮЙІРЛІ ЖЫЛҚЫДАЙ ТОПТАНДЫ
~ Арнасы кең Ертіс өзенінің бойында шашыла жатқан қала үйлері ығы-жығы. Онан қашқан, мұнан қашқан өңкей жалаңдаған кезбелер үйірлі жылқыдай топтанып жүреміз. С.Жүн.
