* – Бірақ оларына пысқырған кісі көрінбейді мұнда. "Айт, шырқа! Артықсығандар шеніңе ілесіп көрсін! Іркілме!" деп, күндіз де, түнде де айтқызады, қайта! – деп, Злиха сүйсініп, сықылықтап күліп жіберді. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЕКЕСІНЕН ҚАРАДЫ
Менсінбей қарады, күпсінді, әлдеғандай болды. ~ Менің білуімше, мырза атанып, шекелерінен қарайтын Әбжат Байдалин, Бексұлтан Әленовтар ел бозбалаларының шәлдірік өлеңін жазады… С.Ом. ~ Орманшылыққа кіргелі Айтқали да ортан қол азаматтай тұрмысын түзеп алған. Не ішем, не кием демейді, жұрт секілді бұл да қазір шекірейіп шекесінен қарайды. Ә.Асқ.
ШЕННЕН ШЫҚТЫ
Шектен шықты; намысқа тиді. * Қаңтарбай көп сөйлемейтін, қашан шеннен шығып кеткенше анау-мынауға қыза қоймайтын. Дәл осы жолы Бойковқа да, топ ағаларына да тиісе қояйын деген ойы жоқ еді. С.Омар. * Аралбайдың жаңағы сөзі Бойковтың онсыз да шеннен шығып, шеңбер атқан ашу-ызасын еселеп жіберді. Іші өртеніп барады. С.Омар.
ШЕКЕСІНЕН ШЕРТІП ЖҮРІП
Асықпай іздеп, өз қалағанын таңдап алу туралы. ~ Онда көрейік. Үйді шекесінен шертіп жүріп таңдайық. Жақын жерден. Ауыл үйдің арасы жақын болу керек. Қ.Түм. ~ «Бізге кел, бізге кел!» деп тәтті тоқаштың шетін шығарып қызықтырған көп мекеменің шекесінен шертіп жүріп, Алматыдағы әйдік өндіріс тресіне экономист болып орналастым. Т.Сәу. ~ М ы р з а б е к. Біз әлі сүр бойдақ. А қ а н. Біздің колхозда қандай тамаша қыздар бар. Шекесінен шертіп жүріп үйленесің. Қ.Мұхамед. ~ Ажырасса, қартайып тұрған жоқ, қырық бес жас деген не жігіт адамға? Мамырбектің әлі шекесінен шертіп жүріп қыз алуға шамасы бар. Шіркін, қандай қыздың бақыты жанып, маңдайы жарқырап тұр екен деші. Қ.Жұм.
ШЕҢБЕРІНЕН ШЫҚТЫ
~ Бадырақ тапқанды үйде Жеңсік келістіріп отырды. Ол кей-кейде қарадомалақ ұлын емірене сүйіп қояды. Өзі тағы екіқабат, шеңберінен шығып отыр. І.Жанс.
ШЕКІЛДЕУІКШЕ ШАҒАДЫ
* Алты жасты жаңа толтырса да әліппе, арифметикаңызды шекілдеуікше шағады. М.Қаб. * Есеп-қисапты шекілдеуікше шақпаса, жаздым-жаңылдым содан басталады. «Бас кетуді» пайымдай қоймаса да, сақ, ұқыпты болуды мықтап тоқып алды. М.Қаб. Щелкать как семечки
ШЕҢГЕЛІН БАТЫРДЫ
~ Экономикалық жағынан тәуелді етіп, Қазақстанға қайтадан қанды шеңгелін батыруды ойлаған олардың жоспарын іске асырмау үшін Нұрсұлтан шұғыл шара колданды. С.Дос. ~ Нүркен, ـــ деді Шөке өзін тежей, ـــ Мен сенен неге қашамын, мына тағдыр мені аямады. Қанды шеңгелін батырып, енді міне кем салиқа етіп тыныш тапты. Б.Жұм.
ШЕККІ КӨРМЕДІ
Қарсы болмады. ~ Рақия! Қайғыңа мен де ортақпын. Егер шеккі қөрмесең, қасыңа еріп барайын,– деді. Қабыш тағы да ұмтылып барып, Рақияның қолын ұстай беріп еді, ол міз бақпай сілкіп жіберді. Марш.Әбд. ~ Әділ, сірә, арақты шеккі көрмейтін. Бүгін де бір шөлмекті ала шығып еді. Ш. Мұр. ~ Іші пысып жүрген Соппек Ембергенге ерді. Желеуінің түрі: – Құмнан қанжығамызға қоянды саудыратып қайтамыз! Бұлардың келгенін Ноғайқұл шеккі көрмеді. Бірақ Күржіктің келгеніне қынжылды. Т.Әл.
ШЕКСІЗ ЫҚЫЛАС
* Шыбын жаным шырқырап келісім бермей жүргенім қарадай жынына тиеді, саған деген шексіз ықыласымды іштей сезеді. Д.Дос.
ШЕКТЕН ШЫҚҚАН
~ Бибіжамал жеңгем, өзінің шектен шыққан ластығына қарамастан, Тұрдыбектен сондай жиренгіш. Б.Соқ. ~ Өте қаталдық жасауға да болмайды. Әйтеуір, көңіл білдіріп жатыр ғой. Тек шектен шыққан қанағатсыздарға ғана қатты тұяқ сілтенеді. Павел қысқа үзеңгіге аяғын салып, сары биенің үстінде отыр. М.Кәр.
