~ Әлгі ызалы сыбырмен: «Бос келме, әйтпесе үйге түнемейсің» деп тұрғандай ма?! Екеуін ыстық құшақ табыстырған. Ө.Кәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ЫРЫМҒА (ЫРЫМ) ЖОҚ (ТАБЫЛМАЙДЫ)
Ештеңе қалмады, түк жоқ, түп-түгел жойылды. * Көмірлі Қарағандыда егін арасындағы арамшөпше ескінің жұрнақтары кездесе берсе, бұл Қарағандыда ол ырымға жоқ. Ғ.Мұст. * Әттең, түбіт шәлі емес. Түбіт шәлі Алматыда ырымға да табылмайды екен. С.Смат. * Бірақ мәселе басқада еді: себетін тұқым жоқ, ал колхоздың қамбасында түйір дән ырымға табылмайды, енді қайдан аламын? Ш.Айт. ~ От жарығына үй ішіде тегіс көрінді. Төр алдында текемет, сырмақ, от киіз дегендерден ырым жоқ, тек төселген шөп көрінеді. І.Жанс,
ЫСТЫҚ МЕЙІРІМ
~ Олай болуы мүмкін емес. Е- мес! Ананың күсті алақаны кекіл сипауынан жаңылғанша, ананың еміренген әлдиі мен бесік жыры уілінен ажырағанша, ананың әжімді жүзіндегі ыстық мейірім бір тамшы жаста дірілдеуін тоқтатқанша, Жер жоғалмайды, Күн сөнбейді. Өмір үзілмейді. С.Смат. ~ Ал ағайынды екеуі әке-шешесінің жылы шуағына шомылып, ыстық мейірімен марқаятын. Ж.Шәк.
ЫРЫМҒА ЖАМАН
Жылағанын, жаман атаңның жанына батпайды дейсің бе? Ырымға да жаман-ау, тіпті!.. «Ырымға жаман»демекші, сол түні Бәйтекең ырымның неше түрін ойлаумен болды да, ұйықтай алмай шықты. Ғ.Слан. * — Тәбәрік болсын, бізге де бірдеме бер. — Мынауың ырымға жаман ғой. Б.Мом. – Әй, тоқта. Үйге алып кетеміңді қоя тұр. Қазір оған алаңдама, қу қара басым, құры қол қоқайып барғанырымға жаман. Н.Дәут.
ЫСТЫҚ ОТТАЙ ЖАЛЫНДЫ
Құштарлы, ыстық сезімді, қызу қанды. * Мәкеннің толықша келген, аса сүйкімді кішкене аузын Дәрмен ыстық оттай жалынды еріндерімен тауып сүйгенде, қыздың да қабыл ала сүйген ыстық еріндері жас жігітті балқыта толқытты. М.Әуез.
ЫРЫҢ-ЖЫРЫҢ БОЛДЫ
Дау-дамайы бітпеді. * Енді бірде шешіле сөйлеп, үй ішіне оң шырай беріп отырғанда, — Құдайға шүкір, тұғырдан түсіп отырған ешқайсымыз жоқ қой. Көмекшісін берсе әне, бермесе тағы әне… Тас түссе талайымнан, тіптен бермесе екен, "еһк" дер ме екем… Жылда біреумен ырың-жырың болғанша, өзіміз бен өзіміздің дөңгеленгеніміз көш артық, — деп табиғатында жоқ көнбіс мінез танытқан. А.Сейд.
ЫРЫСЫ ШАЙҚАЛДЫ
~ Басынғаны ғой, панасы жоқ жетім деп, малы жұтап ырысы шайқалды деп кемітіп, қомсынғаны да. Ж.Сәм. ~ Қазан төңкерісінен кейін өр үнмен басталған жазу ашаршылықта аузын ашып бір аңтарылып, қаймағы бұзылған, аң-таң қалыпта бері кібіртіктей жылжып, репрессияға маңдайын соға тоқтағанда ақтарыла төгіліп кетпесе де ырысы шайқалып, қазаны ортайған күйде Ұлы Отан соғысына келіп кіріпті. А.Нүс.
ЫСҚЫНЫ ЖАМАН
Түрі қорқынышты. * Апырмау, мынау кім болды екен? — Итім біліп пе? —Шіркіннің ысқыны қандай жаман. Ышпана шығар? Б.Алд.
ЫСҚЫРЫҒЫ ЖЕР ЖАРДЫ
~ … Сәйдәлі секілді біреудің түкірігі мәскеулік шонжарлардың бірінің бетіне шашырап кетсінші, онда «ысқырығы жер жарып тұрған» Сәйдәлінің екі аяғын бір етікке тықпайды, шатынан басып тұрып, екі аяғын бірдей ұршық түбінен суырып алады. Ғ.Біләл.
ЫРҒЫНҒА БАТТЫ (КЕНЕЛДІ)
Мол пайдаға, қыруар олжаға кез болды. * Ол орыс солдаттары ағаштарды жинатып алып, орман қорушыға білдіртпей ағаш алушыларға жасырын сатып ырғынға батып жүргенін есіне алды. Б.Жұм.
