Posted in

ШЕНІНЕ КЕЛТІРМЕДІ

Менсінбеді. ~ Оған мына аққу қыздар ешкімді шеніне келтірмес, тым тәкаппар, асқақ көрінді. Қ.Жұм. ~ Ешкімді шеніне келтірмейтін тәкаппар, маңғаз бейнесімен биік көрінеді. Кейде бір жарқ ете қалған аппақ білегімен, еркін, ерке қылығымен де қызықтырады. Ж.Сәм. ~ Бір– екі рет көргенім бар. Бірақ баяғы Николай Никоноровичтай қайдан болсын. Мынау бір немістің бароны дей ме… Пенснесі жалтылдап, шеніне келтірер емес тіпті. Қ.Жұм.

Posted in

ШЕКЕСІНЕ ШЕРТТІ

~ Жоқ, көшті емес, көшірді. «Бай малшының ұлы, табы жат, халық жауы» деп шетке қағып, шекесіне шертті. «Ит жеккені» болмаса да, итше қудалап қоныс таптырмады. Ж.Шәк. ~ Құмбелдегі теміржолшылардың балалары жатып оқитын мектеп-интернаттағы Сәбитжанға Едіге Қазанғап екеуі біресе пойызбен, біресе түйемен кезек-кезек барып, баланы біреу-міреу шекесінен шертіп қоймады ма екен, өзі бұзықтық жасап қоймады ма екен, оқуы қалай екен, мұғалімдері не айтар екен деп, жағдайын ұдайы біліп тұратын. Ш.Айт. ~ Сыртқа шыққаннан кейін де бұрқылдап біразға шейін ашуы басылмады: – Атаңның аузы… байы жоқ неме ме… қамшының астына алса ғой!.. – Ойбай, шапеке, қатын сабағаның не… сабамақ түгілі, шекесінен шертіп қалсаңыз, милиция шақыртып, қаматып тастайды! Т.Сәу.

Posted in

ШЕНІҢЕ ІЛЕСІП КӨРСІН

* – Бірақ оларына пысқырған кісі көрінбейді мұнда. "Айт, шырқа! Артықсығандар шеніңе ілесіп көрсін! Іркілме!" деп, күндіз де, түнде де айтқызады, қайта! – деп, Злиха сүйсініп, сықылықтап күліп жіберді. М.Әу.

Posted in

ШЕКЕСІНЕН ҚАРАДЫ

Менсінбей қарады, күпсінді, әлдеғандай болды. ~ Менің білуімше, мырза атанып, шекелерінен қарайтын Әбжат Байдалин, Бексұлтан Әленовтар ел бозбалаларының шәлдірік өлеңін жазады… С.Ом. ~ Орманшылыққа кіргелі Айтқали да ортан қол азаматтай тұрмысын түзеп алған. Не ішем, не кием демейді, жұрт секілді бұл да қазір шекірейіп шекесінен қарайды. Ә.Асқ.

Posted in

ШЕННЕН ШЫҚТЫ

Шектен шықты; намысқа тиді. * Қаңтарбай көп сөйлемейтін, қашан шеннен шығып кеткенше анау-мынауға қыза қоймайтын. Дәл осы жолы Бойковқа да, топ ағаларына да тиісе қояйын деген ойы жоқ еді. С.Омар. * Аралбайдың жаңағы сөзі Бойковтың онсыз да шеннен шығып, шеңбер атқан ашу-ызасын еселеп жіберді. Іші өртеніп барады. С.Омар.

Posted in

ШЕГІР КӨЗ

~ Су мұнарасынан су алуға келген тәмпіш мұрын қара бала «самбреро» астындағы шегір көзге тесіліп қарады. Қ.Жиен. ~ Жақыновтың жасы елуді орталаған. Бет-жүзі ысталған балық тәрізді сап сары, үлкен картоп мұрынды, шегір көзділеу адам. Мінезі бұйығы, жабық. Б.Соқ. ~ Неге екенін қайдам, осы шегір көз, ши борбай саған салған жерден ұнаған жоқ… Ә.Нұрп.

Posted in

ШЕКЕСІ ҚЫЗБАДЫ

Жағдайы оңалмады, жетісіп тұрғаны шамалы д.м. ~ «Қызым-ау, менің жағдайым онсыз да шекесі қызбай тұр ғой», – дей жаздап барып тілін тістей қойды. Ж.Шаш. ~ Міне, …өзінен мың еседей көп халықты ұзақ жылдар бойы шып– шырғасын шығармай билеп келеді. Бірақ қытайдай көп халықты басып алған елдің де, оған бағынышты болған елдің де шекесі қызбайтыны белгілі. Қ.Жұм.

Posted in

ШЕГІРТКЕНІҢ АЙҒЫРЫНДАЙ

Түр-тұлғасы қол тоқпақтай болса да сөзге орынсыз килігіп, қыдыңдап, шікіреңдей берген адамға қатысты айтылады. ~ Отағасы бұдан соң қарсы алдында шегірткенің айғырындай кеудесін көтеріп, тылтиып айбат көрсетіп тұрған бәкене жігіттің иегін алақанының сыртымен бір сипап өтті де – Өй, иттің күшігі-ай… — деп жекіріп қойды. О.Сәрс. ~ Жаңа «шегірткенің айғырындай неме не істей қояр дейсің» деп арқасын кеңге салып, әрі «жай қоқаң-лоққы шығар, салып алуға дәті бармас» деп, онша сескене қоймаған. Т.Сәу. ~ Ашумен айтқан шығар, жаздым- жаңылдым деп, тіл тигізгеніне кешірім сұрар деп еді: – Шегірткенің айғырындай шәңкілдемей кет әрі! Құлағымды сасытпа! – деді Көбей. Ә.Асқ.

Posted in

ШЕКЕСІ ҚЫЗДЫ

1. Жағдайы оңалды, ісі жүріп кетті. ~ Өздері қайбір ішін қара-қоңыр қойдың еті тесіп, шекесі қызып тұрған адамдар, әйтеуір «көмдік» деп көңілдерін жұбатып, ала арқанға тізіліп әрі қарай жылжыды. Б.Қыд. ~ Қанжардың сабын қолы қаттырақ қыса түсті. Еңсесін езген ойдан селт еткізген мына байғұсқа көп рақмет. Оның да қай шекесі қызып тұр дейсің. К.Қаз. ~ Бар білетіні — «Жартас» шекесі қызып тұрған шаруашылық емес. Қ.Жұм. ~ Етекті бүйтіп таптай берсек, колхоз малының да, жеке-меншік малыңның да шекесі қыза қоймас. К.Қаз. 2. Мәз болды, рахат күйге түсті, лепірді. ~ Ол тек шекесі қызып алған кісілер ешкімді тыңдамай, шектен шығып дуылдап бара жатқан кезде ғана шылдыратып қоңырау қағады. Ә.Нұрп. ~ Қасым болса «қай шекеміздің қызғандығынан осы тойды өткізіп жатырмыз, ақ сирақ болсақ та, атой сала береміз бе, тегі» дегендей. К.Қаз. ~ Ал, анда-санда қылаң беретіндер шекесінің қызғанынан емес, әлдебір қыжалаттан, нақтысында тағдырдың қыспағымен жанын жалдағандар тәрізді. Ә.Ыб.

Posted in

ШЕЙІТ КЕТТІ

Құрбан болды. * Олардың ізінше қайнаған шаң да қара түтінге араласып, шейіт кеткендердің қаралы туындай арғы әлемді көзден жасырады. Ш.Айт. * … алыс Арабстаннан келген сазды да салтанатты дұға сөздерін, бұл жолы ғазауат соғыста шейіт кеткен Сатарқұлға, Анатайдың әкесіне бағышталған туу менен өлудің алмағайып арасы — өмірдің фәнилігі жайлы жүрекке жақын, құлаққа тосын сөздерді үн-түнсіз тыңдап қалды. Ш.Айт.