Бүкіл халыққа тиесілі рухани байлық. * Тілендиев мұрасына деген адалдық балалардың орындаған күйінен, әнінен байқалады. Осындай ұлттық құндылықты қуаттайтын, сол үшін қызмет қылатын мұндай іс-шаралар өте керек. Н.Нүс. ~ Уақыт сынаптай асау мінез танытып, сырғып өтіп жатыр. Парақорлық пен жемқорлық асқынды. Дүниеқоңыздық пен ашкөздік жайлады. Көптеген ұлттық құндылықтар көз жаздырды. Жуан жіңішкерді, жіңішке үзілді. А.Ныс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ҰЛЫ БЕСІН
Күннің дәл төбеге келген тұсы. ~ Жаудың қолы тиді ғой Қапияда балаға. Ұлы бесін болғанда, Тақымында қос батыр — Көбікті тартты қалаға. .Байт. ("Қ.Қ.Қоб"). ~ Көш ұлы бесінде талықсып жетті де, арғы бетке өтіп қонуды қиынсынды. З.Шүк. ~ Ұлы бесінде клубтың алды адамға лық толды. Т.Әбд.
ҰЛЫ ДҮБІР
Үлкен, елді дүрліктірген жиын, той. ~ Бұл таңда жетектеуі құланы оның, Бір тойға шақырғанда Болат елін, Осы ұлы дүбірге құланы да Сынамақ қосып, көптен алған терін. С.Мұқ. * Қыз ұзату, келін түсіру тойларын ұлы дүбірге айналдыратын осы – қарапайым халық. Ж.Баб. * Осындай «ұлы дүбірге» куәгер мен болсам, — үкіметтің шөмішіне қараған көп зейнеткердің бірімін. Ғ.Қаб.
ҰЛЫ ДҮНИЕ
Теңдесі жоқ шығарма, өнер жәуһары. * Кенет қоңыр күй күмбірлеп басталды. Кассеталар ақырын айналып тұр — ағай қосқан екен. Өзі екі қолын айқастырып кеудесіне салып, баяу, нық сөйлейді. — Ұлы дүние қашан да сабырлы, салқын қанды… Орал ағаның туындылары тоқпақ жалды торы атты аяңдатып, қара күңгірт бейуақта сапар шеккен қаяу көңіл жолаушыға ұқсайды. М.Қаб. Кең дала, бүкіл әлем, зор кеңістік. ~ Ұлы орманның шеті жоқ. Биіктеген сайын аяғыңның асты бір уыс болып, биіктей берсең Алтай да биіктей беретін сияқты, ұлы орманның жиегі көз ұшынан қаша беретін сияқты. Ұлы дүниеде ноқаттай жоқ адам өзінің бейшаралығын сезінсе керек. Қ.Ысқ. ~ Сарыөзектің сахарасы ұлы ғой, бірақ адамның ақыл-ойы сол ұлы дүниені де өз санасына сыйғыза алады. Ш.Айт. Зор байлық. ~ Үйдегі бөгет болатын ұлы дүниеден басқа далада жүрген тірі қазына, аяқты малдың өзінің де қаншасы бұйырары, қаншасы қолында қалары белгісіз. Үйткені босқан елдің алдын көріп отыр. М.Әу.
ҰЛЫ ДҮСІР (ТОЙ, ЖАРЫС)
Елді дүрліктірген ерекше оқиға. * …Бір жұма өтті ме, жоқ па, ұлы дүсір той болды. Көкпар тартылды. Балуан жығысты. Мал төгілді. Ақша жиылды. Ж.Айм. ~ Жүргендерде сағынып қалғандай, мойнынан құшақтап аялайды, жіберерде бас-арқасын сипап, мамық алақанымен қабырғаға қағып қояды. Ұлы дүсір жарыс болмаса, анау-мынаумен жарбаңдасып шаппайды. «Қашаған қуып, қинап тастама!» деп, күркесіне келе бергіш Домбайға да тапсырып қойды. О да айтқанын қылып жүрді. Ж.Айм.
ҰЛЫ КЕРУЕН
Халық, ел үшін маңызы зор елеулі қозғалыс, бағыт-бағдар, көш. ~ Адам ата, Хауа ана бастаған тіршіліктің бір жетім ботасы — өзі босандық білдірсе, сол бір айшылық алыс жолға тең ұлы керуен үзіліп те кеткендей екен. М.Қаб. ~ Әуезовтен айрылып аңтарылған ұлы керуеннің бұйдасын іліп ап ілгері бастап кетер жаңа ұрпақтың жас перісін көріп қуанған. Т.Сәу. ~ Әр күймеде бір есік, бір-бір терезе. Түрлі ұлттың баласы бас қосқан ұлы керуенге ілескендей болды. Ү.Жәл.
ҰҚСАТА АЛМАДЫ
Әлдебір істің жөнін таппады, қиюын келтіре алмады. ~ Оңаша отырғаннан кейін менің не істеп, не тындыратынымды ешкім біліп жатқан жоқ. Сырт жұрт осы бірдеңе бітіріп отыр деп ойлайтын шығар. Ал ештеңені де ұқсата алмағаным өзіме аян. Ә.Нұрш.
ҰЛЫ КЕУДЕ
Өркөкірек, менмен, қиянатшыл. * Қартқожа не дерін білмеді. Жүрегі аузына тығылып, қысылып қалды. Төбелесуге әлі жетпейді. Болыстың жігітімен қалай төбелессін? Азуын шайнап қала берді. Күйінді, ызаланды. Бұл ауылдың итіне шейін зорлықшыл, ұлы кеуде екен деп ойлады. Ж.Айм. ~ Бір заманда «көкшолақ қасқырға» ат шабар болып жүретін, битті көз «жетімек» бұл күнде камунеске езіліп, кедейлерді жинап, елде партия басы болды. Сайлаушымен ауыз жаласып, жуандардың салған списігін өткізбей қойған соң, жуандар «ұлы кеуделігін» қылып «сайлау бермейміз» деп төбелес шығарды. Ж.Айм. Зор парасат иесі, ұлы тұлға, ~ Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан, зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті. М.Әу.
ҰЛАН-АСЫРЫН ШЫҒАРДЫ
Астан-кестеңін шығарды, быт-шыт қылды~ ـــ Онда мен ертең ауыл балаларын жинап алып ақсұйек ойнап ұлан-асырын шығарайын. Осы орайда кетсең болды ғой. Б.Жұм.
ҰЛЫ СЕЗІМ
Адамның ішкі болмысын күнделікті пендешілік деңгейден жоғары көтеретін, оның руханиэтикалық өзегін (ар-ұжданын, қасиетін) айқындайтын ең жоғары деңгейдегі эмоционалдықинтеллектуалдық күй..~ Ұлы сезімді ұсаққа айырбастау, ұлы адамдарға өзімізді теңеу надандық белгісі! Қасиет қадірін кетірмеу керек! — дейтін. Ғ.Мүс. ~ Әлдекімдер әңгіме қылып отырса тырқылдап күлетін. Неге?! «мектепті бітіретін жылы, сол махаббат атты ұлы сезіммен мүлдем қош айтыстым. О.Бөк. ~ Әйтпесе Қара Шал: "ғашықтық жолы бір басқа" деп неге айтты екен? Ғашық болу — пенде шіркінге екі қайтып келмейтін ұлы сезім еді. Оны да шалаптай шайқап бітірдік!.. Қ.Ысқ. ~ Ел шетіне жау тисе, тайлы-таяғы қалмай өре түрегеп атқа қонатын баяғы жау жүрек жұрт бұл жолы қыңқ деген жоқ. Отан, туған жер деген ұлы сезім ешкімнің жүрегін тебірентпеді. Т.Сәу.
