Posted in

ҰР КӨППЕ

Мақтаншақ, бқспе, кеудесіне нан піскен пасық. ~ Бұл шоғыр, тұтас, құйқалы қалың отырған жерлері! — деп, үй ішінде қымызға қызып алған ақсақал, қарасақалды, би-болыстарды, аңқылдақ, мақтаншақ ұркөппе байларды "қазақ не деген көп еді", "қайдан білген", "шіркін, білсең осылай біл!", "қазаққа ие болған, қамқор болған кісінің жиғаны ғой мынау!" — дегізеді. М.Әу. ~ Сілтідей Сарыарқаны тиған тұлпар, Бәйгені бұл аста да берем-дей ме? Иесі Батыраш бір кеппе кеуде, Ұр-көппе, томырық мінез, намыс берме; Осы аста сағы сынып, бағы тайса Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге. І.Жанс. ~ Бұрын Ырғызбай ішін кернеп жүретін қаукөрік сөздер, ұр-көппе желіктер де саябыр. М.Әу. ~ Әлгі, шолақ ойлы, жеңілтек аудармашылардың: «біз ұлт ақынын қолдан жасаймыз» дейтін ұр көппе сөзі де осыдан туады. М.Әу.

Posted in

ҰЛАН-АСЫРЫН ШЫҒАРДЫ

Астан-кестеңін шығарды, быт-шыт қылды~ ـــ Онда мен ертең ауыл балаларын жинап алып ақсұйек ойнап ұлан-асырын шығарайын. Осы орайда кетсең болды ғой. Б.Жұм.

Posted in

ҰЛЫ СЕЗІМ

Адамның ішкі болмысын күнделікті пендешілік деңгейден жоғары көтеретін, оның руханиэтикалық өзегін (ар-ұжданын, қасиетін) айқындайтын ең жоғары деңгейдегі эмоционалдықинтеллектуалдық күй..~ Ұлы сезімді ұсаққа айырбастау, ұлы адамдарға өзімізді теңеу надандық белгісі! Қасиет қадірін кетірмеу керек! — дейтін. Ғ.Мүс. ~ Әлдекімдер әңгіме қылып отырса тырқылдап күлетін. Неге?! «мектепті бітіретін жылы, сол махаббат атты ұлы сезіммен мүлдем қош айтыстым. О.Бөк. ~ Әйтпесе Қара Шал: "ғашықтық жолы бір басқа" деп неге айтты екен? Ғашық болу — пенде шіркінге екі қайтып келмейтін ұлы сезім еді. Оны да шалаптай шайқап бітірдік!.. Қ.Ысқ. ~ Ел шетіне жау тисе, тайлы-таяғы қалмай өре түрегеп атқа қонатын баяғы жау жүрек жұрт бұл жолы қыңқ деген жоқ. Отан, туған жер деген ұлы сезім ешкімнің жүрегін тебірентпеді. Т.Сәу.

Posted in

ҰЛАРДАЙ ШУЛАДЫ (ШУЛАТТЫ, ШУЛАСТЫ)

У-шу болды, жабыла жылады, азан-қазан болды. Қайран алақанда еріген мұздай, көз алдымда ұлардай шулап көшіп бара жатқан алтын уақыттарым-ай! О.Әубәк. Әуелі ұлардай шулап жылаған қалың бұқара, аяғында жаудан азат болып, ұланғайыр той жасап, қуаныштанесі шыққан ел… М.Қаб. Шегір көзіне жылу жүгіріп, «Қасқырдың бөлтірігін алмас бұрын арланы мен қан-шығын құрт. Әйтпесе, аяқ жетер жердегі малшылар-ды ұлардай шулатып бітеді…» дейтіндей. Р.Отар. мінез шығарып, я түнгі жүрісін көбейтетінді шығарды, я қит етсе "төркініме кетіп қаламын" деп етегіненұстаған сәбилерін ұлардай шулатып жатты. Д.Досж. Жауды жеңеміз! Біз жеңіске жетеміз!.. Жасанып келген дұшпанның тас-талқанын шығарып, жермен-жексенетеміз! – деп ұлардай шуласып, ұрандатып қоя берді. Д.Рам.

Posted in

ҰЛЫ СӘСКЕ

Тал түске таяу уақыт. ~ Смағұл ас-суға қарамай, қайтып кеткен. Ертеңіне ұлы сәскеде құда — құдағилар сау ете қалды. Т.Әл. ~ Таң ата совхоз кеңсесіне трактор сұрай кеткен Телжанның үлкен ағасы ұлы сәскеде бір-ақ қайтқан. Бос қайтқан. Д.Әш. ~ Түнімен ән мен күйді тамашалаған тойлы қауым ертеңіне ұлы сәскеде оянып, қызуды қайта жалғастырды. С.См.

Posted in

ҰЛҒА ТҰСАУ, ҚЫЗҒА БҰҒАУ БОЛДЫ

ЖАСТАРДЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ. ~ — Осы екеуін махаббат үшін өз елінің қатал үкімі, өз замандастарының қолымен, зорлықпен өлтірткен болатын. Жүз жылдан бұрын да, содан кейін де, дәл бүгінгі күнге шейін де ұлға тұсау, қызға бұғау болған ел заңы осы екеуін ат құйрығына байлатып, сүйретіп өлтірткен. М.Әу:

Posted in

ҰЛПА ҚАР

Мамықтай, үлпілдеген, жұп-жұмсақ қар. * Түнде жауған ұлпа қар күмістің ұнтағындай күнге шағылысады, аунаған сайын киімің ғана емес, көкірегің де тазара түскендей. Айнала тұнған пәктік. Т.Сәу. * Шинелімнің екі етегі делендеп, бұзау бас етігімнің екі тұмсығы ұлпа қарға үйректей сүңгіп, есіп келемін едірендеп. Ә.Нұрш.

Posted in

ҰЛТАН ҚЫЛДЫ

Аяққа басты, қорлады., құлдыққа салды. * Сұмдығы көпті сұңқар ғып, тұяғы барды тұлпар ғып, ұяты барды ұлтан ғып, марқасқаларды мылқау ғып барады заман. Жабықтым. Ф.Оң.

Posted in

ҰЛТАНЫ СӨГІЛМЕГЕН

Берекесі кетпеген, бірлігі, күш-қайраты мол. * Бұ да ана жылғы Асандардың көтерілісі сияқты бірдеме. Ол кездері дайраның әр жағын жайлайтын Асандар көп ру. Ұлтаны сөгілмеген ел. Б.Алд.